ҰСТАЗЫМЫЗ ШӘКІРТТЕРІНЕ КӨП ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

1  465 көрілім

Түркістанда театр ашып әрі сол театрда ойнайтын актерлерді де Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Өнер факультетінде өзі дайындап шығарған дара тұлға, сахна саңлағы Райымбек Сейтметов болатын. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» деп Абай данамыз жырлағандай, Райымбек Сейтметовтің артында қалдырған театр әлемі бүгінде Түркістан облысының орталығы атанған шаһар жұртшылығының рухани мәдени ордасы.

Өмір мен өнердің айдынында ескекті қалт жібермей ұстап, шығармашылықтың сан-тарау жолынан сүрінбей өтіп, еңбектерімен ел үмітін ақтап келе жатқан Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының тыныс-тіршілігі, жаңа келбеті жайлы білу мақсатында театр басшысы Ержан Исатаевпен сұхбаттасып, келелі мағлұматтарға қанықтық. 

– Ержан Ибадуллаұлы биылғы жылдың маусымашарын қандай қойылыммен бастадыңыздар. Жалпы театр ұжымы нешінші маусымын ашты?

– Биылғы 2019 жылы 11 қыркүйек күні Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» (әпсана) қойылымымен театрымыздың 19-ыншы маусымын аштық. Бұл әпсананы қазақ тіліне аударған Қ.Төлеуішев пен А.Маемиров.

Жаз жайлау мен қыс қыстаудың арасында жүретін шопандар өмірінен бастау алатын қойылымда адамдар арасында кездесетін алауыздық, сатқындық, менмендік секілді іс-әрекеттер аңдар бейнесі арқылы бүкпесіз суреттелген.

Жемтігін жеңіл жолмен табуды көздеген аңдар Тұзар итті өздерінің күзіріне айналдыруды ойлайды, тұзағына да түсіреді. Дегенмен, «адамнан артық тіршілік иесі жоқ» деген қағиданы ұстанған көкбөрінің ұрпағы саналатын ит бәрінен бас тартады. Қожайынына деген адалдығын дәлелдеу үшін жайлауда қалған шекпенді қыс бойы күзетіп, түрлі қиындықты басынан өткеріп, арып-ашып көктемге жеткенде, қожайынын көрген Тұзар иттің көңілі су сепкендей басылады. Себебі, «Қасқырда қас қылмайды жолдасына» деп жүретін адам баласы өзінің адал серігіне иттік, опасыздық жасайтынына осы қойылым арқылы көз жеткіздік. Осылайша, философиялық ойға құрылған көркем қойылымда аңдар бейнесі арқылы адамдар арасындағы жақсы-жаман қасиеттер сараланып, ақ пен қараның ара жігі ажыратылады.

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры өз көрермендеріне жаңа рухани маңызы бар саналы дүниелер қойып, халыққа қызмет көрсетуде.

– Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған алғашқы Жолдауында еліміздегі мәдениет саласы қызметкерлері жайлы жақсы жаңалықтар айтты. Жолдау туралы өз ойыңызбен бөліссеңіз?

– Жалпы мәдениет саласына көптен бері көңіл бөлінбеген болатын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында мәдениет саласына ерекше көңіл бөлінетінін атап айтты.

Біз мұны рухани құндылықтарды дамыту мақсатында дәріптеп, насихаттап жүретін мәдениет саласының қызметкерлеріне жасалған үлкен қамқорлық деп білеміз.

Сонымен қатар, Президент келер жылы аталып өтетін республика көлеміндегі маңызды 3 мерейтойды үлкен дәрежеде ұйымдастыруды тапсырды. Атап айтсақ, Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекелерін жоғары деңгейде өткізу. Біз де осынау үлкен іс-шараларға өз үлесімізді қосатын боламыз. Осы орайда, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына ұстазымыз Райымбек Сейтметовтың «Қалың елім қазағым…» поэтикалық драмасын ұсынамыз. Ал, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына Шахмет Құсайыновтың «Әбунәсір Әл-Фараби» атты екі бөлімді трагедия қойылымын дайындап жатырмыз.

– Ержан өзіңіз де өнер адамысыз Өз шығармашылығыңыз өнер ордасының жұмысының тасасында қалып жатқан жоқ па?

– Ұстазымыз Райымбек Сейтметов бізді, шәкірттерін тәрбиелеп, шыңдады. Ол кісінің шәкірттеріне жасаған жақсылығы өте көп. Кезінде ұстазымыз көркемдік жетекшілік еткен үлкен қойылымдарда басты кейіпкерлерді, атап айтсам, «Әмір-Темір» қойылымында Әмір Темір рөлін, «Көк түріктер» қойылымында Күршат рөлін, «Хан кене» қойылымында Наурызбай батырды, «Еңлік- Кебек» қойылымында Кендірбай би рөлін, «Беу қыздар-ай» қойылымында Хасен доцент рөлін сомдадым. Осы киелі сахнада шыңдалып, ұстаз ұсынысымен ол кісіге ассистент болып, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің өнер факультетінің магистратурасында оқыдым. Бұдан кейін осы университеттің актерлік өнер кафедрасында еңбек етіп, 7-8 жыл студенттерге дәріс бердім. Кейін осы кафедраның меңгерушісі болып қызмет еттім. Өнерден шеттеп жүрген жоқпын, қайта өнердің қара қазанында қайнап жатырмын. Бірақ сахнаға шыққым келіп, киелі сахнаның өзіне тартып тұратыны рас. Дегенмен, басшылық қызметті, жауапкершілікті тапсырғаннан кейін өз шығармашылығымды уақыт еншісіне қалдырдым. Алла қаласа, алдағы уақытта сахнаға шығамын деген мақсатым бар.

– Жаңа облыс орталығының көрермендерінің талғамына орай бұрын қойылмаған жаңа қойылымдар ұсынылуда ма? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазіргі таңда 2 жаңа қойылымды дайындап жатырмыз. Біріншісі, балаларға арналған Л.Симонованың «Алтын дәннің құпиясы» атты ертегісі.

Татулық пен берекені, жауыздық пен достықты, адалдық пен қастықты суреттейтін туындының айтары да, ой салатын тұстары да бар. Ертегі соңы әдеттегідей жақсылықпен аяқталды. Мұратқа жеткен кейіпкерлер, бірлік пен татулықты алға тартады.

Ал, екінші қойылым – Ерен Әлімжанның «Бір қазаққа – бір қатын»

эксцентрикалық комедиясы. Қазіргі таңдағы отбасындағы мәселелерді паш етіп, жастарды бір-бірін қадірлеуге, сыйлауға және жақсылық жасауға шақыратын өте жеңіл әрі қызықты қойылым.

Жылына 5-6  жаңа қойылым сахналап, тұсауын кесіп отырамыз. Алдағы қазан айында Қазақстанның Өзбекстан еліндегі мәдени күндеріне орай өтетін іс-шараға Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» драма қойылымын алып барамыз деп отырмыз. Сонымен қатар, еліміздің облыстарына, аудан, қалаларына театр репертуарындағы қойылымдармен гастрольдік іс-сапарға шығуды жоспарлап отырмыз.

Қазіргі таңда театр репертуарында 44 ірі қойылым, бұдан бөлек балаларға арналған 19 ертегі көрермендерге ұсынылуда. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры әр аптаға 5-6 қойылым қояды. Күндіз балаларға арналған ертегілер қойылымы көрсетіледі. Көрген жанды әсерге бөлейтін, рухани азық беретін, күш-қуат дарытатын қойылымдарымызды келіп көруге барша түркістандықтарды шақырамыз.

– Театр жанынан бой көтерген жаңа аллея жайлы айтып өтсеңіз?

– Театр жанында бұрыннан аллея бар болатын. Бірақ, адамдар келіп демалып отыратын жағдайлар қарастырылмаған. Міне, енді демалып отыратын орын-дықтар, беседкалар салынып аллеяның көркін ғажайып әлемге бөледі. Облыс орталығы атандық, оның үстіне темір жол вокзалына барар жолда  орналасқан театрдың хас беткейіндегі аллеяның көркейіп, ғаламат кейіпке енгені біз үшін үлкен қуаныш. Бұл театрдың сыртқы келбетін одан әрі ашып, көрермендеріміз үшін арнайы салынған демалыс орынындай көрінеді.

Біз мұны өнерге деген үлкен құрмет деп білеміз. Сондықтан қаламызды көгалдандырып, көркейту жұмысын жүргізіп жатқан қала әкімдігіне рахметімізді айтамыз. Осындай керемет жасалған дүниелерді жастарымыз сындырып-бүлдірмей, қадіріне жетіп, бағалап ұстаса екен деген игі ойдамыз.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы