ЗАҢНАМАҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗГІМ КЕЛЕДІ. НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫН?

300 көрілім

Қазақстанда азамат заңнамаға өзгеріс енгізу керек деп бастама көтере ала ма? 

Жоқ. Қазақстан Констиуциясының 61-бабына сай, мұндай құқыққа президент, парламент депутаттары мен министрлер ғана ие. 

Десе де, халық заңнамаға біраз болсын ықпал ете алады. Қазір оның бірнеше заңды жолын түсіндіреміз.  

Әуелі заң қалай дайындалатынын біліп алайық:  

  • Президент, парламент депутаттары мен министрлер бастама көтереді; 
  • Заңды дайындау белгілі бір органға жүктеледі. Мысалы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне. 
  • Сол орган заңды даярлайтын адамдар (жұмыс) тобын құрады. Оған депутаттар, құқық қорғаушылар, мамандар, мысалы, қаржыгерлер, заңгерлер және тағысын-тағы кіреді.
  • Заң жобасы ашық норматив құқықтық актілер (НҚА) сайтында халық талқысына түседі. 
  • Дайын заң жобасы әуелі Мәжілісте қаралады. Депутаттардың заңға айтар уәжі болмаса, Сенатқа жолдайды. Заң жобасы сенаторларға ұнамаса, Мәжіліске қайтарылады. 
  • Ал ұнаса, президентке жолдайды. Мемлекет басшысы қол қойғанда ғана заң жобасы заңға айналады. 

1. Азамат ретінде пікір білдіру 

Legalacts.egov.kz сайтында барлық норматив құқықтық актіге пікір қалдыра аласыз. Заң және оның жобасы — норматив құқықтық актінің бір түрі. 

Ол үшін сайтқа кіріңіз — қай саланың НҚА-сы керек, сол саланы бас бетінен тауып алыңыз/НҚА атауын білсеңіз, іздеу жүйесі арқылы іздеңіз. Айтпақшы, пікір қалдыру үшін ЭЦҚ қажет.

Керек НҚА-ны тапқаннан кейін, «Толығырақ» дегенді басыңыз, құжатты оқып алыңыз, кейін «Пікір қалдыру» дегенге кіріп, уәжіңізді айтыңыз. Пікіріңіз не ұсыныңыз түсінікті, саралы жазылғаны жақсы — әйтпесе заң дайындаушының назарына ілікпеуі мүмкін.  

2. Жұмыс тобына мүше болыңыз 

Депутаттар заң дайындарда жұмыс тобын құрады, оған түрлі мамандар шақырылады: заңгер, психолог, құқық қорғаушылар және тағысын-тағы. 

Егер сіз маман болсаңыз, сол топқа мүше болыңыз. Алайда ол үшін қай заң жасалып не өзгертіліп жатқанын біліп отыруыңыз керек. Депутаттар мұны көпшілікке жариялай бермейді. 

Сіз ашық НҚА сайтын не құқық қорғаушы ұйымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларын я сайтын үнемі қадағалап отырсаңыз болады. Себебі ашық НҚА сайтына кез келген заң не заң жобасы салынады, ал депутаттар жұмыс топтарына мамандарды көбіне құқық қорғау ұйымдары не қоғам бірлестіктерінен іздейді. 

Сіз өзіңізге керек заңды дайындап жатқан орган я құқық қорғау ұйымына барып не электрон поштасына жазып, топқа қосылғыңыз келетінін айтыңыз. Бұған заңда тыйым салынбаған.  

3. Референдум 

Мемлекетке өте маңызды құжат не шешім қабылданарда, мысалы, Конституцияны өзгертерде республикалық референдум өтеді. 

Алайда референдум — сөз жүзінде іске асатын әдіс. Себебі тәуелсіз Қазақстанда ол тек екі рет: 1995 жылғы сәуір мен тамызда өтті. Біріншісінде сол тұстағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілет мерзімі ұзартылды, екіншісінде қазіргі Конституция қабылданды. 

Теория жүзінде сонда дауыс беріп, заңнама және құқық жүйесіне біраз да болсын ықпал ете аласыз. 

Айтпақшы, сіз өзіңіз референдум өткізейік деп бастама көтере аласыз. Ол үшін 200 мың қол жинап, президентке өтініш жолдайсыз. Бірақ 14 облыс, 3 республикалық маңызы бар қаладан жиналған қол саны тең болуы керек. Мысалы, Маңғыстау облысынан 10 мың қол жинасаңыз, басқа аймақтардан сонша жинауыңыз керек. 

Референдум өте ме, жоқ па, оны президент шешеді. Себебі тек президенттің жалпыхалық дауыс беру өткізу құқығы бар.  

4. Сайлау 

 Төртінші жолы — сізге жағатын заң шығаратын депутаттар мен президентті сайлау. 

Қазақстан халқы парламенттің төменгі палатасы — Мәжіліс, жергілікті мәслихаттар мен президентті ғана сайлай алады. Ал Сенат депутаттарын сіз таңдаған мәслихат депутаттары, министрлерді президент премьер-министермен кеңесіп тағайындайды. 

Мәжіліс пен мәслихаттарды, президентті сайлау бес жыл сайын өткізіліп тұрады. 

5. Петиция

Петиция жазып та заңнамаға өзгеріс енгізуге болады. Мысалы, 2019 жылы жануар құқығын қорғаушылар жануар, малға жауапкершілікпен қарау туралы жаңа заң қабылдансын деп 67 мың қол жинады, митиңге шықты. Кейін өздері дайындаған заң жобасын Мәжіліске тапсырды. Содан соң ол қоғам талқысына түсті. Заң әлі парламентте қаралып жатыр. 

Петицияны Ақордаға не тиісті органға жіберіңіз.

Петиция жолдағаныңызды БАҚ арқылы жұртқа жариялағаныңыз жақсы. Себебі неғұрлым көп адам талқыласа, проблема депутаттардың назарына соғұрлым тез ілінеді. 

6. Наразылыққа шығу

Конституцияға сай, Қазақстан азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналып, өз пікірін білдіре алады. 

Егер қандай да бір заңға айтар сыныңыз болса, митиң, шеру, демонстрацияларға шықсаңыз болады. Мысалы, биыл тәуелсіз адвокаттар өздерінің қызметі туралы заңдағы кей нормаға қарсы болып: билік адвокаттардың ісіне араласпақ деп бес айы бойы митиңдеді. 

Бірнеше наразылықтан кейін парламентте келісім комиссиясы құрылып, депутаттар заңға енгізбек болған кей нормасын алып тастады, десе де адвокаттар қабылданған заңға әлі де наразы. 

Алайда Қазақстанда әкімдікті ескертпестен (іс жүзінде рұқсат алмастан) бейбіт жиын ұйымдастыруға болмайды. Құқық қорғаушылар мұны адам құқығы мен халықаралық келісімшарттарға қайшы дейді. 

Біз бұрын митиң не пикет ұйымдастырарда қандай талаптарды орындау керегін айтқанбыз. Оқи отырыңыз.

Митиң не пикет өткізетініңізді әкімдікке қалай хабарлау керек?

Жергілікті атқарушы органға өткізілетін хабарламада не көрсетілуі керек?

МАЗМҰНЫ

  • ХАБАРЛАМАНЫ EGOV.KZ-ТЕН БЕРУ 
  • ХАБАРЛАМАНЫ ЖАЗБАША ӨТКІЗУ 
  • ӘКІМДІК ХАБАРЛАМАҒА ҚАШАН ЖАУАП БЕРЕДІ?

Биыл 25 мамырда бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң қабылданды. Енді азаматтар митиң, пикет, демонстрация өткізгенде әкімдіктен рұқсат алмайды, тек хабар береді. Дегенмен әкімдік сонда да тыйым салуы мүмкін. 

Біз митиң, пикет өткізуге ниеттенгендер жергілікті атқарушы органға тиісті хабарламаны қалай бере алатынын түсіндіреміз.  

Оның екі жолы бар: egov.kz порталы арқылы және жазбаша. Egov.kz-тен беру үшін электрон-цифр қолтаңба қажет, ал жазбаша өткізу үшін әкімдікке бару керек. 

Ескерту: бұл нұсқаулықты демонстрация, шеру өткізерде хабарлама беру үшін қолданбаңыз. Себебі олардың хабарламасын басқаша толтыру керек. Оны сіз «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңының 12-бабынан қарай аласыздар.

Хабарламаны egov.kz-тен беру 

1. Порталға кіріңіз

Egov.kz сайтын ашыңыз. Оған электрон-цифр қолтаңбаңызды теріп, кіріңіз. 

Қолтаңбаны сіз халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе онлайн ала аласыз. Оны қашықтан қалай жасатуға болатынын мына жерден қараңыз. 
 2. Электрон өтініштерге кіріңіз

Порталға кіргеннен кейін оң жақта жоғарыда тұрған өз атыңызды басыңыз (мысалы, Мұратбеков Самат Талғатұлы). Сондағы электрон өтініштерге өтіңіз. Одан кейін оң жақта тұрған «Онлайн сұрау» сары батырмасын басыңыз. 

Бетке өткеннен кейін «Құру» деген батырманы басыңыз. 

Сіздің алдыңызда мынадай хабарлама шығады: 

«Сервис тек қызмет көрсетушімен қарауға жатқызылған электрондық өтініштердің келесі түрлері бойынша “Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі” ақпараттық жүйесі және электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауы үшін ғана қажет:

1) Арыз;

2) Шағым;

3) Сауал;

4) Үн қосу;

5) Ұсыныс.

Сервис шеңберінде серверлердің өзара іс-қимылдың өзге түрлері қарастырылмайды».

«Таныстым» деген батырманы басыңыз.  

3. Өзіңіз туралы ақпарат беріңіз. 

«Онлайн сұрау» батырмасын басқаннан кейін өзіңізге қатысты мәлімет бересіз. Онда толтырылуға тиіс және міндетті емес торлар бар. Бірақ оның барлығын толтырғаныңыз абзал. Себебі әкімдік хабарламада «анау көрсетілмеді, мынау көрсетілмеді» деп бейбіт жиналысты мақұлдамауы мүмкін. 

Сонымен онда жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН), аты-жөніңізді (ат, тек, әкеңіздің аты), электрон поштаңызды, телефон нөміріңізді көрсетуіңіз керек. Сіз порталға ЭЦҚ арқылы кірсеңіз, олар автомат толтырылып тұрады. Онда тек аймағыңызды, кейін өзіңіз хабарлама жібергіңіз келетін жергілікті атқарушы органды (әкімдік) таңдайсыз. Мысалы, бейбіт жиналысты Алматыда өткізгіңіз келсе, хабарламаны Алматы әкімдігіне жолдауыңыз қажет. 

Алматының аудан әкімдігіне жазамын десеңіз, бейбіт жиналысты сол ауданда өткізуіңіз керек. Бірақ онда бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат берілген жер болмауы мүмкін. Сондықтан бірден Алматы әкімдігіне жіберіңіз. 

Сонымен қатар порталда «мемлекеттік қызметтің атауы» деген тор бар. Оны бос қалдырыңыз: онда бейбіт жиналыстарға қатысты ештеңе жоқ. 

4. Хабарламаны толтырыңыз 

Хабарламаңызда таңба саны 3 мыңнан аспауы керек. Жаңа заң бойынша онда мыналар болуы қажет:

1. Бейбіт жиналыстың мақсаты. Мысалы, жануарлар құқығын қорғауға жұрт пен билік назарын аудару;

2. Бейбіт жиналыстың түрі: митиң немесе пикет, соның ішінде бір адамдық пикет;

3. Оны ұйымдастырушы немесе оның өкілінің (бар болса) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН, тұрғылықты немесе уақытша мекенжайы. Бейбіт жиналысты заңды тұлға ұйымдастырса, оның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН немесе орысша БИН), ресми мекенжайы; 

4. Бейбіт жиналысқа таңдалған арнайы орын туралы мәлімет. Қандай жерлерде митиң өткізуге болатынын әр әкімдіктің сайтынан қарап шығыңыз;

Бір адам пикетін өткізем десеңіз, орнын өзіңіз таңдайсыз. Бірақ онда да шектеулер бар, пикетті мына жерлерде өткізе алмайсыз: 

  • теміржол, су, әуе және көлік желісі орналасқан жерлереде, мысалы, вокзалда, әуежайда және тағысын-тағы; 
  • халық пен мемлекет шекарасын қорғап тұрған жерлерде;
  • президент пен Нұрсұлтан Назарбаевтың резиденциясы орналасқан аумақта;
  • қауіпті өндіріс орындарында; 

5. Бейбіт жиналыстың басталатын, аяқталатын күні, уақыты (сағаты, минуты);  

6. Оған қатысатын адам саны туралы мәлімт. Бір адам пикетін өткізсеңіз де, адам санын көрсетіңіз, яғни бір адам деп; 

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, бір адамдық пикетке рұқсат сұраған бір азамат осы пунктті толтырмаған. Әкімдік бейбіт жиналысты мақұлдамай қойды. 

7. Қандай да бір ағаш үй, шатыр немесе басқа нәрсе құратыныңыз/тігетіңіз туралы мәлімет;

8. Дыбысзорайтқыш техникалық құралдар, плакаттар, транспаранттар мен басқа да үгіт-насихат құралдарын қолдану ниетіңіз; 

9. Бейбіт жиналыс (пикеттен басқа) регламентін, яғни жоспарын — кімнің кімнен кейін, қашан сөз сөйлейтіні туралы мәлімет;

10. Электрон поштаңыз, ұйымдастырушының немесе оның өкілінің телефон нөмірі;

11. Ұйымдастырушының немесе оның өкілінің өз жеке мәліметтерін жинауға, өңдеуге рұқсаты;

12. Бейбіт жиналысты кім қаржыландырып отырғаны туралы ақпарат. Егер ешкімнен қаражат алмасаңыз, қаржыландыру көзі жоқ деп жазыңыз;

13. Хабарлама берілген күн, ай, жыл.  

Хабарламаны жіберер алдында мәліметтерді дұрыс толтырғаныңызға көз жеткізіңіз. Одан бір ғана қате кетсе де, әкімдік бейбіт жиналыс өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін.  

5. «Жіберу» деген батырманы басыңыз. Ол беттің төменгі тұсында. 

6. ЭЦҚ қойыңыз.  

Хабарламаны жазбаша өткізу 

Төртінші пункттегі 13 талапты орындап, әкімдікке апарыңыз. Сізге кеңес: барарда маска тағып, арақашықтықты ұстаныңыз.  

Әкімдік хабарламаға қашан жауап береді?

Хабарламаны алғаннан кейін үш күн ішінде. Жауапты олар:  

  • қолма-қол;
  • пошта байланысы немесе электрон пошта арқылы;
  • ЭЦҚ-сы бар электрон құжат арқылы. Оны сіз порталдағы «жеке кабинетіңізде» көре аласыз;
  • телефон арқылы беруі мүмкін. 

Жауапта әкімдік бейбіт жиналыс өткізуге не себепті рұқсат бермейтінін (оған 10 негіз бар) не ағаш үй, шатыр немесе басқа құрылысжай тігуге болмайтынын не бейбіт жиналыстың орнын/уақытын өзгертуге ұсыныс жасайтынын хабарлайды. 

Ұйымдастырушы соңғы пунктпен келіспесе, мұны әкімдікке хабарды алғаннан кейін бір күн ішінде хабарлауы керек. Ол үшін жауап жіберген электрон поштаға не egov.kz порталына ЭЦҚ арқылы жазыңыз не әкімдікке телефон соғыңыз.  

Әкімдіктен мүлдем жауап келмесе, бұл — митиң, пикет өткізуге рұқсат деген сөз. Бірақ хабарламаңыз әкімдікке жеткеніне көз жеткізіңіз. Кейін сізді «әкімдікке хабарламай, рұқсат берілмеген бейбіт жиналыс өткізді» деп жауапқа тартпасын.

Иллюстрация: Лейла Тапалова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы