ТІЛ САЯСАТЫНЫҢ ҮШ ЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАСАЛДЫ

354 көрілім

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы тек қана театр, музей, кітапхана ісімен ғана емес, тіл, ономастика мәселелерімен де терең айналысады. Елімізде тіл саясатын іске асыратын үш жылдық мемлекеттік бағдарлама негізінде облыста көптеген шаруалар атқарылды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, бұл бағдарламаның негізгі үш бағыты бар. Сол бағытта 28 шара ұйымдастырылды. Мұнда әрине латын әліпбиіне басымдық берілген.

«Латын әліпбиі – өркениет жолы», жаңа латын әліпбиінің ерекшеліктері мен өзгерістері, «Латын әліпбиі – ұлт болашағы», «Латын әліпбиінде оқып, жазып, үйренейік!», «Оқу – білім бұлағы», «Қазақ жазуын жаңғырту», «Ұлтымыздың ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.

– «Әрине, халық арасында латын негізді әліпбиді кеңінен насихаттау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Екіншіден, осы жылы қазақ тілін жетік меңгерген тұрғындардың үлесін 94,5%-ға дейін көтеру жоспарланды. Бүгінде Түркістан өңіріндегі өзге ұлт өкілдерінің 73,8%-ы мемлекеттік тілді жақсы меңгерген дей аламыз. Ал, тілдерді оқыту орталықтарында 3087 адам мемлекеттік тілді оқып үйренуде және оның 552 адамы өзге этнос өкілдері. Көктемде инстаграм, фейсбук әлеуметтік желісі арқылы қазақша жақсы сөйлей алатындар арасында челлендж өткізгенбіз»,-дейді Ә. Қойлыбаев.

Бұл жарысқа облыстан 150-дей өзге ұлт этносы қатысты. Сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында өзге ұлт жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» байқауы өтті.

Үшінші бағыт: Қазақстан азаматтарының тілдік қорын дамыту. Жалпы, Түркістан облысында 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Орталықтарда 14 әдіскер, 31 қазақ тілі, 17 орыс тілі, 24 ағылшын тілі мамандары жұмыс істейді.

Қазір облыста не көп тіл үйрету орталықтары көптеп саналады. Оның бәрі мемлекеттік тілді үйренуге, халықты сауаттандыруға септігін тигізіп жатыр. Негізінен Түркістан облысы тұрғындарының жартысынан көбі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді.

Ал, жалпы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 94,4%-ды, орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 63,9%-ды, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 15,6%-ды құрайды.

Облыс бойынша үш тілді мемлекеттік, орыс және ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 11,6%-ға жетті. Аталған тіл оқыту орталықтарында 6159 адам тіл үйренуде, қазақ тілін 3087, орыс тілін 1053, ағылшын тілін 2019 тыңдаушы бар.

Бұған дейін облыста тілдерді дамыту бағытында жүзге жуық іс-шаралар өткізілді.

-Құжат айналымы бойынша әкімдіктерде, басқармаларда іс-қағаздар 99% мемлекеттік тілде әзірленеді. Тағы бір айта кететін жайт, біздің басқарманың тапсырысымен қазақ-ағылшын тілінде тілашар мен сөздіктер, тілді оңай оқып үйренетін әдістемелер жасалып шығарылды. Мұнымен шектеліп қалмастан басқарма өз кезегінде тағы да жаңадан сөздіктер, әдістемелік жинақтар басып шығаруды жоспарлап отыр»,-дейді Басқарма басшысы.

Түркістан облыс орталығы болып қана қоймай, өңірде жер-су аттарын жергілікті атаулармен алмастыру жүзеге асырылуда. Мәселен, 2021 жылы желтоқсан айында өткен ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған 20 нысан бойынша тиісті құжаттар жинақталып, ҚР үкіметі жанындағы РОК-қа ұсыну жұмыстары жүргізілді.

Осы жылдың 21 сәуірінде ономастика комиссиясының отырысы өтіп, нәтижесінде төрт елді мекеннің атауы өзгертілді, 15 нысан мен екі көшеге атау берілді. Нақтырақ айтсақ, Сауран ауданының Бабайқорған елдімекенінде 16-шы көше атауын Айнакөл деп өзгертуге, Шардара қаласындағы атаусыз көшеге Әштар Жолдасовтың атын беруге ұсыныс берілді.

Тіл саясатын жүзеге асыру тез арада бола қалатын нәрсе емес. Ол көптеген жылдар бойы жасалатын әрі тұрақты түрде айналысуды тоқтаусыз қажет ететін табиғи құбылыс. Латын әліпбиіне көшу де уақыт талабы болғанымен оның жан-жақты зерделеп барып, өндіріске енгізу керектігі байқалады.

Дінмұхаммед ҚҰДАЙБЕРГЕН    

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы