Қарымды журналист Балтабай Нұржановтың есімі қазақ журналистикасы саласында, соның ішінде қасиетті қаламыздың есімін иеленген «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің тарихында алтын әріппен жазылып қалғаны сөзсіз.
Қарашаңырақ, 90 жылдық тарихы бар «Түркістан», «Туркистон» газеттері сөз болғанда елдің есіне Балтабай Нұржановтың есімі еске бірден түседі, ал, Балтекең жайлы естелік айтылғанда «Түркістан», «Туркистон» газеттеріне өзінің бар ғұмырын арнағаны жайлы естеліктер айтылып жатады…


Бүкіл саналы өмірінің мәнді де маңызды кезеңдерін журналистік қызметке арнаған ол 1954 жылы 1 тамызда Түркістан қаласына қарасты Шаға ауылдық округінде туған. Шынында, Балтекеңнің өмірі «Түркістан» газетімен тығыз байланысты болып, мектепте оқып жүрген кезде-ақ газетке мақалалар жазып тұрған екен. Қарым-қабілетін байқаған «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің сол кездегі редакторы Тұрабай Мырзахметов оны 1973 жылы жұмысқа шақырған. Алдымен корректор, кейін тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыроймен атқарған ол 1982 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шыққан. Өмірінің соңғы күндеріне дейін директор-редактор болып абыроймен еңбек етіп, қалалық басылымның жандануына, өркендеуіне сүбелі үлесін қосты.
Балтакеңнің көп жылғы еселі еңбектері ескеріліп, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Кешегі аптаның қасиетті жұма күні «Ұлы дала елі» ғимаратында еліне еңбегі сіңген нар тұлғаны еске алу жиыны болып өтті. «Тіріден де тірісің» деп Қаныбек Сарыбаев жырлағандай, еске алу кешіне келгендерді лэд экранда көрсетіліп тұрған Балтекеңнің үлкен форматтағы бейнесі көзі тірі кезіндегідей қарсы алып тұрғандай әсер бергенде дір етпеген жүректер болмады… Өзін еске алып отырған жандарға өзінің мәңгі жасайтынын ескертіп, қадірлі ағамыздың бейнесіне жан біткендей, көпшілікке ырза пейілде қарап тұрғандай көпшілікті тебірентті…

Кешті сатирик, «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Ермахан Шайхы өрелі сөздерімен жүргізіп отырды. Алдымен, қарымды қаламгердің өмірі жайлы өмірлік жары Балтакүл Оспанованың «Аннұр Сапа» баспасынан жарыққа шығарған «Нар тұлға» кітабының күрмеуі шешіліп, оқырмандарға жол тартты. Тұсаукесер рәсімін жасаған ақын Нұрмахан Назаров Балтекеңнің өнегеге толы игі істерін еске алса, әріптес досы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты Тілеуқабыл Мыңжасаров қарашаңырақта бірге қызмет атқарған жылдар жайлы керемет естеліктер айтты. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында бірге оқыған курстастары, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров, ардагер журналист, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері Гүлзейнеп Сәдірқызы мен Таңсұлу Алдабергенқызы өздерінің студенттік кезден бастап бірге өткізген бақытты жылдарын әсіреге толы әңгімелерімен жеткізді. Ардақты журналистің адамгершілік қыры, достыққа беріктігі, айналасына қамқорлығы жайлы ерекше толғаныстар айтылды.
Еске алу кешіне еліміздің барлық өңірінен Балтекеңнің дос-жарандары, облыстық және қалалық газетте еңбек етіп жатқан әріптестері, зиялы қауым өкілдері қатысып, өздерінің тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, Балтабай Нұржанов атындағы шәкіртақы тағайындалып, эссе жазудан өткен байқауда жеңіске жеткен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің журналистика факультетінің 2-курс студенті Жансая Сәрсенәліге бұйырды.

Кеш барысында «Түркістан», «Туркистон» газеттерінің бас редакторы Мәлік Дәулетов сөз сөйлеп, өмірінің 40 жылын қарашаңыраққа арнаған Балтекең жайлы үзік естеліктер айтып, жары Балтакүл Оспановаға ұжым атынан сый-сияпат көрсетті. Еске алу кешінің соңы «Шахсарай» мейрамханасында отбасы атынан дайындалған Балтабай Нұржанов ағамыздың рухына Құран бағышталған ақ дастарханға ұласты.
Өсіп-өнген ұрпақтарымен тамырын тереңге, жапырағын кеңге жайған Балтакең өзінің асыл қасиеттерімен, адалдықтың ақ жібін аттамаған адалдығымен, елге жаққан қарапайым, кішіпейіл, көпшіл мінезімен, халықтың сыйына бөленген қаламгерлік қызметімен ел есінде мәңгіге қалды. Оның жарқын бейнесі қатарлас жүрген журналист әріптестерінің, оны білетін барша азаматтардың есінде ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз.
Ләззат САРЫБАЕВА