Тыл және еңбек ардагері Тұрсын ҚАЛЕКЕЕВ:
«БІЗДІ ЕШКІМ ЖАС ДЕП ЕСІРКЕГЕН ЖОҚ»
Ұлы Отан соғысы осыдан 76 жыл бұрын аяқталғанымен оның салған жарасы талай жүректе әлi де бар. Балғын балалық шақтары осынау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген жандар қаншама. Бiрi қару көтерiп соғысқа аттанса, ендi бiрi тылдағы еңбектi үлкендермен бөлiстi. Мiне, ел басына түскен қиын-қыстау шақта тылда қара жұмысқа жегiлген кешегi бозбалалар – бүгiнде бiр әулеттiң ақсақалды атасы, шежiрелi қазынасы. Тыл және еңбек ардагерi. «Жiбек жолы» ауыл округiне қарасты Сауран ауылының тұрғыны Тұрсын Қалекеев – сондай тыл ардагерлерiнiң бiрi. Бiз бүгiн сонау зұлмат соғыс басталған тұста 13 жаста болып, ауылдағы еңбек майданына баламын демей көппен бiрге еңбек етiп, Жеңiс Туының жоғары желбiреуiне өзiнiң үлесiн қоса бiлген Тұрсын Қалекеевтiң соғыс жылдарында басынан кешкен ауыр бейнеттерi мен Ұлы Жеңiстен кейiнгi өмiр жолының қай арнада өрбiгенi туралы әңгiмелемекпiз.
Тұрсын көкемiз 1928 жылдың тумасы, қасиеттi Сауран ауылында туып өскен. 1933 жылы В.И.Ленин атындағы (қазіргі А.Байтұрсынов) мектебінің 7-сыныбын бітірді. Сол жылы қысқа мерзімде 2 айлық мұғалімдер дайындайтын курста оқып, комсомолдың жолдамасымен оқытушылық қызметке тағайындалады. 1950 жылы Түркістан қаласындағы педагогикалық училищесін, 1971 жылы Қызылорда педагогикалық институтын сырттай оқып бітірді. Еңбек жолдарында 1940 жылдан бастап Түркістан ауданындағы Абай, Қаражон, Ленин, Шорнақ төбе, Фрунзе мектебінде мектеп меңгерушісі әрі оқытушы болып, 1947 жылға дейін істейді. Ал, 1947 -1974 жылдар аралығында Қазақ темір жолының №19 орта мектебінде (Әл-Фараби), №33 разьезінде №385, №32 разьезіндегі №390, Сауран стансиясында №391, Боздала разьезіндегі №393 бастауыш мектептерде мектеп меңгерушісі әрі оқытушысы болып қызмет атқарады. 1974 жылдан бастап Түркістан аудандық оқу бөлімінің «Сауран» бастауыш мектебінде оқытушы болса, 1976 жылы осынау бастауыш мектепті сегіз жылдыққа айналдыруға ұйытқы болып, аталмыш білім ошағының директоры қызметін 10 жылдан аса атқарып, 1989 жылы зейнеткерлік еңбек демалысына шыққаннан кейінде оқытушылық қызметін абыроймен атқарған ұстаз әрі еңбек ардагері.
Құдай қосқан қосағы Дүржамал екеуi 7 ұл-қызды дүниеге әкелiп, оларға өнегелi тәрбие берген. Бүгiнде Дүржамал апаның бұл дүниеден озғанына да 30 жылдан асып қалыпты.
Тыл ардагерi Тұрсын Қалекеев өткен күндер жайында бiзге сыр ақтарып, сонау қиын кезеңдердi ой елегiнен өткiздi.
– Қазiр жасым 95 –ке келіп қалды. Кешегi сұм соғыстың зардабын тартқан адаммын. Миллиондаған адамның өмiрiн қиып, бейбiт өмiр сүрiп жатқан қаншама отбасын бақытсыздыққа душар еткен сол бiр сұрапыл соғыс басталған кезде мен небәрi 13 жаста едiм. Осылайша сұм соғыстың өртi балалық шағымызды шарпыды. Соғыс кезiнде Қазақстан майданды киiм-кешек, азық-түлiкпен қамтып отырды. Бізге ешкiм жас деп қараған жоқ. Колхозда барлық жұмысты әйелдер, балалар атқарды. Өте қиын кезең болды. Күндiз мектепте ауылдағы жас балалардың сауатын ашу мақсатында сабақ бердiм. Менiң қатарымдағы балалар жер жырту, егiн егу, мал бағу, түнде айдың жарығымен бидай оруға көмектесетін үлкендерге. Үлкендер дейтiндей, ауылда үлкендерден кемпiр-шалдар, әйелдер, апалар ғой айтып отырғаным. «Бiр масақ – бiр оқ» дейтiн. Содан ай батып, күн шыққанша шашымыз сарғайып, сусыз далада күнiмiздi өткiздiк қой. Тынымсыз еңбектiң арқасында ғана жеңiске жетерiмiздi бiлдiк. Сондықтан жас болсақ та Жеңiс үшiн, бәрi де майдан үшiн деген ұранмен еңбек еттiк,-дейдi тыл ардагерi.
Тұрсын қария Ұлы Отан соғысы аяқталған соң, елдiң бiлiм саласының жағдайын көтеруге атсалысты. Ауыл мектептерiнде мұғалiм қызметiн атқара жүрiп, Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсiп, оны ойдағыдай бiтiредi. Мiне, осыдан кейiн жоғары бiлiмдi маман аудан мектептерiнде сабақ бере бастайды. Бiлiм беру саласында 60 жылдан аса атқарған еңбек тәжiрибесiнде мектеп директорлығына дейiн көтерiлiп, абыройлы қызмет атқарды. Тылдағы, бейбiт өмiрдегi бiлiм саласына қосқан еңбегiне орай, Үкiмет тарапынан берiлген мақтау-марапаттар – «Еңбектегi ерлiгi үшiн», «Еңбек ардагерi» медальдары мен Ұлы Жеңiстiң мерейтойлық медальдары және «Оқу ағарту iсiнiң үздiгi» медалi кеудесiнде жарқырайды. Тұрсын Қалекеев қария 7 ұл-қызынан 26 немере, 28 шөбере сүйiп отырған бақытты қария.
Осыдан 6 жыл бұрын тыл ардагерінің үйіне арнайы барып хал-жағдайын білгенімізде: қазiр денсаулығым жақсы, тек құлағым естiмейдi. Газет-журналдар оқып тұрамын. Әсiресе, киелi қаламыздың барша жаңалығын паш етiп, ауыл тұрғындарына рухани байлық сыйлап отырған «Түркiстан» газетiнiң әрбiр санын жiбермей оқуға тырысамын. Көзiм жақсы көредi. Бүгiнде еңбегiмнiң бейнетiн көрудемiн» деп айтқан әңгімесін өз аузынан естіп, жақсы әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.
Бір жылдан бері төсек тартып жатып қалса да денсаулығы бірқалыпты жақсы екендігінен хабардар болдық. Газет-журнал-дарды өзі оқи алмаса да облыс орталығы атанған Түркістан қаласының тыныс-тіршілігі туралы жаңалықтарды біліп отыру мақсатында жергілікті «Түркістан» газетіне жазылып, немере-шөберелеріне оқытып отыратындығын біліп, қарияға деніне саулық, ұзақ ғұмыр тiледiк.
Ләззат САРЫБАЕВА.