ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

739 көрілім

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Бұл күні осыдан 77 жыл бұрын, адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс Ұлы Отан соғысы аяқталды. Ұлы Отан соғысына 6 материктің сол кездегі әлемнің дербес 60-тан астам елі қатысқан болатын. Айбынды білек, жеңістеріне сенімді кешегі жігіттер бүгінгі, өнегелі аталарымыздың арқасында 1945 жылдың 9 мамыр күні жауды жеңіп, соғысты жеңіспен аяқтадық.

Бүгінгі таңда есімдерін мақтанышпен атап, ерекше өнеге тұтатын төрт жерлесіміз, Кеңес Одағының Батырлары Құрбанбай Рысбеков, Абдолла Үсенов отқа оранған қан майданда опат болса, тағдыр туған жер топырағын басуды бұйыртқан Расул Есетов, Файзулла Юлдашев «Алтын Жұлдызын» жарқырата тағып, туған жер төсіне оралды. Солардың үшеуі бүгінде жаңадан құрылған Сауран ауданынан. Осыған орай, Ұлы Жеңістің 77 жылдық мерекесіне орай, үш ардагердің ерен ерліктерін беруді құп көрдік.

Абдолла Үсенов 1924 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы бозбала шағында майдан даласына аттанып, 112-Рыльск-Коростень атқыштар дивизиясында алғы шепте жүреді. Ұрысқа алғаш рет 1943 жылдың ақпан айында қатысып, осы жылдың 7 желтоқсанында Украин жерінің Нивки селосын неміс басқыншыларынан азат ету үшін жан аямай шайқасты. Кескілескен шайқаста жаудың сегіз танкісіне қарсы Максименко деген азамат екеуі ғана қарсы тұруына тура келген. Әлгі жауынгер қарша бораған оқтың астында қалып қаза табады.

Абдолла қарсы келе жатқан жау танкілерін қорғаныс шебіне өткізбес үшін жалғыз болса да қарсы тұруына тура келеді. Абдолланы байқаған немістер оған зеңбірекпен оқ атады. Жауынгерді жараламаса да оқ тиген жердің топырағы жерлесімізді көміп қалады. Жауынгерді өлдіге санаған жаудың «Жолбарыс» танкісі одан әрі бет ала бергенде, екі қалтасына граната салған қазақ жігіті шынжыр табанды танкісінің астына ойланбастан кіріп кетеді. Мұны күтпеген фашисттер алдағы жердің бәрі миналанған деп ойлап, артқа шегінеді. Иә, жас боздақ осылай ерлікпен қаза табады. Елі мен жерін өз өмірінен жоғары санаған осындай азаматтың ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1944 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 20 жасында Отан үшін опат болған азаматтың есімі бүгінде өзі туып өскен Крупская атындағы колхозға беріліп, сол ауылдағы мектеп пен орталық көшеге де Абдолла Үсеновтың аты берілген. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық әкімдігінің алдына батырға арналып ескерткіш-бюст орнатылды.

Шорнақ ауылында 1922 жылы туған тағы бір жерлесіміз Құрбанбай Ырысбеков мектепте тарих және география пәнінің мұғалімі болып жүргенде 1942 жылы 2 ақпанда Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ол неміс басқыншыларымен күресте әскери қимылдарды тез үйреніп кіші лейтенант, атқыштар взводының командиріне дейін көтеріледі.

1943 жылы күзде совет армиясы жауға тойтарыс беріп, жедел қимылмен Днепр жағалауына жетті. Днепр өзені, Вира деревниясы, Яцки селосын бұған дейін неміс басқыншылары үш рет жаулап алған болатын. Алайда, төртінші рет жауламақ түгілі, әскері қоршауда қалып, неміс генералы тұтқынға түседі. Фашистердің түпкі мақсаты Киевті басып алу болатын. Оған кедергі осы Яцки селосы болғандықтан неміс басқыншылары оны аяусыз бомбалады. Ондағы үш селоны, фашистердің қанды шебінің қолына түскен балалар мен қарттарды жаудан азат етті. Өзіне жүктелген тапсырманы бұлжытпай орындады. Днепр үшін болған шайқаста мыңдаған жауынгерлермен қоса, командирлердің ішінде Құрбанбай да ерекше көзге түсті.

1943 жылы 6 қазанда Днепрден бірінші болып, өзеннің оң жағындағы керамикалық институтты жаудан босату туралы тапсырма алады. Қиян-кескі соғыста жаудың себелеп тұрған оғына қарамастан, Днепрдің оң жақ жағалауына өтіп, қанды қырғынның ортасында фашистермен ұрысқа кірісіп кетеді. Бұл жолы Құрбанбайдың взводы немістің бір ротасын түгелімен жойып жібереді. Жерлесіміз шабуылдаушылардың алдыңғы қатарында шайқасты. Осы соғыста бір өзі 15 немісті жайратты. Жауынгерлік тапсырма абыроймен орындалды. Алайда, осы айқаста Құрбанбай ауыр жараланады. Осы шайқастан кейін Құрбанбай бір айдай емделіп, ұрыс даласына қайта оралады. Жас өрен желтоқсан айының соңында ауылына хат жазады. «Тылдағы сіздердей ата-аналар мен бөбектерді жаудың қолынан азат еттік. Топ ішінде аттай үш күн болдым. 3 күн ішінде 3 селоны, бір үлкен станцияны азат еттік. Берілген бұйрықты орындадық. Бір күн өткен соң 25 желтоқсан күні әуеден неміс ұшақтары ұша бастады. 4 ұшақ бомба тастады. 5 үй талқан болды, 5 кісі жараланды. Оның ішінде менде бармын…». Бұл батырдың ауылға жазған соңғы хаты болатын. Осы хаттан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, 29 желтоқсан күні қаза табады. Небәрі 21 жасында жауға қарсы күресте жер жастанған жерлесімізге КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1944 жылғы 10 қаңтардағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

1951 жылы Құрбанбайдың әкесі ұлының зиратын іздеп, Украинаның Яцки селосына келіп, ұлының мүрдесін таппай елге оралады. «Ұлы Жеңістің 60 жылдығына – 60 игі іс» бастамасымен «Жеңіс» тобы құрылып, батырдың зиратын тауып, туған жердің топырағын табыстап, Құран бағыштап қайтты. Құрбанбай Ырысбеков туып – өскен Шорнақ ауылындағы №5 мектеп-интернатына, өндірістік кооперативке және 1990 жылы Горький учаскесіне батырдың есімі беріліп, ескерткіш-бюст орнатылған.

Майдан даласында ерлік көрсеткен келесі жерлесіміздің бірі – Файзулла Юлдашев 1912 жылы Түркістанда туып өскен. Кеңес әскері қатарына 1942 жылдың маусымында шақыртылды. Бірнеше айдан соң жас сарбаз Ұлы Отан соғысына Дон өзенінің бойында кіреді. Сол жерде оң қолынан жарақат алып емделген соң, Воронеж майданына қарасты 38-ші әскер, 180-ші атқыштар дивизиясы, 42-ші атқыштар полкінің бөлімше командирі болды. 1943 жылы 27 қыркүйекте аға-сержант Файзулла Юлдашев алғашқы десантшылар құрамында Днепрдің оң жағалауына өтіп, қолма-қол ұрыста басып алған плацдармды ұстап қалу үшін өз бөлімшесімен бірге қаһармандықпен шайқасты. Қаншама жауынгер опат болып, қайықтар аударылды. Үш күн бойы плацдармды жауға бермей ұстап тұрған Файзулланың бөлімінен 11 адам қаза тапса да, жалғыз өзі пулеметпен жауға оқ жаудырады. Пулеметіне мина тиіп, істен шыққан соң, гранатамен көптеген жауды қиратады. Сол сәтте артынан көмек келіп, сақадай сай қаруланған жау басып алған жерлерді қайтару оңайға түспесе де, Кеңес жауынгерлері жеңіс туын желбіретеді. Осы ұрыста қатты жараланған сарбаз Десна бойындағы госпитальда емделеді. Осы ұрыста көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумы 1943 жылғы 29 қазандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар, «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылды.

Файзулла госпитальдан шыққан соң Румынияда шайқасып жатқан өз бөлімінде батальон партия комитетінің хатшысы болып қызметін жалғастырады. Румыния, Венгрия, Чехословакияны азат етуге қатысты. Австрияның астанасы Венаны азат ету жолында үш рет басынан жарақат алып, Жеңіс мерекесін госпитальда жатып қарсы алды. Жерлесімізге соғыстан аман-есен қайту бақыты бұйырды. 1980-90 жылдары Өзбекстанның Наманган облысы, Наманган ауданы, Ирвадан ауылында тұрды. Құрметті демалысқа шыққанға дейін орта мектептің директоры қызметінде болды. 1991 жылы сол ауылда қайтыс болған.

Соғыс қашанда адамзат баласына қасірет пен қайғы, орны толмас өкініш қана алып келеді. Біз соғысты көрген жоқпыз, зеңбіректің дүрсілін, оқтың ысқырығын естімедік. Сондықтан бейбіт өміріміздің қадірін бағалай білуіміз керек. Әсіресе, саурандық 3 Кеңес Одағы Батырларының өткен өмір жолдары мен елі үшін жасаған ерліктерін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіспіз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы