«Бір күндік өлең жазбауым керек, өзіммен бірге өлетін. Жалын боп жанып маздауым керек, өмір жоқ қайта келетін», – деп жырлаған ақын Алтыншаш Жақиянова Түркістанда шығармашылық кешін өткізді. Қаламгердің туған жеріне деген құрметі есебінде өткен салтанатты шараны Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, ақын-ғалым Досбол Ислам ашып, жүргізіп отырды. Кеш барысында ақынның сиясы кеппеген өлең жолдары оқылып, «Сезімнің гүлі» жыр жинағының тұсауы кесілді. Отты жырлары оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болған, поэзия әлемінде өзіндік орны бар тұлғаны қала әкімінің орынбасары Мұрат Базарқұлов арнайы келіп құттықтап, шаһар басшысының атынан алғыс хат табыстады. Ақынның 60 жас мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған жиынға қалалық ішкі саясат бөлімі ұйытқы болды.


ҚР Журналистер мен Жазушылар одағының мүшесі Алтыншаш Жұманқызы 1959 жылы 30 қаңтарда Түркістан ауданына қарасты Майдантал елді мекенінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-нің журналистика, ҚМҚ ПИ-ның тарих-филология факультетінде білім алған. Төртінші билік өкілі ретінде қызмет жасап, сонан соң ұлы мамандық ұстаздыққа көшіп, шәкірт тәрбиелеген. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелердің қызығына қанып отырған әже. Қазіргі таңда ақынның 20-ға жуық кітабы жарық көріп, 30-дан аса өлеңдеріне әндер жазылып, тыңдармандардың жүрегінен орын алған. Кеш барысында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттері ақынның өлеңдерін жатқа оқып мерейін үстем етсе, ерекше иірімдермен өрілген жырлар әдемі әнге арқау болып кештің ажарын аша түсті.


Майдантал – бұл ауылды түркістандықтар бес саусағындай білсе де, «Майдантал» атауының қалай пайда болғандығын біле бермес. Бұл жайлы кеш барысында сөз алған ақынның ұстазы Әбілқасым Шегебаев тілге тиек етті. – «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демей ме дана халқымыз. Алтыншаштың атасы Сәтберген қария еңбектің адамы болған. Қаратаудың етегінде арық қазып, қия бетке су шығарған. Бейнетпен егілген сол шақтағы майда талдары бүгінде тамаша баққа айналған. Міне, халық арасында «Сәтбергеннің бағы» аталған жеміс ағаштарының арқасында «Майдантал» аты берілген, – дейді ол.

Сөз соңында оқырманға туған жерге деген сағынышын өлеңі арқылы жеткізген жанның жыр жолдарымен аяқтап отырмыз.
Шабыт болып ақ нөсерің жауар-ақ,
Суың, ауаң көкірегіме науа дақ.
Атам еккен майда талдар бүгінде,
Жеміс берген ұрпағына мәуе бақ.
Жүгіреміз қазір қайда пайда бар,
Атамыздай қасиетті қайда нар.
«Майдантал» деп ауыл атын шығарған,
Сол баяғы атам еккен майда тал.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
“Түркістан”.
