ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҰТЫМДЫ ТҰСТАРЫ КӨП

478 көрілім

Қазіргі таңда елімізде 60-тан астам жоғары оқу орны заңгер мамандарды ­даярлайды екен. Заңгер оқытатын оқу ордасы көп болғанымен, білім сапасының төмен екені әр жерде айтылып та, жазылып та жүр. Өкінішке қарай, қазір бұл мамандыққа түсу – оңай, оқу – жеңіл. Осылайша, заңгерлік диплом иесі атанғанымен нан тауып жеуге жарамайтын кәсіпке айналды.

Рас, соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарын­дағы құқықтық білім беру бағдарламала­ры­ның сапасын арттыру мақсатында көп жұмыс атқарды. Алдымен осы сала­дағы білім беру бағдарламаларына қойылатын біліктілік талаптары күшей­тілді. Қазір оқу процесіндегі практик оқытушылардың үлесі артып, құқық саласында маман даярлау үшін 3 түрлі білім беру бағдарламасының болуы талап етілуде. Министрліктің заңгерлер қауымдастығына өз кәсіби стандарттарын қалыптастыру туралы ұсыныс айтқанына да біраз жыл болды. Оның үстіне биылдан бастап заңгер мамандығына оқуға түсу үшін қажетті шекті балл да көтерілді. Енді заң факультетіне оқуға түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеуден бұрынғы­дай 50 балл алу жетпейді, кемі 75 балл жинау керек.

Алайда біліктілік талаптарын күшей­тіп, шекті балды көтеру осы сала­да­ғы ең басты мәселе – білім беру бағдар­ламаларының сапасына оң ықпалын тигізе қояры екіталай. Бұл шара тек мамандыққа деген сұранысты азайтып, соған сәйкес заң факультеттерінің санын реттемек. Сонда мәселенің түйіні қайда жатыр?

Бірінші түйін – құқық саласындағы оқыту бағдарламаларының мазмұнында. Заңнамасы, әділет жүйесі ортақ мемлекетте заңгер даярлаудың бағдарла­масы да бірыңғай болуы керек. Мазмұны­на үңіліп қарасақ, негізі бізде де солай. Заңгер даяр­лайтын әр университетте түрлі атаумен 3 бағдарлама болғанымен, барлығының мазмұны бір – әйгілі Рим құқығы шық­қан дәуірден келе жатқан жария құқық пен жеке құқық. Мәселе шешімін табуы үшін еліміздегі практик заңгерлер қауымдастығы мен құқық факультет­тері заманға қажет заңгердің кәсіби стандарттарын анықтауы, ал ғалымдар сол стандартқа сай оқу бағдар­ламасын қалыптастыруды қолға алуы керек.

Екінші түйін – елімізде оқытылып жатқан құқықтық білім беру бағдарлама­ларының басым бөлігінде жария және жеке құқықтық пәндердің тепе-теңдігі сақталмайды. Баршаға мәлім, ішіне біздің ел де кіретін әйгілі «роман-герман» құқық жүйесін ойлап тапқан римдіктер құқық білімін жария құқық және жеке құқық деп екі бағытқа бөліп қараған. Кеңестік дәуірден келе жатқан үрдістің жалғасы ретінде қазір біздің елде және бұрын­ғы кеңестік елдерде заңгерлердің 90% жария құқық саласында маманданған. Өйткені сол кездегі заман мен қоғамның, қала берді партияның талабы сондай еді. Заңгер дегенде бірден қылмыстық құқықпен айналысатын, құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкер­лері еске түсетін. Құқық саласы бойынша ғылым докторы, кандидаттардың басым бөлігі диссертацияларын сол кезде беделді деп саналатын жария құқық­тық бағытқа кіретін – қылмыстық құқық, қылмыстық процесс, мемлекет және құқық теориясы, мемлекет және құқық тарихы сияқты идеологиялық сипаты басым салаларда қорғаған. Сондықтан заң факультеттерінде мықты ғылыми мектептер де осы салаларда қалыптасты.

Тәуелсіз ел атанып, жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көш­кен кезде қоғаммен бірге құқық сала­ларындағы басымдылықтар мен қажет­тіліктер өзгерді. Азаматтық құқық эко­номикалық қатынастың төріне шықты. Елге, қоғамға, бизнеске енді қылмыстық құқық пен құқық теориясының маманы емес, керісінше жеке құқықты, азаматтық құқықты жетік білетін, келісімшартпен жұмыс істейтін, сотта өкіл бола алатын, жылжымайтын мүлік, мұрагерлік, қаржы, құрылыс, тұрғын үй қатынастары, заңды тұлғалардың құқықтық жүйесіне жүйрік мамандар қажет болды. Бұл сала кенже қал­ғандықтан маман тапшылығы туында­ды. Қазір де жағдай көп өзгере қойған жоқ.

Сонымен қатар заң факультетте­рін­дегі оқытушылардың басым бөлігі қыл­мыс­тық құқық пен теоретиктер немесе жалпы жария құқықтық саланың мамандары екені белгілі. Ал бұл маман­дардың құрастырып, оқытатын білім беру бағдарламалары нарықтың қажетті­лігін қамтамасыз етуі мүмкін бе? Уақыт талабына сай бағдарлама жасағанның өзінде ол пәндерді өз маманы емес, басқа сала маманы жүргізсе, одан нәтиже шыға ма? Проблеманың басты түйіні міне осында.

Үшінші түйін – тіл мәселесі. Онсыз да елімізде саны аз азаматтық құқық мамандарының 90 пайызы орыстілді. Атақты цивилист ғалымдарымыз көбі­несе Ресей доктринасымен сусындайды, шәкірттері де тек сол жақтан нәр алып, сол елдің ғалымдарын негізге алады. Ал Жаңа Қазақстанға Ресей доктринасынан тәуелсіз, таза Еуропа құқық мектептерін (тіпті common law жүйесіне кіретін Ұлы­британия, АҚШ та емес) негізге алып, жұмыс істей алатын, мемлекеттік тілге жетік заңгерлерден құралған өз мектебі қажет. Құқық тілі қазақша қалып­тасуы үшін әділет жүйесі, соттар, заң шыға­рушы билік, құқық ғылымы таза мем­лекеттік тілде сөйлеуі қажет.

Бізде заңдар алдымен орысша жазылып, қазақшаға кейін аударылатыны баршаға мәлім. Аудармадан туында­ған қателер қомақты бір мақалаға жүк боларлықтай. Ең қиыны бұл олқылықтар азаматтарымыздың құқықтарын шектеп қана қоймай, күн санап көбейіп келе жатқан қазақтілді аудиторияның на­разылығын тудыруда. Біріншіден, аудар­ма заң қарапайым азаматтарды былай қойғанда кәсіби заңгер мамандардың өзіне түсініксіз. Екіншіден, түсініксіз заңмен жұмыс істеу қолайсыз болғандықтан тергеу амалдары, сот процесі орыс тілінде жүргізіледі. Мемлекеттік тілде жұмыс істей алатын кадр тапшылығынан орысша жетік білмейтін, тіпті түсінбейтін аза­маттардың сот процесі орысша өтуде, осылайша, олардың конституциялық құқықтары шектелуде. Ең бастысы, бұл олқылықтар заң факультеттеріндегі қа­зақша топтарда оқитын студенттердің білім сапасына кері әсерін тигізуде. Заң тілін түсінбей қиналған студенттер көп жағдайда орыс топтарына ауысып жатады. Сондықтан студент саны көп қазақ тобына қарағанда саны аз болса да түсінік­ті заңнама, сапалы жазылған кітап­пен оқыған орыс топтары түлектерінің білімі де, жұмысқа орналасу деңгейі де әлде­қайда жоғары. Бұл мәселе тез ара­да реттеліп, қажетті жағдай жасал­маса кейіннен күрделі әлеуметтік проб­лемаларға түрткі болуы ықтимал.

Еліміздегі демографиялық жағдай назарға алынса, қазақтілді аудиторияның жыл сайын еселеп көбейетіні белгілі. Ал әділет жүйесі, соттар, прокуратура, құқық қорғау органдары, заң факультет­тері бұл толқынға қаншалықты дайын? Кітап дүкендеріне кіріп, құқықтық әде­­биет бөліміне қарасаңыз қазақша кітап табу қиын. Бар кітаптың басым бөлігі орысша, дені ресейлік заңгер ғалым­дар­дың еңбектері.

Сол себепті қазіргі таңда мемле­ке­ті­міздегі құқық саласының басты мәсе­лелерінің бірі – қазақтілді заңгерлердің (оның ішінде, әсіресе азаматтық құқық мамандарының) санын көбейту, сапасын арттыру болып отыр. Өйткені бұл қазіргі заманның талабы, қоғамның қажеті.

Жоғарыда аталған түйіндерді шешу мақсатында ешкімге жалтақтамайтын тәуелсіз қазақстандық құқық мектебінің негізін қалау үшін тікелей Мемлекет басшысына бағынатын «Жеке құқықты зерттеу институтын» құруды ұсынамыз. Бұған мысал ретінде Ресей президентіне қарасты «Жеке құқық зерттеу орталығын» алуға болады. Ресейліктер жеке құқықтың маңызын, нарықтық қатынастарға көшуде заңнама жүйесінде туындайтын проблемаларды шешу жолдарын ерте болжап, осындай институтты 1991 жылы құрып тастаған.

Бұл орталықтың басты мақсаты – мем­лекеттегі заңнаманы жаңа экономика­лық қатынастарға сәйкестендіру. Орта­лық Ресейдің жаңа азаматтық кодексін, яғни мемлекеттің экономикалық конституциясын әзірледі. Біздің Қазақстанның Азаматтық кодексінің негізінде де осы орталық дайындаған үлгі азаматтық кодекс жатқаны құпия емес. Орталық осымен қатар Ресейдің азаматтық заңнама­сын жетілдіру бағытында басқа да көп­теген жоба бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді.

Тікелей Мемлекет басшысының қа­да­ға­лауында болатын «Жеке құқықты зерт­теу институты» қандай міндеттер атқаруға тиіс?

Бірінші міндет – еуропалық цивилистика мектептерінің дәстүрін негізге ала отырып, мемлекеттік тілде жұмыс істейтін қазақстандық цивилистика мек­тебін қалыптастыру.

Екінші міндет – мемлекетіміздегі заң шығару процесін қазақыландыру. Әр­бір азамат өз тілінде, жүйелі де түсінікті жазылған заңдармен өмір сүруге құқылы. Ол үшін алдымен қазіргі қолданыстағы заңнамалық актілерге ғылыми сараптама жасап, қазақша және орысша нұсқа арасындағы аутентикалық ауытқуларды және терминологиялық қателерді ретке келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Осылайша, қазақша құқық тілі біртіндеп бір жүйеге келмек.

Үшінші міндет – әділет жүйесін (сот, прокуратура, әділет) қазақша сөй­лету. Осы мақсатта (орысша аударма­дан тәуелсіз) практикалық, ықшам да ыңғай­лы, филологтердің қатаң талаптарынан ада қазақша құқық тілінің стандартын қалыптастыру керек. Заң шығарушы билік, заң факультеттері, ғылыми орта және әділет жүйесінде осы тілдің біркелкі қол­данысын жолға қою үшін даму жос­парын жасау, насихаттау және бұл процеске жүйелі түрде қолдау көрсету.

Төртінші міндет – еліміздің азамат­тық заңнамасының проблемаларын шешу мақсатында Мәжіліске ғылыми негіз­делген ұсыныстар дайындау. Сонымен қатар заң факультеттерінің азаматтық құқықтық бағыттағы ака­де­миялық және ғылыми зерттеу жұмыс­тарын дамыту мақсатында жүйелі қолдау көрсету.

Бесінші міндет – нарықтық қаты­нас­тарды, кәсіпкерлікті дамыту мақса­тын­да азаматтық құқық саласында түбе­гейлі реформа жасау, Азаматтық кодекс­ке нарықтың, бизнестің ыңғайына сәй­кес өзгерістер енгізу. Азаматтық құқық­тың монистік жүйесінен бас тартып, аза­маттық құқықтың ішінен – сауда, банк, бағалы қағаздар, корпоративтік құ­қық­тар сияқты бағыттарды бөліп шыға­рып, өз алдына дербес құқық саласы ретінде қалыптастыру.

Алтыншы міндет – азаматтық құқық саласындағы немесе осы саламен байланысты кез келген заң жобаларына және олардың тұжырымдамаларына сараптама жүргізу.

Жетінші міндет – Түркі мемлекет­тері­нің одағы және Орта Азия елдерінің ода­ғы ұйымдарының шеңберінде аза­маттық заңнаманы дамыту және унификациялау тұрғысынан ғылыми зерттеулер жасап, заңнамалардың біркелкілігін қамтамасыз ету тұрғысында жұмыстар атқару.

Әрине, заң факультеттерінде, ғылыми ортада кеңестік кезеңнен бастау алып қалыптасқан, қазіргі заман талабына кереғар болса да үстемдігі жалғасып келе жатқан ой-пікірлер мен практиканың бір сәтте өзгеруі қиын. Бірақ бұл мәселелер ғылыми ортада, қоғамда айтылып, жазылып, талқылануы керек. Әсіресе, диалог пен мәміленің жоғары мәдениетін қалыптастыруды мақсат тұтқан Жаңа Қазақстанда. Өйткені әр азаматы ойын­дағысын еркін айта алатын қоғамда ғана халықтың жасампаздық әлеуеті артып, өмірдің барлық саласы дамып, гүл­денетіні анық.

Саясаттанушылардың пікірлеріне қарасақ елімізде азаматтық қоғам құруда біршама элементтердің топтасуы қажет екен, ендеше ол топтың ішінде құқықтық білім беру өзіндік орнын табады, құқықтық білім беру азаматтық қоғам құрудың негізі екенін бүгінгі таңда бәріміз мойындадық. Әрекеттегі Конституциямыздың 1 бабымен Қазақстан құқықтық мемлекет деп танылған. Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы құқықтық саналы, құқықтық мәдениетті болуы қажет. Мемлекетіміздің осы мақсатпен қабылдаған «2010-2020 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» да осыны көздеді. Құқықтық оқыту және құқықтық тәрбие өзара табиғи байланысқан. Құқықтық мәдениетті қалыптастыру үзіліссіз процесс болуы қажет.

Сонда ғана ол өз кезеңінде тұлғалардың заңдарға бағыну санасын қалыптастырады. Құқықтық білімді күнделікті кеңейту және тереңдету әрекеттері өзіндік  мазмұнына сәйкес бағытталуы керек. Құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізі – құқықтық білім беру мен құқықтық насихат жасау арқылы зияткерлік әлеуетті арттыру болып табылады. Өйткені қоғам құқық пен заңды білмейінше, құқықтық мәдениет қалыптаспайды. Құқықтық білімі бар және оны өмір жағдайларында қолдана алатын құқықтық мәдениеті жоғары азамат заңдылықтың бұзылуына жол бермейді. Сондықтан да азаматтарымыз Ата заңымызда көрсетілген өзінің құқықтары мен міндеттерін жете білуі қажет.

Жастар – еліміздің саралы жолын дамытудың болашағы. Қазіргі таңда жастар қоғамды дамытудың барлық саласында  белсенділік танытуда. Соған қарамастан жастар арасында қылмыстың өсе түсуі, жағымсыз мінез-құлықтар мен әдеттердің көрініс алуы кездесіп отыр. Сандық мәліметтерге сүйенсек, көп жағдайда қылмыскерлер мен бұзақылардың жастық ерекшеліктеріне аса мән берілмейді. Бұл топтағы жастар отбасын құрып, мемлекетіміздің белсенді жасаушысы болмақ түгілі, өздерінің және өзгелердің өмірлеріне жауапсыз қарайтындығы анық. Батыс мәдениетіне еліктеушілік жастардың бойында жағымсыз қылықтардың дамуына алып келіп отыр.

Жастар арасындағы жыныстық қатынас, кісі өлтіру, бейбастық, қарақшылық, еркін махаббат, жоспарланбаған жүктілік, тастанды бала және тағы да басқалар қатты алаңдатушылықты тудырады. Мұндай бейбастық іс-әрекеттер ұлттық тәлім- тәрбиеге, этностық қарым- қатынасқа түбірімен қарсы бағытталғанын естен әрдайым шығармау қажет. Қоғамымызда болып жатқан осындай келеңсіз, кесірлі құбылыстарға қазақ жастары болашағының едәуір бөлігі елігіп, еліктеуі қанат жайып бара жатқаны бізді алаңдатары сөзсіз. Аталмыш жағдайлар азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, арттыру мәселесін алға қояды.

Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, дамытудың мақсаты дұрыс анықталып, құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қызметтің жүйеленген органдары және олардың қоғамдық бірлестіктер қызметінің, сондай – ақ еңбек ұжымдарының қызметтері  бірқалыпты  ат салысуы қажет. Көпшілік арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі мынандай болды: Біріншіден: қоғамдық қатынастарға түсуде көптеген мәмілелер жасалады алайда, көпшілік қауым сол мәмілелерді растайтын заттардың құқықтық маңызы бар екенін тіптен елей қоймайды. Екіншіден: өз құқықтарының бұзылу жағдайында азаматтардың басым көпшілігі қайда барып жүгінуді білмейді. Үшіншіден: өз беттерімен заңдылық құжаттарды рәсімдей алмайды. Төртіншіден: заңдардың бар екенін біле тұра оны іске асырудың жолын білмейді.

Бұл ағаттықтарды жою үшін мемлекет тарапынан елімізде құқықтық білімді, тәр­биені жетілдіруге арналған жаңаша бағдарлама қажет сияқты. Қазақстан азаматтық қоғамды қалыптастыруды жалғастыруда. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, жылдарды, мемлекет пен тұлға арасындағы өзара байланыста жүргізілетін күрделі процесс. Бұл процесте негізгі рөл мемлекетіміз арқа сүйенетін құқыққа берілуі керек. Нәтижесінде заңды сыйлауға, мемлекетіміздің дамуына кедергісін тигізетін құқықтық нигилизмді жеңуге жетуіміз қажет, оған көпшіліктің таң қалуын тоқтатып, заңға деген сый, құрметтеуге тәрбиелеу және жауапкершілік сезімдерін ояту қажеттілігі, яғни бұл жерде жемқорлық, заңды басынушылықтар, заңға немқұрайлы қараудың құқықтық жүйеге кереғар екендігін түсіндіру және қоғамдық моральді бейтараптық жаулап алуына жол бермеу керек.

Қазақстан жастарының құқықтық санасын кеңейтудің негізі – барлық қоғамдық топтардың, халықтың белсенді қызмет етуге және адам құқығының шеңберін кеңейтуге жол ашу. Құқыққа немқұрайлы қарау қандай да бір шектен шығушылық, заңға жауыздықпен қарау, демократиялық формадағы «Не істегім келсе, соны істеймін» деген қарама – қайшылық кереғарлықтарды жою керек. Оның бірден бір жолы болып жастарға құқықтық тәрбие беру шараларының белсенділігі болып табылады. Бұл салада Қазақстанда құқықтық нигилизм профилактикасын  дамыту керек, себебі, жастар арасындағы құқықтық нигилизмге бой алдырушылық өз кезеңінде біршама қауіп тудырады.

Сондықтан қолданылатын заңның қызметті сапалығын, заңның және құқықтық тәртіптің тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Қоғам мен құқықтық тәжірибе құқықтық білім берудің  жағымды және теріс тұстарын анықтайды. Тұлғалар сыртқы әсерлерді алғашқы қалыптасқан ішкі сенім мен нанымдарды бұза-жара өтіп белсенді және таңдаулы қабылдайды. Құқықтық білім беру аталмыш үрдісті мақсатты бағытталған, жағымды ағымға түсіре алады, заңдарды сыйлауға үйретеді, құқық бұзушылықтардың алдын алады, еліне деген құштарлықты оятады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы