Жазу және әдеби тілі дегеніміз не?

623 көрілім

Ешбір қоғамдық құбылыс дербес, дара, оқшау қалпында, басқа құбылыстармен байланыссыз өмір сүре алмайды. Жазба әдебиет қоғамдық сананың формасы ретінде бірден пайда болмайды. Әдеби тіл де солай. Ертеде адамдардың моральдық нормаларын уағыздаушы мұсылман діні болды екен деп, моральдық сапа сол дінмен байланысты пайда болды деуге болмайды. Сол сияқты, әдеби тілдің жан серігі жазу деп қарағанда, жазудың пайда болуына әдебиет себепкер болды деуге де болмайды. Ал керісінше жазусыз да әдебиет бола береді. Сол әдебиет халықтық сананың даму процесінде жоғары сатыға көтерілу үшін ол жазба түрде халық өмірінде ерекше қызмет атқаратын болады.

Сөйтіп, дамыған жазба әдебиет халықтық әдебиеттің жоғары формасы болды, әдеби тіл әдебиеттің қазанында қайнап, халық тілінің жоғары формасына айналады. Жазу да, әдебиет те әрқайсысы өзінше біршама дербестігін (самостоятельность) сақтай отырып, өзара тығыз байланыста жұмсалады. Бұлардың сол байланысы қазір табиғи байланыс сияқты болғанмен, ертеде жазу әдебиет үшін, әдебиет жазу үшін пайда болмай, жазу – мәдени табыс, әдебиет қоғамдық сананың мәдени формасы екендігінен олардың байланысы күшейеді. Жазу пайда болысымен, автоматты түрде бірден әдеби тіл пайда болмайды және әдебиет пайда болысымен жазу да, әдеби тіл де бірден пайда болмайды. Ол екеуінің тығыз байланысы қоғам дамуының барысында күшейеді. Біздің кейбір ғалымдарымыз әдеби тілді жазумен байланыстырмай-ақ, жазба әдебиет болмай тұрған кезде де, әдеби тіл болған, оны “ауызша әдеби тіл”, “жазуға дейінгі әдеби тіл” деп атаймыз дейді. Менің түсінігімде жазусыз әдеби тіл жасалмайды. Солай екеніне ой жіберіп, дұрыс түсіну үшін мына сұраққа дұрыс жауап беріп көрейікші. Бұлтсыз да жауын жауа ма? – Жоқ, жаумайды. Тентек табиғаттың керемет құбылыстарының күшінен пәлен жерде бұлтсыз аспаннан балық жауыпты, пәлен жерде ағаш жемістері жауыпты дегенді оқығанымыз бар. Бірақ бұлтсыз аспаннан жауын жауды дегенді естіген емеспіз. Сол сияқты, жазусыз да әдеби тіл жасалады дегенді бұрын естімейтін едік. Соңғы кездерде кейбір шетел, орыс ғалымдары, соларға еліктеп қазақ тілін зерттеушілерінің кейбіреулері жазусыз да әдеби тіл жасала береді дегенді жиі айтатын болды. Оған өздерінің сенімі зор, өздерінше дәлелдері де бар. Олар әдеби тіл деген не? дегенге жауап бермейді, бірақ өздерінше ол туралы болжам айтады. Сондағы олардың дәлелдеріне қарасақ, тайфун аспанға ұшырған балықтар мен ағаш жемістері сияқты, кездейсоқ, немесе әдеби тілге тән емес, құлағынан сүйреп алып келіп алдыңа көлденең тартқан дәлелдер. Мысалы, А.Ысқақов төл әдеби тілді о баста ауызша, жазбаша болған деп бөледі де, қазақтың ертеде өзіне тән баспасы, баспасөз орны болмағанын және ауызша әдеби тілдің қалың бұқараға әлдеқайда кең жайылғанын ауызша әдеби тілге дәлел етеді: “…төл әдеби тілдің жазбаша нұсқаларынан гөрі ауызша нұсқаларының әрі ертерек шыққаны, әрі қалың бұқараға әлдеқайда кең жайылғаны және оның ықпалы мен әсері де анағұрлым басым болғаны күмән келтірмеске тиіс”[1, 33], – дейді. Осы пікірдің алдында автор қазақтың төл әдеби тілі – халықтың өзімен бірге туып, бірге жасасып замандар бойы өмірінің барлық кезеңдерінде де жұмсалғанын айтады[1]. Бұған қарағанда ауызша әдеби тілдің халықпен бірге жасасып, өмірдің барлық кезеңдерінде жұмсалғаны да оған дәлел деп ойлайды. Сонда бұлар төл әдеби тілге тән қасиеттер болса, әдеби емес бөлігіне не қалады?

Б. Әбілқасымов жазба әдеби тіл болмай тұрған кезде пайда болған ауызша әдеби тілді оның көркем, бейнелі екендігі тұрғысынан таниды: “XV- XVI ғасырлардан былай қарай, қазақ халқының біртұтас ауызекі сөйлеу тілі сол халықпен бірге жасап келе жатқаны мәлім. Сонымен қатар қазақ халқының өзінің көркемдігі мен бейнелігі жағынан дүние жүзінің ешбір жазба әдеби тілінен кем түспейтін ауызша әдеби тілі болды”[2, 124]. Әрине, тілдегі көріктеу, бейнелеу, әсірелеу тәсілдерінің бәрі көркем әдебиет тіліне тән. Олардың бәрін ақын, жазушы тек сөйлеу тілінен алмайды, өздері де құрастырады (мысалы, теңеу, метафора, метонимия, әсірелеу сияқтыларды), бірақ сондайлардың ауызекі тілде, шешендік сөздерде, ауыз әдебиетінде жиі кездесуі де мүмкін. Олардың бәрі әдеби тілдің алтын қорына енетіні де рас, бірақ олар ауызекі тілдің әдебилігінің белгілері емес.

Сондықтан жазба әдебиет болмай тұрған кезде ауызша әдеби тіл болды деген пікір мүлде негізсіз. Әдеби тілдің ауызша формасы болмайды емес, болады, ол тек жазба әдеби тілдің сөйлеу формасы деп есептеледі. Ол съезд, конференция, жиын-топ, ауди­тория, класта, радио, теледидар, жұрт бас косқанда сөйленетін сөздер ғана емес, мәдениетті, сауатты, білімді, әдеби тілді жақсы білетін кісілердің үйде, түзде сөйлейтін де сөздері. Солар алдымен жазба әдебиет арқылы қалыптасады да, жұрт сол әдеби тіл нормаларын сақтап сөйлеп әдеттенеді, соны әдеби тілдің ауызша формасы дейміз. Ал жазба әдеби тіл жоқ кезінде ауызша әдеби тіл болды деген кұр қиял. Б. Әбілқасымов “XIX ғасырдьщ екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі” деген мазмұнды кітабының бір жерінде жоғарыда айтқандай ауызекі сөйлеу тілімен қатар ауызша әдеби тіл болған дейді де, оны “бай, жетілген, орамды, әрі образды” деп оқшаулайды. Сонда, шамасы, бұл қасиеттер әдеби емес, ауызекі сөйлеу тілінде болмайды, ол жарлы, жетілмеген, орамды жөне образды емес болғаны ма?

Ол “ауызша әдеби тілді” көп замандар бойына халыққа рухани азық болып келе жатқан ауызша әдеби тіл деп есептейді. Тіл халыққа “рухани азық” болған деген дұрыс болмас, әдебиетті, музыканы, сурет өнерін, театрды рухани азық деуге болады, ал қатынас құралы, қарым-қатынас жасау амалы болып есептелетін тілді олай деуге болмайтын шығар. Сонда да “ауызша әдеби тілді” ертеде болған деу үшің тіпті тілге тән емес қасиетті оған телиді. Ол тіл қашан, қай ғасырда, қай жерде болған? деген сұрақтарға “бұрын” “ертеде” сияқты жалпылама сөздермен жауап береді. Сон­да да бұл мәселе жайындағы өзінің жорамал көзқарасын бекемдеу үшін орыс тюркологтарының айтпағанын айтты дейді: Автор бір топ тюркологтардың (Н. И. Ильминский, В. В. Катаринский, П. М. Мелиоранский т. б.) жаңа жазба әдеби тілді қалыптастыру жөніндегі қызметінің зор екенін айта келіп, олар жаңа жазба әдеби тілдің негізі халықтың ауызекі сөйлеу тілі мен ауызша әдеби тілі болуы керек деп айтты дейді [2]. Осы пікірді Б. Әбілқасымовтың сөз болып отырған еңбегіне рецензия жазған Ә. Ибатов, Ф. Әлиев жолдастар да қолдапты [3]. Мен оған сенбеймін. Олар (орыс ғалымдары) “ауызша әдеби тіл” болған, ол жазба әдеби тілге негіз болды демеген болар. Болса, олардың мұндай принципті мәселе жөніндегі жазғандарынан цитата келтіру керек еді ғой.

Рас, Н. И. Ильминский, П. М. Мелиоранский, әсіресе В.В. Радлов қазақтардың ауызекі сөйлеу шеберлігіне, шешендігіне таң қалып, таңдай қағады. Бірақ, оны ауызша әдеби тіл деп атамаған. Өйткені, әдеби тіл ондай шешендік, шеберлік тұрғысынан белгіленбейді. Жоғарыда айтқандай бірнеше критерийлерге сүйеніп танылады. Жақсы тіл, орамды тіл дегендер тілдің әдебилігінің белгісі емес. Егер соларды әдебиеттіліктің белгісі дейтін болсақ, қазіргі Қазтагтың өзінше жақсы, бірақ сірідей сірескен стандартты тілін әдеби демеген болар едік те, ертедегі орамды шешендік сөздерді әдеби тіл дер ме едік. Сондай-ақ, қазіргі кейбір ақындар поэмаларының тілінен әдеби тіл жасалмай тұрған кездегі кейбір ақындардың (мысалы, XIV ғасырдағы Сыпыра жырау) тілі әлдеқайда нәрлі, тартымды, орамды болуы да мүмкін. Бұлар көркем әдебиет тілінің көркемдігінің компоненттері болғанмен, әдеби тіл, көп салалы, жалпы халықтық категория есебінде жазба әдебиет арқылы танылмаған соң, оған дейінгі тілі жатық, шешен, таза, тартымды деген өлең-жырлардың, фольклордың тілі халық өмірінде халықтық музыкалық шығармалар қандай орын алатын болса, олар да сондай орын алады.

Халық өмірінде екінің бірі емес “жүздің бірі көсем, мыңның біpi шешен” болуы ықтимал ғой. Мұнда өткен ғасырларда жасаған көсем-шешендердің біразын атауға болады. Мысалы, әдебиеттану ғылымында өткен ғасырлардың көрнекті тұлғалары есебінде мына адамдардың аты аталып жүр: Қорқыт (XIII г.), Сыпыра жы­рау (XIV ғ.), Асан қайғы (XV ғ.), Доспамбет, Шалкиіз (XVI ғ.), Марғасқа (XVII ғ.) [4]. Бұлар жазба әдебиеттің уәкілдері емес. Олардан қалған мұралар қазақ эпостарының дәстүрімен ұласа келіп, кейін көптеген ақын-жырауларға (мысалы, Бұхар, Дулат, Шортанбайларға) өнегелі, үлгі болуы жанама түрде, қоныс, өрісі алыста бола тұрып, әдеби тілдің ошағына от тамызуы мүмкін. Бірақ олардың заманында әдеби тіл жасалған емес.

Сондай әдеби тіл жасауға тіке қатынасы шамалы, жазба ақыңдар тобына енбейтін бірнеше ақын-жыраулардың жатық тілді шығармаларына қарап, кейбір ғалымдар олардың туындыларын “жазуға дейінгі әдеби тіл” деп қарастырады. Олардың да өлең-жырлары жанама түрде әдеби тіл аспанының алыстағы қоюланып келе жатқан ақша бұлты сияқты болуы мүмкін, бірақ әдеби тілдің өзі емес. Бір ғалымдар жазусыз да әдеби тіл болады дегенді өзінше, өзгеше баяндайды. Егер А. Ысқақов, Б. Әбілқасы- мов ауызша әдеби тілді дерексіз болжам ретінде уағыздаса, Р. Сыздықова белгілі ақын-жыраулардың шығармаларына сүйеніп, олардың әрқайсысының өзіндік тіл жұмсау ерекшелігі бар деп, соныңөзін әдеби тілдің белгісі деп таниды. Бұл жайында М. М. Гухман сияқты орыс ғалымдарының жазусыз да әдеби тіл болады деген ой-пікірлерінің кей ғалымдарға ықпалы күшті болғаны байқалады. Ал М. М. Гухманға шетел тілшілерінің кейбіреулерінің әдеби тілді жазумен байланыстырмай қарауы ықпал еткен. Осындай тың пікір, жаңа көзқарасқа сүйенудің сөкеттігі жоқ. Сондықтан осы ғалымдардың ол жайындағы ой-пікірін қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыт деуге болады. Бірақ мен ол пікірді қолдамаймын. Өйткені жазусыз да әдеби тіл болады деген пікір мен үшін тілдің бәрі әдеби болады дегенмен бірдей. Ғалымдардың айтуына қараған­да жер жүзінде 2500 – 3000 тіл болса, солардың тек 250 – 300-і ғана әдеби тіл де, қалғандары жазуы жоқ тайпа, халықтар тілі екен. Тіл білімінде тілдерді осылай бөлудің үлкен мәні бар. Оның тірегі – жазу.

Ф. П. Филин әдеби тілге арналған соңғы еңбегінде жазудың халық өмірінде ерекше роль атқаратынын айта келіп, жазу әдеби тілдің бірден-бір белгісі болмағанмен, ең бір шартты және маңызды белгісі болатынын айтады [5].

Ауызекі тіл соның дәстүріне негізделген, соны сақтайтын ауыз әдебиет тіліне қызмет атқарса, әдеби тіл оның үстіне эстетикалық, идеологиялық, танымдық [6, 15] (познавательная) қызмет атқарып, оның барлық жақсы, таңдамалы байлық, нормалық қасиеттерін жазба әдебиет арқылы бойына сіңіріп, оларды ілгері дамыта отырып, баспасөз жұмысын, оқу-ағарту, мәдени істерін, ғылым, эко­номика, саяси-әлеуметтік ел басқару жұмыстарын атқару құралы ретінде ерекше қызмет атқарады. Әдеби тілдің сондай әр алуан өмірлік іс-әрекетке қызмет етуінің барысында, тіл жұмсау функциясы да (қызметі де) саралана түседі. Әр түрлі қызмет атқаратын әдебиеттің өзара орайлас оқшауланған шоқы-шоқы түрлеріне бейімделген ресурстары жасалады. Солар ұлгая келіп, әдеби тілдің стильдік тармақтары бой түзеп, дами бара ресми іс-қағаздар, көркем әдебиет, публицистикалық әдебиет, оқу және педагогикалық әдебиет тілдерінің стильдері сараланады. Егер осылардың бәрі ертедегі ауызша тілде, ауыз әдебиеті тілінде бар болса, жазба әдебиет тілін олардан бөліп алып, әдеби тілді ерекше тілдік кате­гория деп қарамаған болар едік.

Тілді осылай әр түрлі стильдік орайға бейімдеп пайдалану, тілдің жалпыға ортақ әдеби нормаларын қалыптастыру – тілдің қоғамдық қызметінің кеңеюімен, өмір талабының ұлғаюымен байланысты. Солардың бәрінің түпкі тірек арқауы – жазу. Жазу, жазба әдебиет, әдеби тіл – бірінсіз-бірі болмайтын, өзара тығыз байланыстағы категориялар. Олардың пайда болуы халық өмірінің көркею, өнер-білімге қол созғанының белгісі. Ал жазба әдебиеттің еркін дамыған кезі, халықтың барлық өміріне игілікті жаңалықтар енген кезі – әдеби тілдің де кемелденген дәуірі болады.

Рас, әдеби тілге тән кейбір белгілердің элементтері ертедегі ауызша тілде, ауыз әдебиеті тілінде жоқ емес. Бірақ “Алыстан бұлдырап көрінгеннің бәрі мал емес, сақалы өскен кісінің бәрі шал емес” дегендей, әдеби тілге тән болар-болмас нышандары бар тіл де әдеби тіл емес. Әдеби тілдің негізі, даму арналары халық тілі, халық әдебиетінің ауызша түрі болғандықтан, оларда көзге түскен әдеби нышандар, әрине, өнімді егіннің сапалы ұрықтары сияқты болады. Мысалы, халық тілінің байлығы, оны жүйелілігі, онда көркем әдебиет стиліне тән кейбір көріктеу тәсілдерінің болуы қазақ тілінде пәлендей ірі, оқшауланған диалектілердің жоқтығы, халықтың “өнер алды – қызыл тіл” деп сөз өнерін жоғары бағалауы, сауатсыз қазақтардың сөйлеу тілінде кездесетін ой ұшқырлығы бәрі, айналып келгенде, әдеби тіл жасаудың жүгін жеңілдететін тілдің әдебилік белгілерін жетілдіретін қоры. М. Горький айтқан “шикі тілдің” жазба әдебиеттің елегінен өтіп, кедір-бұдырдың орнына сұрыпталған жалпы халыққа ортақ біршама тұрақталған нормаларының қалыптасуы, стильдік тармақтарының саралануы, қоғамдық қызметінің әр алуандылығы, тіл байлығының молаюы – сол “шикі тілдің” кемелденіп, ойы, сана-сезімі өскен халықтың барлық мүддесіне, іс-әрекетіне қызмет ететін, “пісіп” жетілген оның (халық тілінің) жоғары формасы болғандығы.

Сондықтан қазіргі қазақ әдеби тілі халық тілінің кемелден­ген, сұрыпталған жоғары формасы болғанына қарап, оны ерекше тілдік категория деп танимыз. Ол категорияның басын құрастыратын негізгі тірегі – жазу. Жазба әдебиетсіз-ақ әдеби тіл жасала береді деу – төл әдеби тілдің тарихын әріден бастау мақсатымен әдеби тіл шатқалына жасалған барлау болар.

Сөйтіп, әдеби тіл жасауының шарты да, әдеби тілдің ұйытқысы да жазу болса, ол тек әдеби тілдің сыртқы көрінісі, шартты белгісі ғана емес, оның өзі – халықтардың ілгері даму бағытында пайда болатын орасан зор мәдени және рухани байлығы. Ол әу баста әдеби тілді қалыптастыруда қызмет етсін деп жасалмайды. Бір ел мен екінші ел, мемлекет, адамдар арасында болатын қарым-қатынастарды, ой-пікірлерді білдірудің түрлі шартты белгілері мен таңбалары ретінде пайда болса, кейін олар сауаттылық үшін де қызмет етті. Жазудың кітап баспасына жұмсалуы, оның жекелеген ресми адамдарға ғана емес, көпшілікке арналғанының танымал болуының белгісі.

IX ғасырларда Орта Азия, Қазақстан аймақтарына таралған ислам діні араб жазуын да ала келді. XII ғасырларда сол араб жазуымен қыпшақтар мен оғыздар тілінде “Мұхаммат-нама”, “Гүлстан” сияқты елеулі шығармалар жазылды. Егер сол мұраларға қазақтар да ортақ болды деген тезисті құптайтын болсақ, сол кездегі араб жазуына қазақтар да ортақ болған деп білеміз. Тарихшылар мағлұматтарына жүгінетін болсақ, қазақ даласында XVII ғасырларда діни мектептер мен медреселерде, басқа жерлерде де оқып, арабша сауатты болған адамдар әдепкіде ат төбеліндей аз болса, кейін XVIII ғасырларда сауаттылар көбейіп, солардың арасынан қазақша өлең, жыр, қисса жазғандар көріне бастады. Хандар және басқа ел билеушілердің жарлықтары мен іс-қағаздары сол араб жазуында жазылды. Солар да кейін дәстүрге айналып, араб жазуы пантюркист, панисламистердің қүралына айналған кезде, қазақ елінде араб әріптерімен жазылған өлең-жырлар көбейді. Баспадан шығару мүмкіншілігі жоқ кезінде, олардың жақсы үлгілері ел арасына ауызша таралып, кейін авторлары ұмытылып кеткендері көп болды. Соларды біздің кейбір ғалымдар жазуға дейінгі әдеби тіл деп таниды. Дұрысында, жазу XVII ғасырдан бұрын да болғанмен, кейбір аты аталған ақындар өлеңдері өздерінің мазмұны, түрі, көркемдік сапасы жақсы, таза қазақша айтылғандықтан, кейінгі дәуірге өтудің “көпірі” болды деу дұрыс болар, бірақ олар әлі әдеби тіл үлгісінің өзі емес.

Сол тұста араб жазуымен қазақ тілінде қазақша жазылған әде- биеттердің “кітаби тіл әдебиеті” деп аталуы ислам дінін уағыздайтын ақын-жыраулардың, арабшадан, парсышадан қазақ тіліне аударылған діни кітап, қиссалардың пайда болуымен тығыз байланысты. Сол “кітаби тіл” өз заманына лайық әдеби тіл болатын. Сонымен қатар сол тұста шығармаларын таза қазақша жазатын өкілдер де болды. Кейін діни реакцияшыл бағыт пен халықтық демократиялық бағыт ұстаушылардың арасында елеулі тайталастық болды да, ақырында демократиялық бағыт үстем болып, жаңа са­палы әдеби тіл жасалды. Сөйтіп, оның (қазақтың төл әдеби тілінің) басы XVIII ғасырдың соңы, XIX ғасырдың бірінші жартысы деп танылуы сол кезде жазба әдебиеттің іргесі қаланып, Дулат, Шортанбай, Махамбет сияқты оның көрнекті ақындары мен басқа да жазба әдебиеттердің болуы, жазудың әдебиетке, білімге қызмет етуі, халықтың алдыңғы қатардағы уәкілдерінің шығыс және орыс мәдениеті, өнер біліміне қол созып, сана-сезімінің ояна бастауы жаңа сапалы жазба әдебиеттің дамуына жол ашты. Солар жазу арқылы қаланды, сақталды, жазу арқылы көпке тарап, оның құны артты, сонымен қатар, ол нұсқалар хатқа түсу, баспадан шығу жолында талай сыннан өтіп, ажарланып, норма- лық; дәрежесі, қоғамдық қызметі артты.

Бірақ хатқа түскеннің, басылып шыққанның бәрі бірдей әдеби тіл үлгілері бола бермейді. Мысалы, ерте заманда теріге, ағаштың қабығына, тасқа “жазылған” кейбір таңбалы, пиктографиялық, клинопистік жазуға қарап, ерте заманда қазақтың әдеби тілі болды деу дұрыс емес. Орхон-Енисей өзендерінің бойынан табылған ескерткіш тастарға жазылған жазуға қарап, олардың тілі әдеби тілдің үлгісі дейтіндер бар. Солардың қазақ тіліне жанама түрде, алыстағы елес сияқты бұлдыр мұра ретінде қатысты болуы мүмкін, бірақ оны да, Жамбыл қаласы маңынан табылған тастағы жазуды да ертедегі әдеби тілдің үлгісі деуге болмайды.

Жазуды әдеби тілдің ұйтқысы, бас арқауы сияқты деп тану үшін жазба әдебиеттің іргесі кеңейіп, кең құлашты, жалпы халыққа ортақ рухани байлық, мұра болуға тиіс. Әдеби тілге тән белгілер жазба әдебиетте бой көрсетіп, қалыптаса түсуіне, ілгері дамуына қызмет еткен жазуды ғана әдеби тілдің “жанды” бөлшегі, әдебиеттің елеулі сипатының бірі деуге болады. Одан бұрын жазусыз пайда болған әдебиеттің тілі әдеби тіл деп есептелмейді, оларды тек әдеби тілді жасаудың қоры деп қарауға тиіспіз.

Сонымен, жазу әдепкіде тілдің алыстағы көшбасшысы сияқты болса, кейін әдеби тілдің пайда болуының катализаторы, бара- бара әдеби тіл дамуының тірегіне, әдеби тілді қалыптастырудың құралына айналады. “Оқу -білім азығы” да, жазу – әдеби тілдің берік қазығы. Соңғысы өркені өскен халықтың елеулі табысымен қатар, әдеби тілді белгілі бағытқа ойыстырып, оның иін қандыратын ұйытқы бөлшегі.

Басқаша айтқанда, әдеби тілдің даму тірегі – жазу. Жазу арқылы кестеленбеген тіл – әдеби тіл емес, жазусыз да әдеби тіл жасала береді деген сөз – тілдің әдеби, әдеби еместігінің айырма-жігі болмайды деген сөз. Жазусыз әдебиет тілі- шала-жансар тіл.

Кейбір ғалымдар “ауызша әдеби тіл” ерте заманда, XV ғасырларда, әр түрлі қоғамдық қызмет атқарған дейді. Соны қалай түсінуге болады? Әдеби тілдің басты белгісінің бірі – оның қоғамдық қызметінің әр алуандығы. Тілдің табиғатына тән нәрсе – оның барлық ұзақ өмірінде, қоғамдық құбылыс ретінде, коммуникативтік қызмет атқару. Тілдің коммуникативтік қызметі – оның қоғамдық қызметі деп саналады. Сол тілдің жоғарғы формасы – әдеби тіл ол халық тілі негізінде, жалпы халықтық әдебиеттің қалыптасу процесінде жасалып, оның қоғамдық қызметі де кеңейе береді. Олар көп салалы қоғам өмірінің түкпір-түкпіріне тарап, әр алуан қызмет атқарады. Соны қазіргі қазақ әдеби тілінің жұмсалуы қызметінен байқауға болады: ол коммуникативтік қызмет атқарумен қатар еліміздің барлық іс-әрекетіне қызмет етеді. Сол қызметте- рін қамтамасыз ететін, қазақ тілінің бұрынғы сөз байлығының үстіне әр қилы саяси-әлеуметтік, ғылыми-техникалық жаңа сөз, жаңа терминдер, сөз тіркестері пайда болды. Солар және баспа әдебиеттің түрлі-түрлі қызметіне сәйкес тіл байлықтары белгілі стильдік тармақтарға ойысып, тарамдалып, әдеби тілінің функциялы стильдер тармақтарының ресурстарына айналады, соларға жазу себепші болады.

Осылардың бәрі ерте замандағы “ауызша әдеби тілде” болған болса, бүл тіркесті тырнақшаға алмай-ақ қолдана беруге болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Ысқақов А.Ы. Алтынсарин және қазақтың ұлттық әдеби тілі. –Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. Алматы, 1981, 33-б.

2. Әбілқасымов Б. Қазақтың жазба әдеби тілінің тарихына қатысты кейбір мәселелер жайында. – Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. Алматы, 1981,124- б.

3. Ибатов Ә.Әлиев Ф. Жүйелі зерттеу. – Қазақ әдебиеті, 1982, 17 сентябрь

4. Мағауин М. Әдебиетіміздің тарихы әріде жатыр. – Жұлдыз, 1966, № 11.

5. Филин Ф. Истоки и судьбы русского литературного языка. М., 1981. С. 183

6. Дешериев Ю.Д. Языковые проблемы многонационального советского общества. – Вопросы языкознания, 1982. №6. С. 15

Балақаев М. Б.

«Қазақ әдеби тілі»- Алматы, 2007.- 332- 342 б.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы