СОТ – МЕМЛЕКЕТ АТЫНАН ТӨРЕЛІК ЕТІП, ҮКІМ ШЫҒАРАТЫН БИІК ҚҰЗЫРҒА ИЕ ОРГАН

349 көрілім

Керек кеңес

Адамның құқығы бұзылғанын немесе бұзылмағанын заң жүзінде анықтап, үкім шығаратын құзіретті орган – сот. Сондықтан да қоғамдық қарым-қатынастардағы құқықтық нормаларды қамтамасыз ету бойынша сот билігін жүзеге асырушы болып табылатын сот жүйесінің рөлі аса зор.

Сот адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты құралы.  Жеке тұлға өзінің құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау мақсатында мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және жекелеген азаматтардың кез келген заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне қатысты сотқа шағымдануға құқылы.

 Адам тағдыры шешілетін сот алаңындағы тәртіпті сақтау баршаға міндет. Сот ғимаратына кіруден бастап, қауіпсіздікті сақтау, сот залында міндеттелген қағидаларды қатаң басшылыққа алу барша қатысушылардан талап етіледі. Сот мәжіліс кіретін азаматтардың жеке басын анықтап, күмәнді заттарды алып кірмеуіне тосқауыл қою — сот төрелігі өз деңгейінде өтіп, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін керек. Сонымен бірге сот тарапынан процеске қатысушылардың сот отырысына дер кезінде қатысу, тәртіпті сақтау, шындықты айту, әр сөз бен әрекетке жауаптылықпен қарап, айналасына құрмет көрсету талап етіледі. Кейде дәл осы талаптарды белден басып, өзінің құқықтық мәдениетінің кемдігін көрсететіндер де қоғамда аз емес.

Сот – мемлекет атынан төрелік етіп, үкім шығаратын биік құзырға ие орган. Соттың шығарған шешімдерінің, үкімдері мен қаулыларының міндетті күші бар, ол мемлекет аумағында күмәнсіз орындалуы тиіс.

Әрине, сот – дау алаңы. Ол жерде өз құқығын қорғап, өз сөзінің дұрыстығын дәлелдеу үшін тараптардың ашуға берілетіні, қызбалық танытатыны рас. Бірақ, төрелік алаңында ешкімнің сөзін бөлуге, сот залында отырып айғайлауға, өзгелерді балағаттауға болмайды. Судьяның сот процесін жүргізуіне кедергі келтіретіндер жазасыз қалмайды.

Сотқа деген құрмет әрқашан маңызды. Оның ең алғашқысы сот отырысына уақытылы, кешікпей келуден басталады. Ал бізде сот шақыртуын, хабарламаны алып тұрып процеске келмейтіндер бар. Ақиқатты ашуда маңызы бар кез келген дәйек ортаға салынып, кез келген куәгердің пікірі назарда ұсталатын сот алаңына келмеу сот отырысының кейінгі шегерілуіне түрткі болады. Бүгінгідей уақыттың бағасы артқан заманда осындай бір жауапсыз адамның әрекетінен қаншама қатысушы зардап шегіп, уақытын текке кетіреді. Осы ретте азаматтар сотты құрметтемеу – заңды құрметтемеу деп түсінген дұрыс.

 Сот отырысы барысында төрағалық етуші судьяның өкімдеріне бағынбаған, оны балағаттаған, рұксатсыз орнында отырып сөйлеген, алкогольдік ішімдік ішкен күйде отырысқа келген, сонымен қатар, сот отырысына дәлелді себептерсіз келмегендерге Азаматтық процестік кодексе сәйкес жаза тағайындалады. Кодекстің 188-бабының талаптарына сәйкес, процеске қатысушы тұлға тарапынан сот талқылауы барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталған жағдайда сот кінәлі адамға 120-бапта белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолданады.

Сотты құрметтемеу жауаптылығы заңда айқындалған. «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңның 1-бабының 3-тармағына сәйкес, сотқа немесе судьяға құрметтемеушiлiк бiлдiру заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

Ал енді сот шақыртуына себепсіз келмегендер және жалтарған тұлғалардың әрекеті де сотты құрметтемеу болып саналады. Мұнай әрекет Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 653-бабы 1,2-бөліктерінің талабына сәйкес қаралып, құқық бұзушыға ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Сондай-ақ, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) – отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.  

Соттың шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. Бұл норма аталған Кодекстің 11-бабымен нақтыланған. Егер талап қоюды қамтамасыз ету керек болса, мұндай мақсатта мүлікке тыйым салу осы Кодексте көзделген негіздер бойынша жүргізіледі. Сотта іс ешкімнің араласуынсыз, яғни, ықпал етуінсіз тек заң нормалары аясында қарап шешіледі.

Иә, біздің бүгінгі сот туралы түсіндерме мақаламыз әрбір қазақстандық үшін, оның ішінде Түркістан қаласы тұрғындары үшін аса маңызды. Өйткені, жаман ниеттен аулақпыз, егерде өміріңізде Сіз де сотқа жүгінетін бола қалсаңыз, жоғарыда сот туралы айтылған түсіндірме жұмыстарымыз қажетіңізге керек болар деген ойдамыз.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы