«ҚАҢТАР ҚАСІРЕТІНІҢ» ШЫНДЫҒЫ АШЫЛУДА

1  454 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» агенттігіне берген «Азаматтарымыздың құқығы бұзылмайды» атты сұхбатында «Қаңтар қасіретінің» қыр сырын ашып, шындықтың салтанат құрып, әділеттік орнайтындығы туралы мәлімдеді.

«Бұл – алдын ала жоспарланған қастандық әрекет. Наразылықтар бейбіт митингілерден басталып, соңы бұзақылыққа, тонаушылыққа ұласты. Осы оқиғалар – кәсіби адамдардың ойластырған және солардың жүзеге асырған жымысқы операциясы. Әуелі жұртшылық бейбіт митингке шықты. Демонстранттарға қарсы күш қолданылған жоқ, қолданылуы да мүмкін емес еді. Келесі лекпен олардың орнына жай ғана бұзақылық істеп, полиция қызметкерлеріне сес көрсетіп, тас лақтырып жүрген жастар келді.

Артынша үшінші толқын жалғасты. Бұлар арнаулы дайындықтан өткен кәдімгі кәсіби лаңкестер басқарған тонаушылар, кісі өлтірушілер, зорлық жасаушылар еді. Содырлар күштік органдар ғимараттарының орналасқан жерін өте жақсы білген және сол нысандарға шабуыл жасалды…

Тергеу барысында лаңкестердің қарулы қақтығыс кезінде есірткі тұтынғаны анықталып жатыр. Қақтығыстардың соңына қарай күштік құрылымдар қару қолданып, содырлардың аяқтарынан атқан. Сол кезде олар жараланып құласа да, ауырсынуды білмеген, тіпті сезбеген. Міне, бұл да олардың өте мұқият дайындалып келгенін көрсетеді.

Қазір тергеу амалдары барысында әуежайды Орталық Азиядағы қалалардың бірінен ұшып келген адамдарды күтіп алу үшін әдейі басып алғаны анықталып жатыр. Сырттан келгендер – арнайы дайындалған содырлар мен олардың командирлері. Олардың мақсаты – мемлекеттік институттарды жою, конституциялық құрылымға нұқсан келтіру, түптеп келгенде билікті басып алу. Дегенмен әлі де тергеу жүргізілуде. Бәрі де анықталады.

Бұзақылардың көпшілігі Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде жатқаны анықталды. Олардың ақшасын кім төледі? «Қазақстан» қонақ үйінің бірінші қабатында командалық штабтары орналасыпты. Қазір тергеу жүргізілуде. Бірнеше адам сұрақтарға жауап беріп жатыр. Бұрын, тіпті ойға келмеген деректер ашылуда»,-дейді Қ. Тоқаев.

Бейбіт шеру кезінде оларға қарсы ешқандай қару да қолданылмаған. Тыныштық сақтауға ғана шақырған. Алайда үшінші топ мемлекеттік мекемелерге нақты шабуыл жасап, материалдық шығындар әкелген.

«Мұның террорлық шабуыл екеніне ешқандай күмәнім жоқ. Бұл – Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдасқан, әбден дайындалған агрессиялық акт. Шабуыл жасағандардың ішінде басым көпшілігі Орталық Азия елдерінен, оның ішінде Ауғанстаннан келген шетелдік содырлар бар. Сонымен қатар арасында Таяу Шығыстан келген содырлар да бар. Олардың пиғылы біздің аумақты бақылауда ұстайтын хаос аймағына айналдыру, содан кейін билікті басып алу болды. Сондықтан Қазақстанда лаңкестікке қарсы операция басталды», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауынша, мемлекеттің алдын ала экономикалық шығыны 2-3 миллиард АҚШ долларын құрайды.

«Бір айта кетерлігі, содырлар мен олардың командирлерінің көпшілігі Алматыдан кетіп үлгерген. Бірі ауыл-аймаққа, енді бірі шекарадан өтіп көрші елдерге қашты. Тағы біреулері бет әлпетін өзгертіп бұғып қалды. Сақал-мұртын қырып, сыртқы келбетін өзгертіп ел ішінде жүргендері де бар. Оларды тұтқындаса, «біз жай өтіп бара жатқан едік» деп байбалам салып жатыр. Олай болмайды. Алматыдағы тәртіпсіздіктердің ауқымын өзіңіз көрдіңіз. Ал жеме-жемге келгенде бәрі де жай жүргінші боп шыға келеді. Әрине, азаматтарды заңсыз ұстау, оларға күш қолдану деректерінің бәрі тексеріледі. Бұл мәселелерге мұқият қарау керек», – дейді Қ. Тоқаев.

Мемлекет басшысы тергеу амалдарын жүргізу барысында құқық қорғау органдарының іс әрекеттеріне қатысты сындарға да тоқталып өтті.

– Әрине, Алматыда болған оқиғаға байланысты алаңдаушылықтарды түсінуге болады. Сондықтан Бас прокуратураға әрбір жағдай бойынша мұқият тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Бұдан бөлек, белгілі құқық қорғаушы, адвокат Айман Омарова бастаған Қоғамдық комиссия құрылыпты. Оны бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып білдім. Мен бұл шешімді қолдаймын. Шын мәнінде, қайғылы оқиғалар кезінде болған жағдайларды жан-жақты тексеру үшін қоғам белсенділерін тартуымыз керек.

Адам құқығы жөніндегі омбудсмен Эльвира Әзімова мен белгілі құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетованың уақытша ұстау изоляторларына барып, ұсталғандармен кездесіп, олардың жағдайларын көріп, арыз-шағымдарын тыңдап жүргенін білемін. Бұл өте пайдалы жұмыс деп санаймын. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың құқықтарының бұзылмауына мүдделімін. Әрбір жағдай жіті тексерілуге тиіс екенін тағы да қайталап айтамын», – деді Қ.Тоқаев.

Аманат қоғамдық комиссиясының төрағасы, адвокат Абзал Құспан Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде 12 полиция қызметкерінің үстінен Алматы прокурорларымен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Абзал Құспанның айтуынша, қамалғандарды азаптау тергеу изоляторына әкелгенге дейін және уақытша ұстау изоляторында болған.

Президент халықаралық талаптарға сай келмесе де, шетелдік ұйымдар қаралайтынын біле тұра митингіге қатысушыларға қарсы ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін былайша түсіндірді.

«Бұл – нағыз соғыс. Жауапкершілікті мойынға алу керек еді. Осыған орай ашық мәлімдеме жасағанға дейін қарулы содырларға қарсы оқ атуға тиіспіз деп айтқан болатынмын. Мен жауапкершілікті өз мойныма алдым. Ал өз мәлімдемемде мұны қайталадым. Өйткені жауапты адамдар жүрексінді. Дәл осындай жағдайда Мемлекет басшысы жауапкершілікті өзіне алуға тиіс деп ойлаймын. Мен кәсіби дипломатпын. Мұның салдары қандай болатынын білдім. Бірақ мен үшін мемлекеттің мүддесі, азаматтарымыздың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды еді. Мен ол кезде Батыстың не дейтіні туралы емес, елімізде тәртіп орнатуды ғана ойладым».

Ал, бірқатар саяси сарапшылар қарсы шыққан ҰҚШҰ бітімгерлік күшін тару жөніндегі шешімін де талдап түсіндірді.

– «Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – біздің ортақ ұйымымыз. Қазақстан – осы ұйымға мүше. 1992 жылы оны құруға атсалыстық. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тиісті бастама көтерді. Сондықтан мен бөтен адамдардан емес, ҰҚШҰ-ны көмекке шақырдым. Демек мен өзіме, яғни одақтастарымызға жүгіндім.

Екіншіден, ҰҚШҰ бітімгерлік күштерін тарту ісі осы ұйымның келісілген құжатына сәйкес орындалды. Сондықтан бұл заңды деп санаймын.

Үшіншіден, Қазақстанға келген ҰҚШҰ бітімгерлік контингенті бірде-бір оқ атқан жоқ. Бітімгерлік күштер стратегиялық нысандарды ғана күзетеді, қалған мәселені өзіміз шешеміз. Бізге тыл керек деп ең басында келісілген болатын.

Төртіншіден, Қазақстанға бітімгерлік күштердің келгені туралы ақпарат психологиялық тұрғыдан маңызды рөл атқарғанын, бұзақылардың зәре-құтын қашырғанын түсінген жөн. Мұның үлкен күш екені түсінікті. Айтпақшы, бұл біріккен бітімгерлік контингент. Оның құрамында Ресейден бөлек Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстан елдерінің әскери бөлімдері де болды».

Мемлекет басшысы кадр саясатындағы олқылықтарды Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы әрі Президент ретінде жедел қолға алып, қиын кезде шешім қабылдай алмаған лауазым иелерін шетінен қызметінен босатып, орнына жаңадан тағайындауда.

Бұл жөнінде Президент: – Мен кадрлардың бәрін ауыстыруға қарсымын. Біріншіден, оларды біліктілігі мен жұмыстарының сапасына қарай бағалау керек. Жұрттың талабы осы екен деп Үкіметті жүз пайыз өзгертіп, «Міне, мен келдім, мен – революционермін» деу – менің тәсілім емес»,-дей тұра соңғы жылдары елге сүйкімі кете бастаған Үкімет басшысы Асқар Маминді алып, орнына Әлихан Смайыловты тағайындауын, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллинді қызметінен босатып, орнына Ерлан Қошановты тағайындауын халық құп көріп отыр.

Алайда, Алматы тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевты қызметінен босату жөнінде петициямен шыққанымен, оның орнына қонжиған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың үстінен де құзырлы органдарға шағым жазып, әлеуметтік желілерге өз ойларын жаза бастады.

Мұндай әрекеттер биліктің қызметін халықтың бақылай алатындығын, Қазақстанда «құлақ асатын Үкімет» жобасының енді шынайы түрде жүзеге аса бастағандығын көрсетеді.

Иса БЕРКІМБАЙ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы