П.Саруаров «Түркістан» қалалық газетіне жариялауға ұсынған «Киелі шаһардағы қайыршылардан қалай құтыламыз?» атты мақаласында өзі куәгер болған жайттар мен естіген деректерді келтіре отырып, қалалық полиция департаментіне хат жолдаған болатын. Мақала авторының қаламыздағы қайыршыларға қатысты жазған мақаласын нақтылау үшін жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы орынбасары Тоқбергенов Абдрахманға хабарласып, ақпарат алмақ болдық. Алайда, Абдрахман Тоқбергенов қарамағындағы жауапты мамандармен сұхбат жасауды тапсырды. Айтылған пікірдің ақиқатын анықтауға тырысып едік, өкінішке орай, әрекетімізден нәтиже шықпады. Бұған дейін де бірнеше маман қарсылық танытқан еді. Бұл жолы да жауапты деп ұсынған №3 учаскелік полиция пунктінің аға учаскелік полиция инспекторы сұрақтарға жауап беруден бас тартты ма, әлде, жұмыстағы қарбаластан мүмкіндік болмады ма, ол жағы бізге беймәлім. Назарларыңызға аталған мақаланы ұсынып отырмыз!

Киелі де қасиетті Түркістан қаласын туризм орталығына айналдыру бастамасын өңір басшылары қолға алып жатқанда қала қайыршылардан азаяр емес. Қалаға шетелден келетін қонақтар мен туристер алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу етіп, сонан соң қаланың көпшілік орындарын аралап, тамашалайтындығы заңды. Әсіресе, қала базарларына бас сұғып, қажетті бұйымдарын алады. Осындайда бірінші кезекте туристер Қуаныш базарына соқпай өтпейді.
Қайыршылар деген неге шығады? «Қуаныш» базары мен «Азиз» базары аралығындағы өтпелі жол айырығында мүгедек жандардың қоларбаға мініп, жаяу аралап жүріп қайыр сұрауы әдетке айналған. Мұны да түсінеміз, ол күнделікті күн көру үшін қыстың суығында, шілденің аптап ыстығында осында еріккеннен отырған жоқ. Бізге түсініксіз жайт, олардың осы базарға келіп-кетуінің өзі бір екі адамға жүк қой. Телеэкраннан көріп жүрміз, шетелдік қайыршылар көпшілік орындарда отырып нәпақа таппайды. Оларға арнайы орын белгіленген. Сол жерден басқа орынға ауыспай садақасын жинап алады. Тәртіп сондай. Біздің қалада шетелдегідей жағдайды неге қалыптастырмасқа? Сонда олар туристер мен қонақтардың көзіне көп шалына бермейді.

Қайыршылар, әсіресе, «Қуаныш», «Азиз», «Мәди» базарларының төңірегін торып, қайыр сұраумен жүреді. Олардың барлығы дерлік сырттан келген келімсектер. Бұларға тәртіп орнатып, бақылау жасап жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлерін әсте көрмейсің. Бұларға учаскелік полиция қызметкерлері «крышеват етеді» деген ел арасында сөз бар. Қайыр сұраушы келімсектерге «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң өздері би, өздері хан. Заң талабымен күнделікті тапқан табысынан қала бюджетіне ақша аудартып отырса ғой. Сонда олардың бәрі қаладан безіп кетер еді. Мұндай қадамға неге бармаймыз?
Жасыратыны жоқ, қалаға келген қонақтар мен туристер бұл жүрген қайыршыларды түркістандық азаматтар деп ойлайтыны шындық. Біз ендігі жерде қаланы қайыршылардан қалай тазартамыз?
П.САРУАРОВ, зейнеткер, қала тұрғыны.
