ОҚУШЫЛАР ӨЛЕҢДІ ҚОЙЫП, ЖАУАП ЖАТТАУҒА КӨШТІ

570 көрілім

«Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» Ұстаз жолы қоғамдық қоры ұсынған «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгінің иегері, «Білім беру ісінің үздігі» Қауысбекова Ботагөз Мұстафақызы 1960 жылы 1-маусым күні Жетісай ауданы Тельман ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетін тәмәмдап, 1982 жылы Жетісай ауданына қарасты Ж.Ералиев ауылдық округі Жамбыл Жабаев (қазіргі №51 Дәуір) жалпы орта мектебіне тарих пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Ұзақ ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаз ұлды ұяға қызды қияға қондырып еңбектің зейнетін көруде.

Ұстаздың ұлағаты мен өнегелі сөзін тыңдауға қолқа салып, сұхбат құрдық.

– 40 жыл ғұмырыңызды шәкірттердің ортасында мектепте өткіздіңіз. Әлі күнге дейін қоңырау соғылғанда елеңдеп тұратын шығарсыз?

– Елеңдеп тұратынымыз рас. Өзің айтқандай армансыз,өкінішсіз 40 жыл ғұмырымызды арнағасын өзім ұшырған түлектердің, шәкірттердің қоңырауын да күтіп отырамыз. Ұстаз деген ұлы қызметімді адал атқарып, көрген-білгенімнің бәрімен шамам келгенше шәкірттеріме үйреттім.

– Қазір шәкірт тәрбиелеуді өз мәресіне жеткізіп, немеренің қызығына тоймай жүрген ардагер ұстаз , ардақты әжесіз. Бір сәт тыным таппай жүретін Ботагөз апай үшін үйде отыруға адаптация қалай іске асты?

– Зейнетке шыққаннан соң бір екі жылдай жұмыс істеймін деп кеуде шіркін сайрап тұрып еді. Әйтсе де,көңіл бұлбұлдары сайрай береді екен. Өз-өзімді зейнеткер ұстаз сөзіне сендіріп, келін алып , немере бағып отырмын. Үйде отыр деген атым ғана болмаса, немереңнің «Әже анда барам, әже мынаны әпер» деп жүргенінің өзі мен үшін үлкен жұмыс болып қалды. Мен зейнет жасына жеткен жылы «коронавирус» деген жаман ауру келді, одан өзімнің анамдай болған асыл әжем дүниеден өтті, соның бәрі елес болып көз алдымнан өте шықты. Немере балдан тәтті ғой. Сырқаттанып қалған кезімде « Апау, жат мен сені емдеймін» деп айналшықтап қасымнан шықпай қалады. Ендігі арманым сол немерелерімнің дәрігер болуына ықпал етсем,әйтеуір, еліне қиын заман туғанда көмектесетін ақ халатты абзал жан болса деймін.

– Тағылымы мол ұстаздық мамандығына қалай келдіңіз?Алғашқы рет оқушымен жұмыс істеу не нәрсемен есте қалды.

– Ұстаздық анадан не болмаса атадан келген қасиет емес, өзімнің ұстазыма деген еліктеушіліктен пайда болды. Өзімнің сынып жетекшім өзі физик ,әйелі химик еді. Екеуіне сынып бойынша қызығатынбыз. Ұстазымыздың үйіне барып көмектесіп , қолдың қаймағын мәре-сәре болып тойып жеп аламыз. Баламызғой ұстаздың үйіне барғанымызды мақтанкере айтушы ек. Ағайымыз бен апайымыздың орнына өзімізді қойып көз алдымызға елестетіп қиялдың жетегіне ене кетеміз. Сол қиял мақсатқа ұласып соңы осы ұлы қызметтің маманы болуды нәсіп етті.

– Тарихтан сыр шертіп, шәкірт үшін арнаған еңбек жолыңыз ақталды ма?

– Ауылдық мектеп болғасын, ауыл аралас, қойы қоралас тұрған халықпызғой. Ұжымның бәрі дерлік ағайын, бірі көрші, бірі абысын болғасын бәрі бірден жақын тартып ортаға тез сіңісіп кеттім. Өзім жас келінмін, одан қалса жас маманмын. Шәкірттермен жұмыс істеу өте қызықты болды. Ауыл балалары ақкөңіл, мінезі жайдарлы болып келеді. Бәрінің кішкентай болсын оқуға, үйренуге талпынысы бар. Ықыласты адамға сенде шамын жағуға ұмтылады екенсің. Сол ынталы шәкірттерім кезінде өзіммен бірге әріптес болып істеді. Ал, бірі болса ғылыми дәрежені иеленіп, кейбірі халық қалаулысы болып қызмет атқарады. Осыларға қарап еңбегімнің еш кетпегендігін сеніммен айта аламын.

– Осыдан 10 жыл алдыңғы шәкірттер мен қазіргі оқушылардан нендей ерекшелік байқайсыз?

– Иә, 10 жыл тарих үшін аз ғана уақыт. Алайда, жетпейтін уақыт бір орында тұрмайды. Үлкен өзгерістер осы соңғы 10 жылдықтан бертін қарай еніп жатыр. Заманауи технологиялар, робототехникалар едәуір серпіліс әкелді. Еңбектеген сәбиден, еңкейген шалға дейін соған бейімделе бастады. 10 жыл бұрынғы шәкірттердің оқуға деген ынталары зор еді. Бір-бірімен жарысып ,таласып оқитын. Мынау жаңа білім беру келгелі бәрі тест болып оқушылар шығарма, өлеңдерді қойып жауап жаттауға көшті. Оқуға деген қызығушылық жойылды. Бұл жүйе сауаттылықты, білімге деген құштарлықты жояма деп ойлаймын. «Сауат ашу» кітабымыз , «Ана тіліміз» , «Әліппеміз» өткен жылдардың торабында қалып қойды-ау шамасы.

– Қазір көптеген сарапшылар «Қазақ мектептерінде критикалық ойлауды үйретпейді» дейді, бұл жайлы сіздің көзқарасыңыз.

– Мектеп түгіл қазір қоғам сыни көзқарасты қабылдай алмайды. Сөз бостандығы тек заң жүзінде болғанымен, іс жүзінде іске аспай жатады. Жалпы жұртшылық мұны ашып айтпаса да ішінара өздері ұғынады. 40 жыл деп ауыз толтырып шәкірт тәрбиеледім деп жатырмыз ғой, бірақ оның барлығы қызыл диплом алып, кәсіп ашып, бәрі бірдей ғалым, профессор болып кеткен жоқ. Тек ынталы, өз ойын ашық айта алатын, пікірлесе, санаса алатындары ғана мұзды жарып шықты. Орыс мектептерінде оқушы ұстазының әр сабағына пікір айтып, сабақ ұнады не ұнамады деп кері байланыс жасайды. Орыс балалары ұялмайды,қысылмайды. Ал,біздікілер ар-ұяттың есігін бұзбайды. Олар әдепті сақтағандықтан өзінің анасымен жасты адамға ақыл үйретуге қысылатында болар. Не болса да мұғалімнің мақсаты сол баланың қабілетін ашып, үлкен өмірге дайындауы, сабақты дұрыс жоспарлай білуі қажет.

– Соңғы 5 жылдықта елімізде көптеген дарынды балаларды ғана қабылдап , қалғанын қоя береді , бұл қаншалықты дұрыс? Мұны мемлекеттің оқушыларды алалағаны емес пе?

– Мемлекетте, білім министрлігі де кемшілікке жол беріп отыр. Онсызда жақсы оқитын оқушыларды ішінара іріктеп оларға тағы қаржы шығындап мектеп ашып отыр. Дарынды балалар сол мектептің қаймақтары. Үлгерімі орташа оқушылар соларға қызығып, бой түземей ме? Одан қайта баланың қабілетін ашатын тегін курстар ұйымдастырып, сол заманауи орталыққа әкелген мұғалімді сол курсқа жұмысқа орналастыру қажет. Қаншама жастар жоғарғы оқу орынын бітіріп алып, жұмыссыз жүр. Себебі, бітірген мамандығына қызығушылығы жоқ. Сол балалардың қызығушылығын арттырып не нәрсеге икемі бар сол бойынша жұмыс істесе.

– Ұстазының қателігін тапқан шәкірт алғыр шәкірт пе?

– Ондай шәкірттерді тума дарын деп атауға болады. Зеректігімен көзге түсіп, сенің қателігіңді тураласа қалай қуанбайын. Ұстаздан шәкірт озар деген. Шәкірттің өзіңнен оза шауып тұрса мұғалімнің төбесі көкке жетпей ме?

– Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдыңыз ардагер ұстаздың ендігі ниет арманы қандай?

– Ендігі менің алдағы міндетім өз кезегімде жіберген кемшілік, қателіктерімді жөндеу яки барлық уақытымды немере, ұрпақ тәрбиесіне арнау. Ақ жаулықты әже сөзінің хақысын өтеу. Жаңа Қазақстанның болашағын ойлайтын, Рухани жаңғырудың түбегейлі жаңарған елдің, тілі мен дінін құрметтейтін халқына адал қызмет ететін шәкірттер өсіп шыға берсін деген ақ тілегім бар.

– Саналы қоғамда салмақты әңгіме түзе білгеніңіз үшін алғысымызды білдеріміз!

Жазира ЖАҚСЫБЕК, ХҚТУ-дің 3 курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы