Жаңа кейіпке еніп келе жатқан Түркістан қаласының құрылыс қарқыны жоғары. Десе жергілікті тұрғындардың үйреншікті кәсібіне айналған мал шаруашылығына қатысты бірқатар мәселелер бар екені рас. Осы жерде айта кетерлігі, қаланың шеткі аумағында Майкөтов көшесін жаңа қаламен жалғайтын үлкен даңғыл жол салынып, пайдалануға берілді. Осы және қаланың шеткі аумақтарындаға көшелерде әсіресе түнгі мезгілде көлік жүргізушілеріне иесіз жүрген үй жануарлары кедергі келтіріп жатқан жайы бар. Жол бойында жүрген иесіз малдың жол-көлік оқиғаларының орын алуына себепкер болатынын ескерсек, бұл тұрғыда Түркістан қалалық полиция басқармасының өз айтары бар. Мұндай жағдайда мал иелерінің де жауапкершілігі қарастырылғанын алға тартатын полицейлер үй жануарларына ие болуды ескертеді.
Келесі бір түйткілді мәселе мал ұрлығына тосқауыл қою, үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік апаттарын болдырмау мәселесі полиция назарынан тыс қалған емес. Яғни, «Ауылшаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» деректер базасын өзектендіру, тасымалданатын малға ветеринариялық құжатты тапсыру тәртібі, стационарлық ветеринариялық бекеттерді құру мәселесін қарау, сонымен қатар «ҚР ІІМ-нің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының Түркістан аумағында іске асырылу бойынша жұмыстар кең көлемде атқарылады.
2022 жылы облыста 72 (2021 жылы 130) мал ұрлығы тіркеліп, қылмыстың тіркелуі 44,6 пайызға төмендеді. Ал, 72 мал ұрлығының 27-сі қора-жайдан болса, 45 дерегі жайылымнан ұрланған. Жалпы, алғанда тұрғындардың 360 бас малы ұрының қолына түскен. Осы жылда 1700-ден астам мал тиелген жүк көліктері тексерілді. Соның нәтижесінде 336 үй жануары құжаттары болмағаны және сырғаланбағаны бойынша анықталып, бұл жәйт ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабымен тіркелді. Бүгінде жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдану үшін ветеринария инспекциясына жолданды. Осы тұста мал ұрлығын азайту мен болдырмаудағы ұсыныстарды айта кеткен оң болмақ. Нақтылап айтқанда мал ұрлықтарын ашуға септігін тигізетін техникалар (бейнебақылау) санын арттыру, малдардың қараусыз жайылу мәселесін бірлесіп шешу. Халықпен кездесулерде айтылған сын-ескертпелер бойынша жұмыс жасау, «үшжақты келісім-шарт» жобасын одан ары жандандырып, жалғастыру, мал тасымалдаушы, сатушы басқа да осы іске қатысы бар тұлғалардың тасымалдау тәртібінің талаптарының орындалуын тексеру. Осы сынды қауіпсіздік шараларын күшейтуіміз керек. Осы талаптар толықтай орындалған жағдайда, мал ұрлығының азайған үстіне азаятыны өтірік емес.
