МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМУ ДАҢҒЫЛЫ

170 көрілім

Қазақ халқының мақтанғысы келсе, артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана алады.

Мағжан ақынның

«Ерлік, елдік, бірлік, қайрат бар ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың,

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың» — деуі осыны айғақтай түседі. Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады». Балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екеніне баса назар аударуды талап еткен.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, зұлматтың, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес Одағының қарамағында болды. Ата – анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, ділін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен «сабақты ине сәтімен» деген. Еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді. Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Бірақ, қанша жылдан бері атқарушы билігіміз тіл туралы саясатты жүзеге асырып келе жатса да, қазақ тілінің дамуы әлі де болса кешеуілдеп тұр.

Ақын Мұхтар Шаханов былай деген еді: «Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді. Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде, Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде ». Расымен де ата – бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле – өлгенше қорғап өтті емес пе? Осыған бас ауыртатын ұлт жанашырларының саны қазіргі кезде некен саяқ. Себебі, көшеде бір қателіктер көріп жатсақ, үйреншікті нәрседей, бейқам жүре береміз. Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емеспе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек.

Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Осыны қазақ жастары түсінсе екен деймін. Алайда мұны ескермей орыс тілінде шүлдірлеп, қазақ тілінде сөйлеуді қор санап, жүрген қазақ жастары қаншама. Тіпті, қазіргі жастарымыз мән мағнасы жоқ, сөздері бір-бірімен мүлдем ұйқаспайтын әндерді тыңдап жүргенін көрсем ертеңгі жас ұрпақтың болашағына алаңдаймын.Кейбір мекемелерге барсаң орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тілінде мүлдем ұйқассыз аударылып, есіктерінде ілініп тұрады. Мұны көргендердің бірі езу тартып күліп, енді бірі оған мән бермейді де. Біздің қоғамның басты кемшілігі осы болар, бәлкім.

Бұған жауап ретінде ақын Оразақын Асқардың мына бір өлең жолдарын алар едім: «Ана тілінде ата-баба сыры бар, Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар. Өсе келе құстың тілін білсең де, Ана тілсіз оның қандай құны бар». «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді. Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл – қызы болайық, өзгенің емес,өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!

Гүлдана ҚАЛДАЯҚОВА,

Бауыржан Момышұлы атындағы №12 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы