Билік пен бұқара арасында өзара түсіністікке бастайтын «кері байланыс» орнағанда ғана әр бастама сәтті болмақ. Осы орайда, «Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің жұмысы, қаланың қоғамдық-саяси өміріндегі ілкімді істер туралы білу мақсатында бөлім басшысы Бақытжан Кеңесбекұлы Букебаевпен сұхбаттасқан едік.
– Бақытжан Кеңесбекұлы, әңгімені алдымен өзіңіз басқаратын бөлімнің жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарып келе жатқанынан бастасақ?
– Бөлім қала әкімінің қолдауымен ҚР Президентінің Жолдауын, қала экономикасының дамуының негізгі бағыттарын, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтаудың өзекті мәселелерін түсіндіру, діни терроризм мен экстремизмнің алдын алу, жастарға елжандылық тәрбие беру, Елбасы бағдарламарын насихаттау, азаматтық қоғам институттарымен әріптестікті нығайту мен қаладағы қоғамдық-саяси ахуалды және дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізеді.
Ішкі саясат бөлімінің міндеті болып табылатын қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттік саясатты жүргізуге және қалыптастыруға, сондай-ақ қоғамның бірігуін нығайтуға қатысуда, Түркістан қаласының прокуратура ұсынысымен және де прокуратураның діни мәселелер мен ұлтаралық келісім саласында проблемаларды зерттеу сұрақтары бойынша өзара іс-әрекеттесуді қамтамасыз ету жөніндегі орталығымен бірлесіп, жұмыс жасау мақсатында 2017 жылдың 27 қарашадағы Түркістан қаласы әкімдігінің №1933 қаулысымен Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде дін сұрақтары мен ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша сектор ашылып, жұмыс жүргізілуде.
Жалпы, елімізде 130-ға жуық ұлт өкілдері мекендейтін болса, 165 364 тұрғыны бар Түркістанда этносаралық татулық, ұлтаралық қатынас бойынша жұмыстар жүргізу – бірінші орында болатындығы сөзсіз. Сондықтан, қалалық ішкі саясат бөлімінің жұмыс жоспарында этносаралық татулық бойынша жұмыстар жүргізу – негізгі бағыттардың бірі ретінде қаралған. Осы орайда, көп этностың өкілдері шоғырланған Түркістан қаласында қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жүргізу жолға қойылған. Нақтыласақ, бөлімнің мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қала тұрғындары арасында этносаралық татулық бойынша үгіт-насихат жұмыстары мен әлеуметтік сауалнама жүргізіледі.
Сондай-ақ, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында ұлтаралық татулықты, ел бірлігін, ынтымағын нығайту жолында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру аясында қоғамдық ұйымдар мен этномәдени орталықтарының жұмыстары, күнделікті қаланың тыныс-тіршілігі баспасөз құралында жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 7 айында Түркістан қаласында жұмыс жүргізіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде газет беттерінде 36, телеарналардан 12 және әлеуметтік желілерде жалпы саны 48-ге жуық материалдар жарық көріп, сюжеттер көрсетілді.
Сонымен қатар, бөлім тарапынан қаланың халық көп шоғырланған орындарға этносаралық келісіммен татулықты сақтауға бағытталған билбордттардың, т.б. көрнекі үгіт материалдардың орналастырылуын және уақытылы жаңартылып отыруын қамтамасыз етілуде және жыл басынан бері айтылған тақырыпта 5 билборд ілінді.
Қаладағы ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету мақсатында билік пен халық арасындағы алтын көпір үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жүйелі жолға қойылған.
Шаһардағы жұмыс атқаратын қоғамдық бірлестіктер әкімдіктің ішкі саясат бөлімімен өзара байланыс орнатқан. Олар өз кезегінде қаланың қоғамдық-саяси, мәдени өміріне қатысты іс-шараларға белсенді араласып келеді. Мысалы, облыстық Ақсақалдар алқасының, қалалық Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерінің кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Түркістан қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің, т.б. қоғамдық бірлестіктерінің белсенді мүшелерінің басқосуымен қала ішінде Елбасымыздың Жолдауынан туындайтын басым бағыттарына, 2018 жылғы 21-қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы кеңінен түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді.
Түркістан қаласының «Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлер кеңесінің» қоғамдық бірлестігі, 17 бастауыш ұйымы бар. Әрбір мөлтек ауданда бастауыш ұйымының төрағаларымен бірлесіп әрдайым Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, мұң-мұқтаждарын анықтап, керекті кездерінде қала әкімдігіне ұсыныстарымен шығып, сұраған көмектеріне жәрдем беріліп тұрады. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің негізгі міндеті – Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының ұсыныстарын әрдайым басшылыққа алып жұмыс атқару. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының басты мақсаты – қаламызда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты болып табылады. Жоғарыда аталған бағыт-бағдарларды іске асыру барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі құзырлы органдармен, халықтың түрлі әлеуметтік топтарымен, әсіресе, өскелең буынмен жұмыс істеп, қаладағы ірі кәсіпорындар мен мекемелердегі, оқу орындарындағы ұйымдардың жұмысын жандандыруды және тілдерді оқыту мен дамыту орталығы қызметкерлерінің, қоғам мүшелерінің шығармашылық бастамаларына барынша қолдау білдіріп, мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруді мақсат тұтады. Сонымен қатар, қоғам қазақ тілін оқыту, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттау ісінде тұрғындарға қызмет көрсету түрлерін дамытуды көздейді. Мемлекеттік ұйымдар бұл орайда құрамында білімді, білікті, тәжірибелі тіл мамандары топталған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігіне өзге ұйымдар алдында басымдық беріп, осы бағытта іс-шараларды өткізіп отырады.
Түркістан қалалық «Семей ядролық сынақ полигоны» қоғамдық бірлестігінің жылдық бекітілген іс-жоспарына сәйкес өз деңгейінде жұмыстар атқарды. Қоғамдық бірлестіктің тұрақты 75 мүшесі болса, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ІІ-ІІІ топтағы 142 ардагер азаматы бар. Жыл сайын жоспар бойынша қоғамдық бірлестіктер Жеңіс мерекесі қарсаңында бірқатар игі шараларды жүзеге асыра отырып, қаладағы жоғары және орта арнаулы колледждерде студент жастармен кездесіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу, Отанды қорғау тақырыптарында БАҚ-тың қатысуымен І жартыжылдығында 13 кездесу өткізілді. «Семей ядролық сынақ полигоны» қоғамдық бірлестігіне жергілікті кәсіпкер азаматтар да өз тараптарынан қолдау көрсетіп, арнайы ғимаратпен құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, қолдап отырады.
Қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің бірлестігі 12-ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орай, орталық «Жеңіс» саябағында «Ерлікке тағзым» іс-шарасы аталып өтті. Мұнда 500 адам қамтылып, Республикалық, облыстық, жергілікті БАҚ өкілдері де қатыстырылды.
Қала аумағында белсенді жұмыс атқарып жүрген «Түркістан мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жыл сайын қоғамда есепте тұратын мүгедектерге және есепте тұратын зағип жандарға «Түркістан аумақтық мүгедек балаларды оңалту орталығында» емделіп жатқан балаларға қала кәсіпкерлерінің демеушілігімен Наурыз мерекесінде және Рамазан айында қайырымдылық дастарқанын жайып, киім-кешекпен қоса түрлі сый-сияпаттар жасап отырады. Жалпы алғанда, қоғамдық бірлестіктер мен этно-мәдени орталықтардың қаладағы атқарған қоғамдық-мәдени іс-шаралары ауыз толтырып айтарлықтай, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарда баршылық.
Әрқайсысы қала аумағындағы ішкі саяси тұрақтылықты, ел бірлігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық-саяси салалардағы мемекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын іске асыруда өз үлесін қосуда.
Әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында – ел бірлігін, ынтымағын нығайту жолында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру аясында мемлекеттік стратегиялық бағдарламасының орындалуы, Президент Жолдауы, жастар саясаты, тіл мен мәдениет, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жұмыстары, күнделікті қаланың тыныс-тіршілігі баспасөз құралында жоспарға сәйкес толығымен жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында жұмыс жүргізіп жатқан 9 бұқаралық ақпарат құралы бар. Оның 7-сі газет «Түркістан» және «Туркистон», «Ұстаз», «Түркістан ұланы», «Тұран-ақпарат», «Ясауи мұрасы», «Аймақ», Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің жанынан шығатын «Ясауи университеті» газеті, сондай-ақ облыстық «Оңтүстік», жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасы.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғанына да екі жылдан асты. Осы бағытта қаламызда да біраз шаруаның атқарылғанын білеміз. Енді сол туралы айта отырсаңыз?
– Қала әкімімен бекітілген 2019 жылғы қаңтарда «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын Түркістан қаласында іске асыру жөніндегі жылдық жоспар жасалынды. Жоспарға сәйкес, 2019 жылы 12 сәуірде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялағанына және қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап бергеніне 2 жыл толды. Түркістан облысы бойынша Жобалық Кеңсенің тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы 11 наурызда №21ө «Түркістан қаласында Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру туралы» өкіммен Жобалық Кеңсе құрылды. 2019 жылы 11 наурызда №21ө өкімінің 1,2 қосымшаларына өзгеріс енгізіліп 2019 жылғы 24 мамыр №41ө өкім қайта бекітілді. «Туған жер» арнайы жобасының аясында «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен», «Ақпарат толқыны» атты 4 кіші бағдарламалар жалғасуда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттандыру стратегиясының аясында Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасын жүзеге асыруда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша арнайы медиа-жоспарлар түзілген. Медиа-жоспарға сәйкес, материалдар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарық көруде. Мақсаты – халықты ақпараттандыру арқылы бағдарламаны жүзеге асыруға тарту, халық арасында «Рухани жаңғырудың» негізгі идеологиясын дұрыс қабылдауына ықпал ету. Осы медиа-жоспар бойынша жергілікті баспасөз басылымдарында, яғни, «Түркістан» және «Туркистон» газеті мен арнайы сайтында www.yassy-tur.kz, «Ұстаз», «Түркістан ұланы», «Тұран – ақпарат», «Ясауи мұрасы», «Аймақ», «Ясауи университеті» газеті және жергілікті «Тұран-Түркістан» телеарнасында осы «Рухани жаңғыру» логотипінде айдарлар мен тақырыптық беттер үйлестіріліп, материалдар жариялануда. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жөнінде жергілікті газеттерге 76 мақала, ал сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдардың бүгінгі күнге дейінгі саны 60-қа, ал, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша 45-ке жуықтаған.
«Елімді сүйемін» жобасы аясында қаламыздағы киелі және тарихи орындар Қ.А.Ясауи кесенесі, Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Күлтөбе қалашығы, Есім хан кесенесі, Қылует жер асты мешіті т.б. жерлердің инфографикасы жасалып, әлеуметтік желілерге жарияланды.
Қаладағы қоғамдық орындарда яғни С.Қожанов көшесінің бойында және Тәуке хан даңғылы қиылысында орналасқан LED-экрандарда «Рухани жаңғыру» логотипі көрсетілуде.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын насихаттау мақсатында іс-шара жоспары бекітіліп, қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды 15 кездесу, сонымен қатар, Түркістан қаласының әкімдігіне қарасты мекемелерінде, қаладағы оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, мұражайларда, кітапханаларда, жалпы ұжымдық салаларында мақаланы насихаттау және қолдау бойынша кездесулер ұйымдастырылды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Түркістан қаласында өтетін іс-шара жоспары және ақпараттық ілгерілету мен сүйемелдеу бойынша медиа-жоспар бекітілген. Жоспар бойынша тиісті бөлімдерге тапсырма беріліп, жұмыс жүргізілуде.
– Елімізде латын қарпінің енгізілуіне байланысты, Елтаңбаның өзгергенін білеміз. Осы жағын тарқатып кетсеңіз?
– Иә, латын әліпбиіне көшкендіктен Мемлекеттік Елтаңбамызда өзгеріс пайда болды. Бұрын ондағы «Қазақстан» деген жазу кириллмен жазылса, қазір ол латын әріптеріне ауысты. Басты өзгешелігі сол. Мемлекеттік мекемелерде Елтаңбаны жаңасына ауыстыру жұмыстары 2022 жылға дейін аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік мекемелер жаңа үлгідегі Елтаңбаға ауысып үлгерді. Жалпы, Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және стендттерді дайындаумен арнайы лицензиясы бар мекемелер ғана айналысуы қажет.
– Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы қалай болуы керек деп ойлайсыз?
– Енді, мемлекетік рәміздердің қатарына Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран жататыны белгілі ғой. Ұлттық нышандар – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сол себепті, Қазақстан азаматтарының мемлекеттік рәміздерге деген көзқарасы қашан да жоғары болуы қажет. Ал, оны құрметтеу – әрбір азаматтың борышы болуы тиіс деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғашқы Жолдауын жариялады. Осы орайда, Жолдау туралы өз ой-пікіріңізбен бөліссеңіз?
– Саяси құжатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кері байланыс орната білу, әрбір мәселені жедел шешуге ден қою – мемлекеттік орган жұмысындағы басты бағыт екенін, ол үшін азаматтардың мұң-мұқтажын, өтінішін қарау деңгейінің сапасын бақылайтын арнайы бөлімнің де ашылғанынан хабардар етті. Мемлекеттік органдарға даярлығы мықты жас кадрларды тарту қажеттілігін де шет қалдырмады. Бұл ретте, Президент 300 жасты іріктеп, «Президенттің кадрлық резервін» құрудың артықшылығын жеткізді. Расында, ол мемлекеттік басқару құрылымына қан жүгіртіп, халықпен ашық әрі сенімді диалог орнатуға мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, Жолдауда алдағы жылдарда басымдық берілетін 6 әлеуметтік бағыт тұжырымдалды. Олардың қатарында білім беру сапасын жақсарту, отбасы институтын қолдап, инклюзивті қоғам құру, мәдениет қызметкерлерін қолдау, әлеуметтің әлеуетін көтеру және зейнетақы қоры жүйесін жетілдіру сияқты маңызды міндеттер бар. Құжаттағы «Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін жоғары деңгейге жеткізуге болады» деген пайымның нақты жағдайларды талдау арқылы жасалған болжам екенін де аңғаруға болады. Себебі, жыл сайынғы 5 және одан да жоғары өсімге қол жеткізу ел экономикасын жаңа белестерге көтерері даусыз. Бүгінде Қасым-Жомарт Кемелұлының «Мен халыққа сайлау алдындағы берген уәдемді толығымен орындаймын» деген сөзінің өзі жұртшылықты жігерлендіріп, еңбекке деген күш-қуатын арттырып отыр. Мемлекеттік қызметшілер де Мемлекет басшысының қолдауын сезінуде және Жолдауда айтылған барлық бастамаларды бірауыздан қолдауға дайын. Түркістандықтар жұмылған жұдырықтай бірлесіп, Президент Жолдауындағы міндет межелерін бағындыруға бір кісідей атсалысатынына сенімім мол.
– Түркістан қаласындағы дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз?
– Түркістан қаласындағы діни ахуал дамуының үрдістері: 2019 жылдың басынан қала аумағында діни ахуал тұрақты және болжамды болып сақталды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан өткізіліп жатқан діни төзімділікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ықпалын тигізуде. Жергілікті тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, сондай-ақ, қаламызға білімі мен біліктілігі жоғары теологтар шақырылып, әртүрлі форматта өткізіліп жатқан шаралардың нәтижесінде қала жұртшылығының діни сауаттылығы артып, оң көзқарас қалыптасып келеді.
Діни бірлестік пен филиалдарының жалпы саны 33. Оның ішінде: ислам мешіті – 31, православ – 1, протестанттық – 1. Сонымен қатар, қала көлемінде мешіттерде барлығы 57 діни қызметкер жұмыс атқарады. Олардың ішінде: бас имамдар – 2, имамдар – 29, наиб имамдар – 9, ұстаз – 8, азаншы – 9. Христиандық және дәстүрлі емес діни бағыттарында 2 діни қызметкер жұмыс істеуде. Олардың ішінде: православтық – 1, протестанттық-1.
Қалада имамдардың білім деңгейлері бойынша: жоғары білімді – 15, медресе бітірген 13 және орта білімді 29 имам қызмет етуде. Христиандық және дәстүрлі емес діни бағыттарында білім деңгейлері бойынша жоғары білімді 2 қызметкер жұмыс атқарады.
Жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмысы бойынша қалалық БАҚ-тарда дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, діни экстремизмнің алдын алу және радикалдық идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған өзекті мәселелер бойынша ішкі саясат бөлімінің, жергілікті атқарушы органдарының, «Облыстық Дін мәселелерін зерттеу орталығының» мамандары ҚМДБ өкілдері мен православ дінінің өкілдері, тілшілер тарапынан қалалық БАҚ беттерінде жалпы 180 мақала жарияланды.
Қалалық дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға, нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын іске асыру үшін құрылған. Қала бойынша құрамында 25 мүшесі бар.
Қаламыздағы конфессияаралық келісімді нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау мен тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру жұмыстарын жүргізу мақсатында іс-шаралар атқарылды.
Халыққа дін саласында психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша «114 – қауырт желісі» қызметі мен жұмыс тәртібін қалалық «Түркістан», «Туркистон» газетіне және «Тұран-Түркістан» телеарнасының жүгіртпе жолына үздіксіз хабарламалар беру арқылы халықтың назарына жеткізілуде. Дін саласындағы тұрақтылықты сақтау мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».