ШАРАПАТЫН ШАШУ ЕТКЕН ЖАН АҒА

385 көрілім

Баяғының қазақтары өркендеп өсіп келе жатқан жас ұрпағын өзінен бұрын өткен бабалардың: «Қорқыт баба былай депті, Төле би дана былай айтыпты…» деген, ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан даналық ойларын немесе олардың артында қалған игі істерін дәріптей отырып тәрбиелеген. Сондықтан да, қазақ бәтуәлі сөзге тұрып, ой анасы –сөзді қадірлеген! Міне, мен Әбдіғаппар аға туралы әкемнің: «Ол ағаң барынша таза, адал адам, Шымкенттің алты базарының беріп отырған салығын бір өзі – «Қуаныш» базары беріп отыр…тапқан пайдасына жаңа павилиондар салып, кәсіпкерлердің жағдайын жасауда…» – деп, тамсана отырып айтқанынан алғаш естіген едім. Ести тұрып қым-қуыты мен қулығы асқан заманда ондай адамның барына таң қалғанмын. Әрі қасиетті Түркістанда Әбдіғаппардай ағамның барына қуанып, әрі мақтанған едім. Сөйтсем, әкем әңгімесінде баяғы бабалардан жалғасып келе жатқан жол,  дәстүр жатыр екен, бүгінгі жасты тәрбиелеу сабағы сабақтастығы, «қызым саған айтамын, келінім сен тыңда деген даналық ой жатыр екен ғой.

«… Қай қоғамда да адам өзінің бақуатты тұрмысын  тек еңбекпен жақсарта алады» деген Елбасымызың данагөй сөзі бар. Шынында да еңбекпен адам егіз демекші, Әбдіғаппар аға өзінің тынымсыз еңбегімен талай белестерді бағындырған, соның арқасында  еліне, халқына мол пайдасын тигізген арда азамат. Нарықтық қатынастар келе бастаған сонау  90-жылдардың тұсында Қазақстан бизнесінің алғашқы қарлығаштары, негізін қалаушылардың бірі осы –Әбекеңдер болды.

Жоспарлы экономикада өскен орталықтың үлкен қазанынан  қасықтап берген қаржыны қанағат тұтып, әлтек-тәлтек өмір сүріп жатқан  ұрпақ үшін «бизнес» деген жаңа бір таныстай, сыры мен қырын бірден түсініп кету қиынға түсті. Сол қиындықтардың бәрін Әбекең де басынан өткерді. Парқын түсіне бермейтін нарығыңыз да тулаған толқындай ойнақыланып, оңайлықпен ұстата қоймады, әрине көп ізденіп тер төгуді талап етті. Десек те,  үлкен қажырлылық пен табандылықтың арқасында Әбдіғаппар аға осы салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ол кісі осы аймақтағы бұрыннан сауда орталығы болып келген базарды жаңартып,  жаңғыртып «Қуаныш»  сауда орталығын ұйымдастырды.

    Еңбегі жанып «Қуаныш» базары  2004 жылы Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің  «Қазақстан Республикасының ең үздік әмбебап базары»  номинациясы  бойынша жеңімпаз атанды. Бұл сауда орталығының республика  бойынша өзге сауда орталықтарынан ерекшелігі- оның тәулік бойынша жұмыс істейтіндігінде еді. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның осы сауда орталығына барша халқын айтпағанда, сонау Атырау, Ақтөбе, Орал, Жезқазған, Қызылорда өңірлерінің тұрғындары келіп қажеттерін тауып жан-жаққа тарасып жатады. Бүгінде «Қуаныш» сауда орталығы он екі мың шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. Ол орталықтандырылған шаруашылық қызмет көрсетумен, басқарумен және күзетпен қамтамасыз етілген. Мұнда 2550-ден астам кәсіпкерлер халыққа қызмет көрсетеді.

Осыдан үш төр жыл бұрын осы сауда орталығында өкінішті жағдай болды. Сауда орталығы тілсіз жау өрттің құрсауына қалып, айтарлықтай зиян шекті. Мен ол кезде шет елде іс-сапарда жүрген болатынмын. Іс-сапардан келісімен Әбекеңе келіп осы кісінің көңілін көтеру мақсатында «Теміршінің үйі өртенген соң құлпырды» деген ескіден қалған сөз бар аға, Әбеке, Құдай қаласа бизнесіңіз дамып алға басады, көп уайымдамаңыз, бастысы денсаулық болсын, бәрі орнына келеді. …» – деп, жанына демеу болатын сөздерімді аямай айттым.

Республикалық базарлар ассосациясының төрайымы Жібек Төреханованың облысқа келіп өрттің шығу себептерін тексеру жұмыстарына қатысуына атсалықан болатынбыз. Сонда Жібек ханым Әбдіғаппар ағаның қасында  бір күн болып, өрттің қалай, қашан щыққандығын ыждаһатты тыңдап, әжептеуір қолдау көрсетті. Осындай қиын-қыстау сәтте қол ұшын берер адамдардың көп болуын Әбекеңнің адамгершілігі биік, жаны жайсаң, жақсы адам екендігінің белгісі деп білемін.

Біліп тұрып айтпасам ұят болады, тек өмірінің соңғы үш жылында халыққа 6,2 миллион теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетті. Бұдан бөлек халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өңірлік спорттың дамуына көптеген демеушілік қолдау көрсетті.

Өмір деген қызық қой,  бірде Оңтүстік Кореяға сапармен баратын болып ұшаққа билет алсам, Әбекең  де сол жаққа ұшқалы отыр екен және екеуміздің орнымыз да бизнес-кластан қатар болып шықты.  Жеті сағаттық жолсапарда, көк аспанда ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Ағаның шын жүрегінен, жанашырлықпен айтқан: «Тазар жүр, адал бол, мені талай тексерістерден аман алып қалған менің адалдығым, тазалығым,  адалдың  Құдай хақысын жемейді…» – деген ақылдары әлі есімде. Бір қызығы – осы сапардан қайтар жолда да  біз бірге келдік. Әуежайда отырып, шүйіркелесіп шай іштік. Өмірде ештеңе де жайдан-жай болмайды деген сөз рас қой,  бұл біздің Әбдіғаппар ағамен көбірек қауышып, сырласуымызға мүмкіндік берген тамаша сәттер еді…

   «Жақсы адам – Алланың нұры» деген сөз  Әбдіғаппар аға жайлы десем жаңылыспаған болар едім. Айналасына тек шарапатын шашу етіп, адал еңбегімен еліне еленген Әбдіғаппар ағаның есімі мәңгі жадымызда болары анық…

Қайрат БАЛАБИЕВ, заң  ғылымдарының докторы, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы.

P.S.  Түркістан шаһарының дамуына әлеуметтік- экономикалық тұрғыдан зор үлес қосқан, сонымен қатар ізгі істердің ұйытқысы бола білген, сол арқылы ел дамуына еселі еңбек еткен Әбдіғаппар Шаймерденовтың есімі қала көшелерінің біріне берілсе екен деген ұсынымыз бар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы