САТТАР СЕЗІМІН ТЕРБЕТКЕН САЗДАР

815 көрілім

Талантты адам жан-жақты болатындығы бесенеден белгілі. Ақындық, жазушылық, сыншылық – С.Ерубаевтың көп таланттарының белгілі бір қырлары ғана. Сонымен қатар, Саттар музыка өнерінің де жетік білгірі, сарабдал сарапшысы болған. С.Ерубаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы көп зерттеп, біршама дүниелер жазған жазушы Б.Қойшыбаевтың «Мұң» деген әңгімесінде мынадай жолдар бар: «Саттар бұл ресторанға жиі соғатын. Себебі, қаладағы бірден-бір байыпты музыка тыңдап, демалуға болатын орын осы еді. Мұндағы квинтет те Саттарды əбден танып алған. Классиканы зерек түсінетін де, классикалық шығармаларға таңдап тапсырыс беретін де осы бір жанары ойға тұнған сəби кескінді бозбала. Музыканттар ылғи оған өздері келіп, тапсырыс алып кететін. Саттар қарсысында тұрған пианистке басын изеп, зорлана жымиды. Қалтасынан умаждалған көк қағаз шығарды.

   – Өтінем. Ең жақсысын.

   Анау көп ойланған жоқ. Ол Саттардың қандай композитордың қай туындысын аса ұнатып тыңдайтынын білетін.

   – Шуберт? «Музыкальный момент?».

   Саттардың жүзін бір сəт бақыт сəулесі шарпыды.

   – Мархабат, – деді ол ақырын. – Дəл таптыңыз. Одан кейін оның «Кешкі серенадасын» да…

   Музыкант басын шалт шұлғып, кері айналды. Оркестр Шубертті ойнап жатты. Неткен əуез, қандай үйлесімділік. Жеті ғана дыбысты қалай жетпіс жеті түрде құбылтады десейші, міне, шығармашылық құдіреті. Аһ, скрипканың жан дүниеңді тебіренте сұңқылдауын қарашы. Шіркін-ай, қилы дауыс кесінділерін қиыстырып, ажырамастай қиюластырып, осыншалықты лəззатқа бөлей алатын туынды жасау неткен ғажап. Бұл музыкамен біте қайнасқан композитордың, хас шебердің ғана үлесіне тиген керемет қой. Сиқырлы əуен, сырлы саз… «Музыкалы сəт» деп қоя салған қарапайым атауының өзінде қаншалықты тартымдылық жатыр. Балқып, толқып тыңдайтын шығарма. Ал, «Кешкі серена да» неге тұрады…»

   Міне, осы үзінді де Саттардың музыканы қалай жақсы көріп, қалай сүйетіндігі айна-қатесіз суреттеліп отыр. Ал енді Саттар Ерубаевтың 1935 жылы өзі жазған «Қуанышты қауышу» деп аталатын жазбасына назар аударып көрелік: «…Түн, найзағай, дала… Міне, ардақты Күлəш, міне, Қанабек, міне, Құрманбек шықты. Зал тынды… Жұрт демін ішінен алды. Музыка басталды. Күңіреніп кетті. Əлдеқайдан, алыстан дауыл көрінеді, жақындайды, зораяды, күшейеді, шарт-шұрт найзағай ойнады. Оркестр қасқыр шапқан қойдай болды, айқай, у-шу, ма рабан жұлқынып, жынданғандай болды, скрипка желдей ысқырып ішін тартты, труба долданды, флейта желдей ышқынып уілдеді… Бұл – долы дауылдың, озбыр күштің жақындай түскен кезі… Бұл – музыкамен сөйлеу, бұл – музыка тілі…»

   Музыканы тыңдап, оны кестелі сөзбен өрнектей білуінің өзі – өз алдына бір өнер. Бұл келтірілген бірер мысал ғана. Ал, шындығында, Саттардың сезімін тербеткен саздар қаншама?!!

Ақсүмбе БОСТАН,

С.Ерубаев атындағы музейдің меңгерушісі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы