СЕНІМГЕРЛІКТЕГІ   СЕЛКЕУЛІК

655 көрілім

немесе Түркістандағы  10 мектептің  тағдыры  қалай болмақ?

Түркістан қаласындағы 10 мектеп сенімгерлік басқаруға беріледі деген сыбыс шықты. Тіпті әлеуметтік желі арқылы Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 02 қарашадағы №4-11-840 тапсырмасына сәйкес негізделген Түркістан, Кентау қалалық адами әлеуетті дамыту бөлім басшыларына жолданған ресми хат үлгісі әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Хатты Түркістан облысының адами әлеуметті дамыту басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықова жолдаған. Ондағы мазмұнға сүйенер болсақ, 10 мектепті сенімгерлік басқаруға беру пилоттық жобасын іске қосу жоспарланып отырғаны жазылған.

Хаттың толық мазмұны:

«Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 2022 жылғы 02 қарашадағы №4-11-840 тапсырмасына сәйкес білім беру мекемелеріндегі білім сапасын арттыру мақсатында сол мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту және педагог кадрлардың сапалық құрамын көтеру мақсатында облыстағы бірқатар білім мекемелерін сенімгерлік басқаруға беру пилоттық жобасы жоспарланып отырғанын хабарлайды.

Осыған орай, пилоттық жобаның іске асырылуына қажетті мектептердің материалдық-техникалық базасымен танысу, жобалау жасау үшін жоба өкілдерінің (Ахметжанов Улар Сырымбетович, Сим Лев Владимирович) мектептерде жұмыс жасауына ықпал етуді сұраймын.

Мектептер тізімі қоса тіркеледі»

Пилоттық жобада қала ішіндегі  №23, №31, №1, №8, №9, №15, №17, №18, №27 және М.Абенова атындағы орта мектеп тізімдері көрсетілген. Саралап қарайтын болса, жоғарыда көрсетілген мектептер қала ішіндегі бала саны көп, ең үлкен білім ошақтары болып табылады. Сенімгерлік басқаруға мемлекеттік мектептер беріледі деген хабарды естіген мұғалімдерден де маза қашқан. Себебі қала ішіндегі №1 Ахмет Байтұрсынов мектеп ұжымы редакцияға хабарласып, мектепті сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімге түбегейлі қарсы екендерін жеткізді. Мысалы 30 жылдан бері ағарту саласында еңбек етіп келе жатқан Зина Нышанбекқызы осы хабарлама шыққан күннен бастап Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқарма басшысына әлеуметтік желі арқылы сауал жолдаған көрінеді. Алайда басқарма басшысының берген жауабы мектеп мұғалімінің күмәнін одан сайын арттырған.

«Бұл істе бір шикілік бар»

Қала ішіндегі біршама мектеп сенімгерлік басқаруға өтеді деген күннен бастап мазамыз қашты. Себебі әлеуметтік желіде тараған ресми хатта біздің жап-жаңа қолданысқа берілген мектебіміз де бар. Бұл жерде бізге күмәнді жәйттар өте көп. Тиісінше жауапта сала мамандарына қоятын сұрақтарымыз да бар. Алайда басқарма бізге жауап бергісі келмейтін секілді. Мен осы хабарламаны көре сала Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқарма басшысы Дінислам Болатханұлының әлеуметтік желідегі жекесіне жазып, рас не өтірік екенін нақтылауын сұрадым. Ал басқарма басшысы мардымды жауап берген жоқ. Барлығы ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында, мектеп игілігі үшін жоспарланып отырған жұмыс екенін жеткізді. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру дегенді қалай түсінсек болады? Жыл сайын онсыз да арнайы курстар мен біліктілікті арттыру тестерінен өтіп жатырмыз. Оның үстіне, өздеріңіз білесіздер №1 Ахмет Байтұрсынов мектебінің ғимараты 2019 жылы ғана қолданысқа берілді. Демек мектептің техникалық базасы жақсы, әлі ескірмеген. Ал ресми хатта «білім беру мекемелеріндегі білім сапасын арттыру мақсатында сол мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту» деген сөз бар. Сонда жаңа мектепті қай жеріне жөндеу жүргізіп, техникалық базасын нығайтпақшы? Бұл сенімгерлік басқарудың негізгі шарттарына да сәйкес келмейді. Осыдан  кейін бұл істе бір шикілік бар болуы керек деген ойдамыз. Олай емес дейтін болса,  қандай негізге сүйене отырып сенімгерлік жобаға ұсынғалы отыр?

«Пилоттық жобаның іске асуына қарсымыз»

Біз бұлай шу шығармайтын да едік. Бірақ басқарманың немқұрайлылығы жанымызға батты. Олар осы жобаны іске асыру барысында неге мектеп ұжымына алдын ала ескертіп, бір ауыз ашық диалогқа келмейді? Біз ұстаз ретінде басқа қандай мекемеден барып көмек сұраймыз? Мектеп ұжымы болып бұл пилоттық жобаның іске асуына қарсымыз. Жалғыз біздің мектеп қана емес, қала ішіндегі тізімге енген өзге де білім ошақтарынан бас сұғып көріңіздер. Ол жақтағы әріптестеріміз де дәл осы ойда. Себебі біз хабарласып, мән-жайды біліп отырмыз. Егер біздің осы қозғалысымыздан түк шықпаса республикалық деңгейге шығуымызға тура келеді. Себебі біздің үнімізді тыңдап, бізбен санасып жатқан ешкім жоқ. Сенімгерлік басқаруға беру деген біз үшін бұлыңғыр дүние. Неге? Себебі біз қала ішіндегі ең ірі әлеуметтік үйлердің жанында орналасқанбыз. Мұнда осал топтағы баласы бар ата-аналар да жұмыс істейді. Барлығының күн көріп, нәпақасын тауып отырған жұмыс орны. Ертеңгі күні сенімгерлік басқаруға алған команда өз жүйесімен келіп, ұстаздарды жұмыстан шығарып жіберсе қайтпексіз? Ал басқарма, мектеп мұғалімдерінің жұмыстан шықпайтынына, кадрлық ауыс-түйіс болмайтынына кепілдік береді ме? Жасыратыны жоқ екінші уайымымыз осы. Себебі сенімгерлік басқару туралы хабарлама шығысымен жан-жақтан сұрастырдық. Кей жерлерде зейнетке шығуына 3 жыл қалған ұстаздарды жұмыстан шығарып жіберген. Ал енді бұл қауіп біздің басымызға келмесіне кім кепілдік береді?

«Бізде де таңдау бар»

Қысқасы біздің құзырлы органдарға қоятын сауалдарымыз өте көп. Бірақ тұшымды жауап беретін адам жоқ. Қалалық білім бөлімі жауап беруден жалтарып отыр. Шу шықса үндемей қалып, бұға беруден шаршадық. Өз құқығымызды өзіміз қорғамасақ бізді тыңдайтын ешкім жоқ. Басқарма тарапынан жолданған ресми хат та тектен текке тарап кетпеді деп ойлаймыз. Байқап қарасаңыз арнайы жоспарлы түрде жолданған ресми хат. Демек мектеп тізімін шығарарда бізбен ақылдаспады. Неге? Біздің де өз айтарымыз бар, бізде де таңдау бар. Әрбір Қазақстан азаматы пікір айтуға, ойын білдіруге құқылы шығар. Олай болса, неге біздің таңдау құқығымызды шектейді? Бұл заңға қайшы әрекет емес пе?

«Басқармаға қояр талабымыз!»

Басқармаға қояр талабымыз:

  • біріншіден, біздің мектеп қандай негізге сүйене отырып сенімгерлік басқаруға берілгелі отыр?
  • Екіншіден, мектеп сенімгерлік басқаруға берілгеннің өзінде кадрлық өзгерістер болмайтынына кепілдік бере ме?
  • Үшіншіден, бізбен ашық диалогқа түссін, тыңдасын, бізбен санассын.

Осы үш талабымызға ресми, қағаз жүзінде растап жауап берсін. Осы аталған талап-тілектің барлығына мектеп ұжымы келісіп отыр. Тіпті мектеп директоры да қолдайды, – дейді мектеп ұжымы.

Бұл Түркістан қаласындағы №1 Ахмет Байтұрсынов атындағы мектеп ұстаздарының жанайқайы. Ал бұл даулы мәселеде Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы тек қағаз жүзінде ғана жауап беретіндіктерін айтып, сұхбат беруден бас тартты. Алайда Адами әлеуетті дамыту басқармасының кәмелетке толмағандарды әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбекова мектептегі іс-шарада жауап алуға мүмкіндік туды. Оның айтуынша бұл жоба әлі іске асырылмаған. Жоба қолданысқа енгеннің өзінде басқарма тарапынан зерделеу жұмыстары жүретіндігін айтады.   

«Жоба әлі заңды түрде күшіне енген жоқ»

«Әлбетте, бұл менің салама қатысы жоқ сұрақ. Дегенмен,  жауап беріп көрейін. Аталған жоба әлі заңды түрде күшіне енген жоқ. Алайда мектеп сенімгерлік басқаруға берілген күннің өзінде арнайы шарттық негіздері болады. Ал ол негіздер мектеп директорларына ескертіліп, арнайы келісіммен жүзеге асады деген ойдамын. Себебі осынша мұғалімді шырылдатып қойған басқармаға да  тиімсіз. Ал әлеуметтік желіде тарап кеткен ресми хатқа байланысты ештеңе айта алмаймын. Оны Ардақ Садықованың өзінен сұрайсыздар».

Түйін

Сонымен, Түркістан қаласындағы 10 мектептің тағдыры әлі шешілген жоқ. Себебі жауапты сала мамандары нақыт шешім айта алмай отыр. Тіпті сенімгерлік басқару туралы ресми хат жолдаған Ардақ Садықова ұялы телефонын көтермеді. Ал ұлағатты ұстаздар даулы мәселеде әділдік іздейді. Мектеп сенімгерлік басқаруға өтіп кетсе, жаппай наразылыққа шығатындарын жасырмайды. Дегенмен облыстағы адами әлеуетті дамыту басқармасы бұл мәселеге ресми жауап беріп, нүктесін қояды деген үміттенеміз.

Ғалия  БИСЕЙІТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы