«ЖАҢА ЖОБАНЫ ТҮРКІСТАНДЫ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТУҒА БАҒЫТТАДЫҚ»

377 көрілім

Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасымен Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан екі ауылдық округте ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары басталды. Бұл жобаларға неге осы екі ауыл ғана таңдалып отыр? Олардың басқа ауылдардан қандай артықшылықтары бар?,-деген сұрақты Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаевқа қойған едік.

-Сәке, бұл әрине республикалық деңгейдегі жаңадан басталып жатқан қанатқақты жобалар болғандықтан оған қатысушылардың арасында үлкен іріктеудің болғандығы жасырын емес қой. Неге, Оранғай мен Қарашық қана таңдалып отыр және оларға қандай жеңілдіктер жасалатын түрі бар?

Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев:

-Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға Республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қаралған. Қанатқақты жоба болғандықтан әр ауданнан екі ауылдық округ тұрғындарын негізгі алты бағыт бойынша қаржыландыру көзделіп отыр. Соған біздің Сауран ауданымыздан екі ауылдық округтің мүмкіндігі жоғары болғандықтан таңдалып отыр. Ол Оранғай мен Қарашық ауылдық округтері. Себебі, екеуі де Түркістан қаласының іргесінде орналасқан. Жері шұрайлы, халқы бейнеткеш ауылдар. Мұнда атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту көзделеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау жүзеге асырылады. Тұрғындардың өз кәсібін ашуына қолайлы жағдай жасау – басты мәселе болып табылады.

Бұл негізінен басқа ауылдарды алалау емес. Облыс әкімдігі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай мен Қарашық болғандықтан соларға басымдық беріліп отырғаны рас.

– Қанатқақты жоба аясында қаржыландырудың негізгі талаптары басқа өңірлерге сәйкес келмей тұр ма? Оған қойылатын талаптар шынымен өте жоғары ма?

-Қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі, несиені кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

– Бұл енді жеке шаруашылықтар емес, ауылдағы үлкен кооперативке жағдай жасау деген мағынаға келіп тұрған жоқ па? Бұл баяғы коллективтендіруге әкеліп соқпай ма?

-Әрине, дұрыс айтасыз. Біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы – кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін (8000 АЕК), жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін – 8 625 000 теңгеге дейін (8000 АЕК). Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.

Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады. Сыйақыны өтеу де шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.

-Неліктен осы Қарашық пен Оранғайдың таңдалып отырғандығын дәйектеп айтып өтсеңіз?

– «Ауыл аманаты» қанақтақты жобасына қатысушы ретінде аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорыны мен жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар. Сонымен қатар әрбір үйдің ауласында негізінен көкөніс өсіріледі.

Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасақтау жалғасуда. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге екі ауылдық округте 165 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1060,8 млн.теңге.

Қарашық ауылдық округі бойынша 1725 аулада 11 215 тұрғын бар. Несие алуға ниет білдірген 96 отбасы, оның ішінде 12 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 564 млн.теңге. Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы – 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс жасамауда. Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

– Ал, Оранғайда ше?

– Оранғай ауылдық округі бойынша 1427 аулада 8739 тұрғын бар. Жетпіске жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 496,8 млн.теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны – 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына – 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.

Бүгінгі күнге – жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл дегеніңіз киелі қала іргесіндегі азық-түлік түрлерін өңдеудің жаңаша бағыт алып, өрісін кеңейтіп келе жатқандығын көрсетеді. Себебі, Қарашық пен Оранғай екеуі де Түркістан қаласына жапсарлас орналасқан ауылдар. Таяу болашақта бұл екі ауылдың да Түркістан қаласының құрамына кіріп кету мүмкіндігі бар. Сондықтан олардағы азық-түлік өнімдерін өңдеу мен ұқсата пайдаланудың жаңа нұсқалары біз үшін аса қажет. Себебі, киелі шаһардағы халық саны күн санап көбейіп келе жатқандықтан мұндағы тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы азық-түлік өнімдері мен көкөністерді дер кезінде жеткізу уақыт талабы болып табылады. Сондықтан алдымен осы екі ірі шаруашылықтағы үлгі-тәжірибе ретіндегі қанатқақты жобамыз сәтті жүзеге асырылса, басқа да елді мекендерге таратуды жоспарлап отырмыз.

-Сәке, бастаған істеріңіздің берекесін берсін! Ризығын бірге көруге жазсын!

Сұхбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы