Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: «ТҮРКІСТАН БАРШАҒА ОРТАҚ ҚҰТТЫ МЕКЕНГЕ АЙНАЛАДЫ»

909 көрілім

Осы аптада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркістан қаласына арнайы келді. Сапар барысында түркі әлемінің астанасында бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады. Алдымен Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдың ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ «Тұңғыш Президент саябағын» одан әрі абаттандыру жоспарымен танысты. Мемориалдың ашылу рәсімі аясында Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды. Капсулаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған.

«Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешен» қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған. Биіктігі 7 метрлік, диаметрі 35 метрге тең архитектуралық мемориалдың киізүй пішіндес 21 уығында қазақтың 21 ханының есімі жазылған. Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ тәрізді, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр.

Бұдан соң Тұңғыш Президент назарына ботаникалық бақтың даму жоспары ұсынылды. Сондай-ақ, «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасын жүзеге асыру туралы баяндалды. «Яссы» ботаникалық бағының жалпы ауданы 7,7 гектар. Бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Бұл жерге мыңға жуық ағаш егілген, оның 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсімдіктер. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан интерактивті этноауылға барды. Елбасы этноауылдағы қолөнершілер көшесін аралады. Мұнда ағаш ұсталарының, тоқымашылар мен киіз басушылардың, қыш бұйым жасайтын шеберлердің, зергерлердің, тас қашаушылардың 5 түрлі тақырыптық шеберханасы қамтылған. Елбасы мұндағы көшпенділер асханасын да тамашалады.

Нұрсұлтан Әбішұлы музыкалық драма театрдың ашылу рәсіміне де қатысты. Театрда Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі халықтарының тарихы мен өмірінен сыр шертетін «Шаңырақ» миниатюрасын тамашалады. Соңында Елбасы театр әртістерімен әңгімелесіп, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Сондай-ақ, БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, қала мен өңірдің негізгі даму нәтижелері туралы айтты.

– Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті инвестициялық және туристік жобаларды, сондай-ақ қаланың және тұтас өңірдің тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

– Қалада жаңа жұмыс орындары ашылуда, жастарға мол мүмкіндік жасалып жатыр. Туризм университеті бой көтерді, бүгін тамаша театрдың тұсауы кесілді. Бұл шын мәнісінде айтулы оқиға, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапар барысында бұдан соң Елбасы облыстық ««FARAB LIBRARY» ғылыми әмбебап кітапханасына барды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханадағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді.

«Farab Library» кітапханасы – заманауи құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған көпфункциялы білім беру кешені. Бұл жерде 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, «FabLab» цифрлы шеберханасы, музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған мультимедиа залы, «3D» модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.

Елбасы сапар барысында саяхатшылар-дың қызығушылығын арттыра түскен «Керуен-Сарай» көпфункциялы туристік кешеніне табан тіреді. Осындағы «Алтын Самұрық» ұшатын театрына барып, шағын су айдынындағы театрландырылған шоуды тамашалады. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың келуіне орай, «Қыз қуу» театрландырылған көрінісі ұсынылды.

Кешен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорығының аумағында орналасқан. Жалпы, ауданы 117,6 мың шаршы метр. «Керуен-Сарай» кешенінде «Жібек жолы» дәуірінен сыр шертетін саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат ойындарын өткізетін амфитеатр, шығыс базары, сауда сөрелері мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, SPA және фитнес орталық, отбасылық ойын-сауық орталығы бар. Олардың бәрі бір-бірімен су арналары арқылы жалғасып жатыр.

Осылайша киелі топырақтың түрленіп, түлей түскеніне куә болған Елбасы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді.

– Түркістан жұртшылығына, Оңтүстік өңіріне, бүкіл халқымызға айтатын сөз, Жаңарған Түркістан бәрімізге құтты болсын! Армандап едім, осы Түркістанды бір көтерсек деп. Мемлекет құру, Қазақстанды нығайту, дүниежүзіне белгілі ету жағдайымен шапқылап жүрдік. Мінекей, уақыт келді. Қазақстанның 30 жылдығында жеткен жетістігі, еңбегі жер мен көктей. Сол сияқты бұл елдің астанасын салумен бірдей, біз үшін керемет мәселе. Біріншіден ел үшін, екіншіден осы халыққа жұмыс беру, мәдениетін көтеру үшін дүниежүзіне Қазақстанның мүмкіншілігін тағы да бір паш ететін мәселе болды. Әлі де көп жұмыстар алда. Сондықтан бұл еліміз, жұртымыз үшін әрине түркістандықтар үшін өте ұмытылмайтын жағдай, – деді Елбасы.

Еңбектің еленгені жақсы. «Есіл еңбек еш кетпейді» деген осы шығар. Түркі әлемінің рухани астанасын аралап шыққан Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанда атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, екі жылдан астам уақыт аралығында киелі шаһарды адам таңғаларлықтай өзгертіп, қайта жандануына, жасаруына сүбелі еңбек сіңірген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке алғыс айтты. Жаңарған Түркістанның бүгінгі келбеті – тынымсыз тірліктің, қажырлы еңбектің нәтижесі екені даусыз. Осы тұста жарылыстан жапа шек-кен Арыс қаласы мен топан судан зардап тартқан Мақтаарал ауданын қайта қалпына келтіре жүріп, пандемия кезінде Түркістан қаласындағы құрылысты бір сәтке де бәсеңдетпей, бүгінгі жағдайға жеткізген Өмірзақ Естайұлының іскерлігі мен жауапкершілігін ерекше атап өтуге болады.

Даму қарқыны күн санап, қарыштап жатқан киелі шаһардың әлемдік деңгейдегі туризмнің орталығына айналар күні алыс емес. Ендеше, Түркістанның алдағы уақытта да жайнай берері сөзсіз.

Қуаныш ТАСЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы