СОТ ЖҮЙЕСІН ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЖҮРМІЗ?

351 көрілім

Елдегі сот жүйесінің тарихы қазақ билерінен бастау алады. Олар Шыңғыс хан қағанатының заң ережелерін бекіттірген. Майқы би «Орда биі» атанған. Ол кезеңнен «Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» деген даналық сөз қалған.

Беріде қазақ құқығының жүйе­ленген қайнар көзі болып табылатын «Қасым ханның қасқа жо­лы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын дала заңдары жа­рияланды. Заңдар жинағы – «Жеті жарғыны» бекіттірген, Әз Тәуке ханның тұсында билік еткен үш төбе биіміз – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би төрге шықты.

Қазақ билері бүгінгі болаша­ғы­мыздың жарқын және кемел болуына көп еңбек сіңірді, дамып, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты. Билер жүйесі мемле­кетіміздің қалыптасуына, хал­қымыздың ой-санасының, әлеу­меті мен мәдениетінің өсуіне зор ықпал етті. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары бар» деген бабаларымыздан қалған ұлы сөз бар. Қазақ қоғамындағы белгілі бір тектілік қасиеттерді ұстанған турашыл би-шешендеріміздің «қара қылды қақ жарған» әділ шешімдерінің ел, ру арасында орындалуы міндетті шарт болып табылған. Әрбір би әділ шешімдерінің өз ортасына ғана емес, дүйім жұртқа жайылғанын қалаған. Осындай мәртебе арқылы ел сеніміне ие болып, үмітін ақтау үшін аянбай қызмет еткен.

Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы әрбір салада құқық мәртебесінің артуына, тарихи шаһарда заңның үстемдік құруына атсалысып жатқан жауапты тұлғаларының арасында сот қызметінің мерейі үстем деуге толық негіз бар. Түркістан қалалық сотының өз қызметін жетілдіре түсу жолындағы еңбектерін елге насихат ету бірінші кезекте жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды. Құқықтық мәдениетті дамытудың бір тармағы осы деп қарайтын болсақ, алдағы аталмыш сала төңірегінде әлі де көп жаңашылдықтарды жария ететін боламыз.

Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі Конституциямен және «Сот жүйесі мен судья­лары­ның мәртебесі туралы» Консти­ту­ция­лық Заңмен реттеледі. Қа­зақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны Ата Заңымызда айқын жазылған.

Еліміздің сот жүйесін Қазақ­стан Республикасының Жо­ғар­ғы Соты, Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына және Конституциялық Заңға сәйкес құ­рылатын жергілікті және басқа сот­тар құрайды. Ешқандай өзге ор­гандар мен тұлғалардың судья ­өкі­­леттігін немесе сот билігі функ­­­цияларын иеленуге құқығы жоқ.

Сот билігі Қазақстан Респуб­лика­сының атынан жүзеге асырылады және азаматтар мен ұйым­дардың құқықтарын, бос­тан­дықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауға, Республика Консти­туциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық акті­лерінің, халықаралық шарт­та­рының орындалуын қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Сот жүйесін жетілдіру шең­­­берінде сот сатысының үш буын­ды жүйесі енгізілді, мамандан­ды­рылған соттар, инвес­тициялық сот өндірісі құрылды. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік әділет өз жұмысын бастады.

Бүгінгі сот жүйесі еліміздегі түбегейлі өзгерістермен тікелей байланысты реформаларды бас­тан өткеруде. Реформалардың мақсаты – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.

Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Кон­ституция мен заңға ғана бағы­нады. Ал заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Ендеше, судьяның әділ төрелікті дөп басып айтуы маңызды. Осы бағыттағы сот жүйесіндегі реформалар тәуелсіз Қазақстанның Жаңа Қазақстан құру жолында әділ сот төрелігін құру үшін судьялардың жауапкершілігін, көтерер жүгін арттырады. Сәйкесінше, сот корпусына талаптар күшейтілді.

Әрине, судья мамандығы еш­­қашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздегі сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына үлес қосу – мәртебе әрі мақтаныш. Ал биыл 24 маусымда алғаш рет кәсіби мереке – «Судья мен сот қызметкері күні» атап өтілді. Елімізде әділ сот төрелігін қалыптастыру мен жетілдіру жолындағы қажырлы еңбек етіп келе жатқан әріптестерге табыс, төзімділік, күш-қуат тілеймін.

Президент тапсырмасымен судьялар арасындағы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы пәрменді шара­лар жүріп жатыр. Оны қоғам сезіне бастады. Соңғы уақыт­та судьялардың парамен ұсталу фак­ті­лерінің орын алуы осыны айғақ­тайды. Осы арада бұл мәселені қо­ғамға судья көзқарасымен тү­сін­діріп өткім келеді. Өйткені оның «сырын» былайғы жұрт көп бай­қай бермейді. «Судья парамен ұс­тал­ды» десе болды, жерден жеті қоян тапқандай, Жоғарғы Сот бас­­шылығын, не жалпы судья­лар қауымын қаралап жатады. Шын мә­нінде солай ма? Жоқ, мүл­де олай емес.  

Біріншіден, сот – классикалық стильдегі мемлекеттік орган емес. Шешімді судья­ның өзі дайындайды және өзі шығарады. Осы орайда оның кеше ғана судья болғаны немесе 20 жыл­дық жұмыс өтілінің бар-жоқ­тығы маңызды емес. Айта­лық, шенеуніктің қатесін тез ара­да, айғай-шусыз түзетуге бола­ды және бұл туралы сырттан біреу­лер­дің, яғни көпшіліктің білуі екі­та­лай. Ал судьяның қателігін жоғары тұрған орган ғана түзетуге құ­қылы. Мұның өзі әрдайым ашық жағдайда өтеді және бірден іске ас­пайды. Оған кем дегенде бір айдан астам уақыт өтеді. Яғни ше­неунік пен судьяның қате­лік­терінің салдары – жер мен көктей. Екіншіден, соттар кадр мәселелерінен шеттетілген. Сот кадр­ларын іріктеумен сот төр­аға­лары емес, мүлдем басқа орган – Жоғары сот Кеңесі айналысады. Кеңес жұмыстан босату немесе жаза беру мәселелерін де шешеді.

Ал судьяның пара алуының се­бебіне үңілсек, бұл судьялық кадр­лар сапасына тікелей байланыс­ты ма деп ойлаймын. Мысалы, 2018 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 230-дан аса жаңа судья қабылданған. Осыған байланыс­ты 2014 жылы бұрын-соңды бол­ма­ған жағдай орын алып, 750 кан­ди­даттың 500-і бірден судья атанды. Бұл әр үш үміткердің екеуі судья мантиясын киді деген сөз. Ал енді қараңыз: осы 500 судьяның 103-і түрлі негіздер бойынша лауазымдарынан босатылды. Олардың ішінде 19-ы тәртіптік жазаға тар­тылды. Ал 10 судья сыбайлас жем­қорлық үшін қылмыстық қудалау объектісіне айналды.

Елбасы мен Мемлекет басшы­сы­ның Жоғарғы соттың басшы­лы­­ғ­ына берген нақты бағыт-бағ­­дарынан кейін судьялыққа білікті мамандарды тартуға жол ашылды. Жаңа HR сүзгілері «кез­дей­соқ» және кәсіби деңгейі т­өмен заң­герлердің сотқа келуі­не тос­қауыл қойды. 2018 жылдан бас­тап жы­лына 50-ге жуық үміт­кер судья лауазымына таға­йын­далу­­да. Енді судьялыққа үміт­кер­­­лер­ді мұқият тексеруге әрі зерт­­­теуге мүмкіндік бар. Мұны цифр­­­лар­дың өзі дәлелдеп береті­нін бай­қау­ға болады. Егер 2018 жыл­ға де­йін­гі 5 жылды алып қара­сақ, 100 кан­ди­даттың 25-і судья болға­нын аң­ға­рамыз. Қазір әр 100 үміт­кер­дің ішінен судьялыққа өтетін адам­­дар­­дың саны әрі кетсе 6-дан аспайды.

Осы уақыт ішінде 300-ге жуық бос жұмыс орны пайда бол­ды. Әрбір 4-ші аудандық сотта төраға жоқ. Мұның себебі тілек біл­діру­шілердің жоқтығында емес. Олар­дың қатары жеткілікті. Мәселе – кандидаттардың Жоғары Сот Кеңесінің жаңа талаптарына сәйкес келмей отыр­ғанында. Екінші ма­ңыз­ды мәсе­ле, менің ойымша, қазір­­гі жағ­дайдың ерек­шелігі. Бү­­г­інгі таңда судья­лар­дың кәсіби жа­­рам­­дылы­ғын бағалаудың жаңа көп сатылы жүйесі енгізілді. Жүйе қазір­дің өзінде халықаралық сарап­шылар тарапынан оң пікірге ие бол­ды. 2019 жылдан бастап 600-ге жуық судьяның атқарған қызметі осы­­лай бағалануда. Олардың 10%-ы судья­лыққа өтпеді, не кәсіби жа­рам­­дылығы үшін жұмыстан шы­ға­рылды, не жүктемесі аз учас­ке­лерге ауыстырылды. Бұрын бір­неше жыл ішінде 1600 судья­ның ішінен 15 судья ғана қанағатта­нар­лық­сыз баға алған, яғни 1%-дан да аз.

Кейде әлеуметтік желі­де «заң­сыз әрекетімен көзге түс­кен немесе әді­летсіз шешім қабыл­даған судья­лар неге жұмыстан шығарыл­май­ды?» деген сауал айтылып қалады.

Жұмыстан шығарылғанда қандай! 2019 жылдан бастап 83 судья теріс себептер бойынша жұ­­­мыстан босатылды немесе қыз­­­метінен төмендетілді. Бұл аз емес. Бұрынғыдан 4 есе көп. Мә­се­л­ен, мас күйінде жол апатын жа­са­ған Батыс Қазақстан облысы аудан­дық соттар төрағасының бірі қыз­меті­нен босатылды. Немесе әлеу­мет­тік желілерде Алматы облысы аудан­дық соты төрағасының каран­тин­дік шектеулер кезінде мон­шаға түсіп жатқаны туралы бей­не­көрініс болғаны белгілі. Ол да жұмыстан шығарылды. Қазір­гі таң­да Қарағанды облыстық соты­­ның 3 судьясына қатысты мате­риал­­­дар Жоғары сот Кеңесіне жіберілді.

Судья әдебі кодексін бұзғаны үшін судьяны жұмыстан шы­ғару рәсімі өте ұзақ уақытты ала­ды. Бұл үшін алдымен Судья әдебі жөнін­дегі комиссия, содан кейін Судья­лар одағының Орталық кеңесі, одан соң Жоғары сот Кеңесі жа­­нын­­дағы Сот жюриі, содан ке­­йін ғана Жоғары сот Кеңесі­нің өзі қо­рытынды беруге тиіс. Оның ұсы­нуы бойынша түп­кілікті шешімді Пре­зи­дент қабыл­дайды. Бұл процесс көбінесе ұзақ уақытқа созылады.

Қоғам, егер шаралар дереу қа­был­­данбаса, олар мүлдем қа­был­дан­­байды деп санайды. Шын мә­нін­де олай емес, әр нәрсе­нің өз мер­зімі, өз реті бар. Сон­дық­тан сот­­­­­тар­дың жұмысына қатыс­ты мә­­се­леге асы­­ғыс­­тықпен емес, түсі­­ніс­тікпен қара­­ғанымыз абзал. «Асыққан – шай­­тан­ның ісі» еке­нін әркім білсе керек.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы