Нағыз шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін бұл өнер екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Оған әуелі ынта-жігер ерекше ептілік қажет. Бүгінде бабадан қалған текті өнерді жалғап келе жатқан ісмер жандар баршылық. Темірге тіл, мүсінге жан бітіріп, осынау қасиетті жерге өзінің перзенттік махаббатын, құрметін өнер туындысы арқылы білдірген қолөнер шеберлерінің бірі – Гауһарбек Күнхожаев.
Ол – Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Мақташы ауылының тумасы. Шымкент қаласында Әл- Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтының түлегі. Халықаралық қолөнер шеберлегі одағының мүшесі, Халықаралық «Бейбітшілік Әлемі» бірлестігінің қолөнер аталымы бойынша «Жыл лауреаты» атағының иегері.
Гауһарбек ағаның бойындағы қасиеті Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне ұқсатып домбыра жасайды, әртүрлі көрініс беретін композицияны ой ұшқырымен қиялына қанат бітіреді. Ағаның өзімен тілдескенімізде композицияның өмірге келуіне тылсым күш себеп болған. Ол жөніндегі аян беру әсерімен былайша бөлісті.
2003 мамырда аян алдым,
Бірақ бейне көрмедім таяғаны.
«Киелі бір домбыра жаса» – деді,
Алладан болса, несін аянамын, – деп түсіне енген аянның тектен тек емес екенін түсінген Гауһарбек аға болашақ туындысын неден бастау керек екенін бас қатырып, біраз толғаныпты. Уақыт өте келе ойына алған сызбаларды қолға алғанда көз алдына бабаларымыз А.Ясауи мен Арыстанбаб кесенелері келе беріп, шығармашылығына қанат бітірген. Содан кесенелерді негізге ала отырып, тарихпен үндескен көріністердің басын біріктіріп, біртұтас композиция жасап шығаруды ойлап тапқан. Оның алғашқы туындысы «Көк түйе» екен.
Өзі де таң тамаша болған Гауһарбек аға «Көк түйе» деген болушы ма еді? деп біраз ойланып білімділерден кеңес сұрайды. Ал, «Көк түйе» дегеніміз кезінде Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар заманында ұлылар мінген түйенің атауы екен. Осылайша тынбай еңбектенудің арқасында тарихтан сыр шертетін «Көк түйе» туындысын өмірге әкеледі. Туындыға қарасаныз бейне бір сөйлеп тұрғандай. Себебі, Гауһарбек аға жасалған туындылардың әр біріне жан бітіріп, өлең шумақтарымен сөйлете білген суырып салма ақын.
Туынды да назар салып қарасаныз бір ғана түйенің бойынан 78 туындыны көре аласыз. Онда түйенің шудасы бір жерден қарлығаш, бір жерде барыс басынан қос қарлығаштың бейнесі шығады. Екі қарлығаштың жиынтығынан халыққа аяғының ұщымен қызмет етіп жүрген патша баланың бейнесі бейнеленген. Патша баланың бір қолында кітап, бір қолын «сабыр» деп көтеріп тұрса, ортасында жарып шығып өрмелеп келе жатқан барыстың бейнесі орналасқан. Азу тісін ақситқан көк бөрі, оның астында ана мен бала, аяғына сұр жылан оратылған қыран бейнеленген. Әрбір көрініс өзінше бір сыр шертіп жатқандай тілдесуге, сырласуға шақырады.
Сонымен қатар, композиция қазақ даласының дархандығын, ұлттық ерекшелігі мен бай тарихын тамаша жеткізе білген. Туындының өң бойындағы кейіпкерлер жарасымды үйлескен. Біреуіне мұқият зер салсаныз, оның ішінде өзге де көріністердің байланысып жатқанын аңғарасыз. Гауһарбек аға әрбір туындысын Сыр бойында өсетін тораңғыл, жыңғыл, қара ағаш, тұт, бесіктал секілді ағаштардан жасайды екен. Бірімен бірі тамырласып жатқан туынды кез-келгенді таңдай қақтырмай қоймайтыны анық. Гауһарбек ағаның әрбір әңгімесі әсерлі. Сұхбат барысында ол кісінің тағы бір қызықты оқиғасына куә болдық.
Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылған шеберлердің көрмесіне өзім жасаған домбыраларымды апардым. Сол көрмеде әйгілі Голивудтың жұлдызы Стиван Сигал көрмені тамашалап жүр екен. Тамашалау барысында менің гитараға ұқсатып жасаған домбырама көзі түсіп, қызықтады. Сонда менің домбырамды аудармашы досы арқылы сатып алғысы келетінін жеткізді. Мен болсам қазағымның қара домбырасы шет елге таныла берсін деген ниетпен келісілген бағаға сатып жібердім, – дейді ісмер аға.
«Әке көрген оқ жанар» демекші,тұңғыш ұлы Ынтымақ Баянбаев әке жолын жалғап, шеберлігін шыңдап жүр. Небәрі 24 жаста болса да 78 түрлі көрініс беретін композициясынан аңдардың сүйектері мен мүйізінен әсем мүсіндерді жасай біледі. «Он саусағынан өнер тамған» шебердің «Ер жігітке 7 өнер де аз» дегендей ол қобыз, домбыра, баян секілді аспаптарды нақышына келтіріп тартады әрі ән де айтады. «Сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың басты мақсаты мұражай ісін ашу. Жәдігермен өнерімізге жанашырлықпен қараған жас шебер алдағы шығармашылық жұмыстарымен бөлісті.
Өзіне аян арқылы келген бойындағы дарынын кәсіп көзіне айналдыруды мақсат тұтқан шебер артына өшпес мұра қалдырсам, туындыларым мұражайлардың төрінен орын алса мен үшін сол да үлкен мәртебе,- дейді. Бүгінде талайларды тамсандырған «Көк түйе» туындысы Елбасы қара шаңырағынан орын алса, жеке мұражайына «Түркістан» деген домбырасы сыйға тартылған.
Осыдан қарап-ақ, Гауһарбек Күнхожаевтың әрі шебер қолөнерші, әрі шебер суретші, ойы ұшқыр, таланты биік азамат екеніне көз жеткізесің. Өнер иесінің тағы бір ерекшілігі – ақындығы, күйшілігі, жыршылығы. Қысқаша айтқанда «талант иесі». Сөз соңында айтарымыз ағаның әрбір туындысы келешек ұрпақ үшін маңызы ерекше, мұндай туындылар ұлттық келбетімізді айшықтауға лайық дүние. Мұражайларымызда туындылары сән беріп тұрса, жарасымды болары анық. Ендеше, жәдігерлерімізді жандандырып, киелі қаланың атын шығарып жүрген ісмер ағаға қолдау білдіре білсек жауһар дүниелеріміздің өшпесі анық. Сөз соңында Гауһарбек аға біз сөз қылған туындысын, биіктігін он метр етіп көк тастан ойып Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жеріне қояр ма еді шіркін деген ұсыныс білдіре кетті.
Балдаурен ЖҰМАБЕКОВА