Қазақ елін “Абайдың елі” деп танитын жұртшылықтың қазақтың біртуар нар тұлғасына деген құрметі қашан да ерекше. Ешкім Абайдан асып түсе алмайды. “Мен де талантпын” деп айтайын десем, Абайдан ұялам деп, Талғат Теменов айтпақшы, расымен де Абайдың осыншама құрметке лайық болуына ешкім күмән келтіре алмайды. “Атымды адам қойған соң, қайтып мен надан болайын” деген Абай надандықпен өмірінің соңына дейін күресті. Ақиқат қанша алға жетелегенімен тұман басқан дәуірде адаспай тұра алмайсың. Ол да қателесті, сүрінді. Аузы күйген үрлеп ішеді емес пе? Сондықтан да, кірпіш сияқты күйген сайын қатайып, өз-өзін қамшылаумен болды.
Бүкіл жазушылардың да, ақындардың да атасы- Абай. Талайға ақын қылып жыр кестесін үйреткен, жазушы қып сөз өнерін тұтатқан, әдебиетке деген қызығушылығының оянуына сеп бола білген де осы- Абай. Ешкім біліп тумайды. Барлығы 1% талант, 99% еңбектің жемісі. Өз заманында бүгінгідей білім болмаса да, есіміне ел сүйсінетін, атағынан ат үркитін сондай білімдар адам болған бабаларымыз. Оған бір ғана Абайдың өзі дәлел бола алады. Жастайынан зеректігімен көзге түсіп, Зере әжесінің ақыл-өсиетін тыңдап өскен Абайдың болашаққа деген қадамы нық болған. Бізге “асықпай жүріп, анық бас” дейтіні де осыдан… Көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра дейді дана халқымыз. Өскелең ұрпаққа өнегеге толы өмірі үлгі болып, құнарлы құнды сөзге толы құнды дүниесі мұра болып қалған данамыздың ақыл-өсиетін тыңдасақ адаспасымыз анық.
Шындық қашан да-ащы. Абай әрқашан әділдікті қорғады. Қалың елі қазағын адам болуға, адал болуға үндеді. Қарапайымдылығынан айнымайтын ел болса екен деді. Жұрттың шамына тиетін сөздері оларды алға жетелеп, босқа шығын болмағанын қалады. Абай өзінің тоғызыншы қара сөзінде былай деп күйінеді: ” Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе, – білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі.
Қайратты күнімде қазақты қиып, бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: ” бұ да жақсы, өлер кезде әттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалда-ау!” деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге”. Абайда ашу шақыратын орам көп. Кейіс шақырар бір орамы: “қазақта адам баласығой” дейтін. Қара сөздерін оқып,аңғарсаңыз қазаққа деген үлкен өкпесі барын байқайсыз. Әйткенмен, өзін қазақта адам баласығой деп жұбататын.
Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды. Абай біз үшін биік тұлға болғанымен, ұлттан биік емес еді. Жасында көрмегі жоқтың өскенде айтары жоқ. Сондықтан да, өзі көргенді ұрпағым көрмесін деді. Неге олай дегенін қара сөздерінен оқып білуге болады. Мұхтар Әуезовтің мынадай қанатты сөзі бар: ” Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса-ел болғаның қайсы?”. Алдыңғы жақсы Абайға теңкелер ешкім жоқ. Егер Абай өсиетін тыңдасақ, сөзден іске, істен нәтижеге көшсек жолдан жаңылмаймыз. Абай өсиеті- рухани жаңғырудың кілті!
Гүлжан ТӘЖЕНОВА, ХҚТУ-нің 3-курс студенті.