Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде, ең алдымен жиынға арнайы шақырылған делегаттарды құттықтап, Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиыны бабалар салған дәстүр бойынша Ұлытауда өтіп жатқанын айта келе, бірінші кезекте республикалық референдумда үлкен өзгерістерге ниет білдірген, дауыс беріп қолдаған халыққа зор алғысын жеткізді.
Президент бұдан былай барша еліміздің жаңару жолына бет бұрғандығын, Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын атап өтіп ол үшін үлкен-кіші, жас-кәрі бәрі бір кісідей жұмылып жұмыс істеп, ерінбей еңбек етулері керек екеніне тоқтала келе, елді бір іске ұйыстыру мақсатымен Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтергенін, өйткені «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған»-деп айтты. Сонымен қатар, Президент Құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болғандығымен, ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткендігімен, киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалғандығымен, Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырғандығымен, Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапқандығымен түсіндірді.
Сөйтіп, алты Алаштың баласы жиналған алқалы жиында Мемлекет басшысы алғашқы тапсырмасын бере отырып: «…Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз» – деді.
Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән берілуі керектігін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуы тиіс үш негізгі мәселені атады.
«Біріншіден, Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз» – деді Президент.
Президенттің пікірінше, ұлтты ұйыстыратын ең қажетті қасиет атаққұмарлық емес, еңбекқорлық.
Осы жерде Мемлекет басшысы: «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болу керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс» – деп ерекше атап өтті.
Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді бүгінгі таңдағы алдымызда тұрған екінші маңызды міндет екендігін атай келе, Президент қазір бұл жаңғырулар біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастағандығын айтты.
Үшінші маңызды міндет ретінде Мемлекет басшысы халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын атады. Сондықтан Қасым – Жомарт Тоқаев: «Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет» – деген сөзбен тағы бір ұсынысын жасады.
Мемлекет басшысы Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне де өзгеріс енгізген жөн деп санап, Тәуелсіздік мейрамының мәнін өзгертпестен, яғни Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде мемлекеттік мереке болып қала беретіндігін айта келе, кейінгі жылдары атаусыз қалған Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды, өйткені 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды, сондықтан Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде көп талқыланып жүрген кадр, яғни мамандар мәселесіне назар аудара отырып: «Әлеуметтік желіде «Ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен кадрларды біртіндеп ауыстыру керек. Тіпті, кезінде Ресейде, Қытайда, Иранда болған революциялардан кейін де бұрынғы режимнің шенеуніктері мемлекеттік қызметін жалғастырған. Бұл елдермен салыстырғанда біздегі жағдай, әрине, мүлде басқаша. Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді қолынан түк келмейді деп кемсітуді доғару керек. Тіпті, оларды «Халық жаулары» сияқты көретіндер бар. «Шенеунік» деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Бірақ, өкінішке қарай, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген де бар. Ондай адамдармен біз бірден қоштасып жатырмыз»–деді.
Мемлекет басшысы өзінің сөзінде қазақ тілінің мәртебесіне де тоқтала келе, мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келетіндігін, бірқатар әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатқандығын, басқа да көптеген жағымды жаңалықтар барлығын, сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлайтындығын, дегенмен, осы саладағы жұмыстарды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуді жалғастыру қажеттігін айтып, «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді» деді.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында осыған дейін қазақ қоғамын толғандырған келелі мәселелердің бәрі Ұлытауда, Ордабасыда, Мәртөбеде, Күлтөбеде өткен осындай кеңестерде шешілгенін айта келіп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиынын Түркістанда өткізуді ұсынды.
Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты.
БАҚЫТЖАН БЕЙСЕМБАЕВ, Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы.
