«Түркістан-су» МКК директоры Бауыржан Ділдәбеков: “ТҮРКІСТАН САПАЛЫ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛУДА”

503 көрілім

Қазақстанның барлық өңірінде қыс қаһарына енді. Солтүстік өңірлерінде тіпті оқушыларды қашықтан оқытудың шешімі қабылданды. Еліміздің көптеген өңірлеріндегі жылу қазандықтары мен коммуналдық қызмет саласындағы құрал жабдықтарының әбден тозғандығы айтылуда. Осыған орай Түркістан қаласындағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту барысын білу мақсатында «Түркістан-су» МКК директоры Бауыржан Ділдәбековті әңгімеге тарттық.

– Бауыржан Серікұлы, Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызмет саласында қандай оқиғалар болып жатқанынан хабардарсыз. Еліміздің басым бөлігіндегі жылу жүйелерінің тозығы жеткендігі байқалуда. Шындығында, «ауруын жасырған өледі» дегендей киелі шаһарымызды сапалы сумен қамту жайындағы өзекті мәселелерді жасырмай айтсаңыз.

– Бүгінгі таңда Түркістан қаласының алты секторы бойынша 38220 абонент болса, 37655 абоненті сапалы ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда Түркістан қаласы жүз пайыз сапалы сумен қамтылып отыр деуге болады. Қаламыздың тұрғындарына түгелдей ауыз су жеткізіліп отыр. Қазір Түркістан қаласына таза ауыз су Кентауға қарасты Шобанақ елді мекені қасындағы қоймаға су жиналып, сегіз жүз миллиметрлік екі құбырмен қалаға жеткізіледі. Мұнда 32 мың текше метрлік су жиналып, су сорғылары арқылы қала тұрғындарына тәулік бойы тоқтаусыз беріліп жатыр.

Жалпы қала ішіндегі су құбырлары бір мың жеті жүз сегіз мың метрді құрайды. Оның ішінде 142 шақырымының жүз пайыз тозығы жетіп, қазіргі таңда қалалық бюджет есебінен ескі құбырларының барлығы жаңа ауа райына бейім, коррозияға ұшырамайтын төзімді заманауи материалдармен алмастырылуда. Бұл жұмыстардың барлығы да биылғы жылы жалғасады. 2023 жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отырмыз.

– Соңғы кездері қала тұрғындары кәріз жүйесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарының немқұрайлы атқарылуы мен құдықшалардың қақпағының ұрлануы жөнінде редакциямызға жиі шағымданады. Әсіресе, балалар көп жүретін тұстардағы қақпақшалардың ұрлануы аса қауіпті. Осы мақсатта қандай жұмыстар жасап жатырсыздар?

– Қазіргі кезде қала көлемінде он мың тоғыз жүз алпыстан астам кәріз жүйесінің құдықшалары бар. Оның ішінде 9360-ы таза қалаішілік құдықшалары сапалы ауыз су жүйесіне тиесілі. 1330 кәріз жүйелеріне тиесілі.

Тұрғындардан сапалы ауыз су мен кәріз жүйесіне қатысты келіп түскен тапсырыстар мен арыз-шағымдарын диспетчерлік бөлім тәулік бойы демалыссыз жұмыс істеп, қадағалап отырады. Солар тұрғындардың өтінімдерін қабылдап, кезекшіліктегі бригадаларға хабарлап, жұмысшылар мен мамандар арқылы тұрғындардың тапсырыстары жедел орындалуда. Құдықшалардың ұрланбауы үшін тәжірибе ретінде жүз құдықшаға арнайы датчик орнатылған.

Одан түскен дабыл біздің диспетчерлік орталық пен полиция бөліміне де бір мезгілде беріледі. Сол бойынша жедел топ, шұғыл іске кіріседі. Қазіргі таңда кәріз жүйесінде төрт мердігерлік мекеме жұмыс жасауда. Оны халықтың, алты сектор басшыларының, билерінің қадағалауы жүргізіліп отыр. Мердігерлер жұмыстарын биылғы жылы да жалғастырып жатыр.

Құдықшалардың қақпақшаларының ұрлануы жасыратыны жоқ барлық қалада жиі кездеседі. Біз қазір өзіміздің қаражатымыз есебінен цементтен жасалған қақпақшалар құйдырдық. Ол қақпақшаларды машина жүрмейтін шеттегі ашық тұстарға қойып жатырмыз. Үш жүздей ұрланған қақпақшалар бойынша полицияға шағымдандық. Суреттерін көрсетіп, мекенжайларын анықтап, ұрланған қақпақшаларының бағасын да шығарып, полицияға тапсырдық.

Мөлтек аудандардағы құдықшалардың қақпағы жоқ екендігі туралы ақпарат алдымен №109 орталығына түседі. Осыған байланысты біздің кезекшіліктегі бригадалар осыны жөндеу жұмыстарына күн демей, түн демей қатысуда. Оның сыртында балалардың аузы ашық құдықшаларға түсіп кетпеуін қадағалауда. Облыстық бюджет есебінен қойылған жаңа құдықшаларға бақылау нүктесі арқылы мониторинг жүргізіп отыру көзделуде.

Бұл әзірге толық өндіріске енгізіле қойған жоқ. Ол толық өндіріске енгізілген кезде қақпақша көтерілген кезде біздің диспетчерлік орталыққа және полиция бөліміне дабыл қағылады. Біз кейде ол құдықша қақпағының ашылғанын анықтап, ұрыны ұстай алмасақ та, онда балалардың түсіп кетуінің алдын ала аламыз. Сонымен қатар тезірек қақпағын жабудың қамын жасаймыз. Қаланың ішінде он бір жерге бақылау нүктелерін орнаттық. Бақылау нүктелерінің бәрі диспетчерлік орталықтан көрініп тұрады.

– Қыста су жеткілікті. Ал жаз айларында неліктен су тапшылығы байқалады?

– Жасыратыны жоқ, жаз айларында судың жеткіліксіз болып қалған көшелері де байқалды. Сол ауыз су жеткіліксіз көшелерге диаметрі 200 миллиметрлік екі мың шақырымының құрылысы жүргізілуде. Оның құрылысы биылғы жылы аяқталып, пайдалануға толық тапсырылғаннан кейін, біздің қарамағымызға өтеді. Сол кезде қала түгелдей ауыз сумен қамтылады. Одан кейін жалпы 2,6 мың текше метр құрайтын су қоймасын салу жоспарланып отыр.

-Тұрғындар судың жоғарғы қабаттарға сыздықтап жететі-ні туралы жиі шағымданады

-Қазір диспетчерлер қай жерде судың қысымының төмендеп немесе жоғарылап кеткенін, сол мезетте көріп отырады. Ол ақпарат кезекшілер бригадасына берілген сәттен бастап, шұғыл жұмыстар жүргізіледі. 1-2 шағын аудандарда судың қысымының төмендеп кетуі негізінен, құбырлардың ескіруінен болып отыр. Ондағы құбырлар шамамен 1962 жылы салынған. Қазіргі таңда мердігер мекемелер құбырларды жаңғырту жұмыстарымен айналысуда. Ескі құбырлар толығымен жаңасымен ауыстырылады. Осы құбырлар биылғы жылы толығымен жаңғыртылған соң ғана, тиісті дәрежедегі қысымдағы суды бере аламыз.

Қазіргі кезде қыс айларында бір жері жарылып кетсе, оны тез жөндей қою да оңайға түспейтіні белгілі. Жалпы қазіргі кезде қалаға келетін судың көлемі жеткілікті. Бірақ қысымның төмен болуына байланысты өзекті мәселелер бар, оны жасыра алмаймыз. Осының өзіне көптеген құбырлар шыдас бере алмай жатыр. Сол себепті қысымды төмендетіп беруге мәжбүр болып отырмыз.

– Қала тұрғындары сарқынды суларды тазалау жұмыстарына жиі шағымданады. Жалпы, осы кешенді қат-қабат жұмыстарды өз дәрежесінде атқаруларыңыз үшін арнайы техникалар мен құрал-жабдықтар жеткілікті ме?

– Иә, қаладағы сарқынды суларды тасымалдайтын 27 КНЭС – сорғы стансасы жұмыс істейді. Қала шетінде орналасқан суларды тазарту ғимаратына айдайды. Олар тәулігіне жиырма мың текше метр су қабылдап, бес жарым мың текше метрге дейінгі суды тазарта алады. Осы құрылғылардың ескіруіне байланысты оны жаңартудың жобасы бекітіліп, биылғы жылы жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Алдағы жылдары толығымен жаңғыртылады.

Сонымен бірге өзімізде техникалардың ескіруіне байланысты алты дана арнайы техникаға тапсырыс бердік. Барлық тиісті құжаттары тапсырылды. Құзырлы органдар тарапынан қолдау табады деген ойдамыз.

Біздің арнайы техникаларымыз да 1980 жылғы техникалар. Техника жетіспеуінен кәріз жүйелері мен құдықшалары толып қалып жатқан жағдайлары кездеседі. Негізі, кесте бойынша осы кәріз жүйелері арнайы техникалармен жуылып тұруы тиіс. Біз алдағы жылдары осы кәріз жүйесінің желілерін жуатын техникаларға тапсырыс бердік. Кәріз суларын сорып алатын «КамАЗ» машиналарын алдыртып жатырмыз.

Оның сыртында бригадаларымыздың көлігінің өзі де ескі. Тиісті жерге жете алмай қалу жағдайлары да кездеседі. Сондықтан, осы қиындықтан шығуға арнайы техникаларды бөлдіртуге де тапсырыс бердік. Осындай арнайы техникалар биылғы жылы бөлінсе, қала тұрғындарының ойынан шыға алатындай сапалы қызмет көрсету мүмкіндігіміз болатындығы даусыз.

Қазіргі нарықтық заманда барлық процедураларға өзіміздің әлеуетімізді жұмсап жатырмыз. Түрлі апаттық жағдайларды жедел жөндеуді өз қаражатымыз есебінен жүргізіп жатырмыз. Дегенмен, мемлекеттен де қолдау таптық. Биылдың өзінде 21 сорғы стансаларының төртеуіне қала әкімдігінің инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің есебінен осы сорғыларды алып берді.

Одан бөлек кәріз құбырларының ішін тазалайтын «Посейдон» деген аппарат судың қысымын көтереді. Сол қысымын көтеру арқылы суды, желіні тазалап шығады. Оны да қала әкімшілігінің қаражатына алып берді. Жоғарыда айтылған алты техниканы да қала әкімінің қаржысына алып берсе екен деген ұсыныс жасап отырмыз.

-Бұдан да бөлек өздеріңіздің қолдарыңыздан келмей жатқан өзекті мәселелер бар ма? Соған тоқталсаңыз.

– Бізде қазіргі кезде проблеманың ең бастысы – биылғы 3166 абонент қосылды. Қала бойынша сапалы су пайдаланып отырғандар саны 39700 абонент. Соның 10100 кәріз жүйесіне қосылды. Яғни 28 пайызы ғана. Кәріз жүйесінде төрт мердігер компания жұмыс жасауда. Осы жылы төрт компания жұмыстарын сәтті аяқтаса, қала тұрғындарының 98 пайызы кәріз жүйесімен қамтылады деген сөз.

Жаңадан ашылған әкімшілік-іскерлік орталығында 16 мың текше метрлік су қоймасы тапсырысқа берілді. Қазір ол бойынша проблема жоқ. Қаламызда пәтерлерде су өлшегіш құралдары түгелдей орнатылған. Көбісінің су өлшегіш құралдарының істен шығуына байланысты ескерту қағаздары беріліп, жаңадан су өлшегіш құралдарын орнатуға уақыт беріп жатырмыз. Қазіргі таңда 3400 або-ненттің су өлшегіш құралын жаңартуы керектігі жөнінде ескерту қағаздарын бердік. Сегіз ай көлемінде қаладағы су өлшегіш құралдары түгелдей жаңғыртылады деген ойдамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан:

Ескендір ЕРТАЙ.

PS: Бет хатталып жатқанда «Түркістан су» МКК директоры Бауыржан Ділдәбековтің Шымкент мегаполисіне өзінің саласына қатысты лауазымды қызметке жоғарылағынан естідік. Киелі шаһарды дамытуға білімі мен білігін, қолынан келген тәжірибесін жұмсаған азаматқа жаңа қызметінде сәттілік тілейміз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы