Жолдауға қолдау..
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жасаған болатын. Жолдауда жуық арада жүзеге асырылатын ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларын жариялады.
Президентіміздің Жаңа Қазақстан жайлы Жолдауы барша қазақ елінің көңілінен шықты деп ойлаймын. Халыққа оң өзгерістер керек екенін айтқан көшбасшымыз оннан аса маңызды мәселеге ойып тұрып тоқталған еді. Терең зерделілікпен жасалған маңызды құжат екен. Сонымен қатар, еліміздегі облыстың қатарын көбейту мақсатында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құрылатындығын жеткізді. Қазақтың тарихымен астасатын атаулар мемлекет болашағына тың серпін беретініне сенемін. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі тұсанда елімізді басқарған Дінмұхаммед Қонаев атамыздың атын Қапшағайға беруге халық ұсынса құптайтындығын жеткізді.
Сонымен қатар, өкілді билік тармағын қайта құруды ұсынды. Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін арттыру керек екендігін түсіндірді. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығаймақ. Елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет және халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелмек. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн деп білді.
Мемлекет басшысы қайғылы қаңтар оқиғасына баға беріп, оның пікірінше осы ауқымды әрі жан-жақты жоспарланған операцияның мақсаты жоғары басшылықты биліктен тайдырып, халық пен әлемдік қоғамдастық алдындағы оның беделін түсіру болатындығын түсіндірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Күштік құрылымдар мен олардың сыбайластарының өзара ымыраласуына қатысты іс бойынша тергеу құпия жағдайда қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты. Бұған кінәлілер лауазымдары мен қоғамдағы орындарына қарамастан, лайықты жазасын алады деп жеткізді.
Саяси реформаларды жүзеге асыру аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің өкілеттігін қайта қараудың маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өз өкілеттігі кезінде партияға мүше болуын тоқтату міндетін заңнамалық тұрғыдан ресімдеуді, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарындағы қызметіне тыйым салуды ұсынды.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің жақын туыстарына қатысты норманы конституциялық тұрғыдан бекіту қажеттігін айтты. Олардың мемлекеттік саяси қызметші және квазимемлекеттік секторда басшы лауазымдарын иеленуіне заңнамалық тұрғыдан тыйым салынатындығын айтты.
Бұдан бөлек саяси реформаларда биліктің заң шығарушы саласына да қатысты мәселе қамтылады. Сенатты жасақтау тәртібі мен оның бірқатар қызметі қайта қаралады. Мемлекет басшысы Парламенттің жоғарғы палатасындағы президенттік квотаны 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынды. Сондай-ақ Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы алынып, Сенатқа беріледі. Осы ретте олардың саны 9-дан 5 депутатқа қысқарады.
«Саяси реформалар бағдарламасында сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылған. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас негізде құрылады. Яғни, парламентарийлердің 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлы тәртіппен сайланады. Партияларды тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі. Оларды тіркеу шегін төрт есе, яғни 20 мыңнан 5 мыңға дейін төмендету ұсынылды», деді мемлекет басшысы.
Мәди АМАНЖОЛ,
«AMANAT» партиясы, Түркістан қалалық мәслихат депутаты.
