ТҰМАР ҚАЛА – ТҮРКІСТАН

1  766 көрілім

Түркітілдес мемлекеттердің саммитінде Түркістан қаласы

түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды

Баршамыз білетін ең басты ақиқат сол, ежелгі түркілер үшін түстіктегі Түркістан қаласының орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркітілдес халықтардың атажұртындағы олардың басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Тым алысқа бармай-ақ, өзімізге жақындатып қарастырсақ, Есім хан (1598-1628 жж.) Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп бекітіп, өз билігінің тәуелсіз екендігін көрсету үшін ақша соқтырған. Міне, сол уақыттан ХІХ ғасырға дейін Түркістан Қазақ хандығының астанасы, аса әйгілі экономикалық орталықтарының бірі және ресми әкімшілік орны ретінде қызмет етті. XVI-XVII ғасырларда Түркістан Ресей мемлекетімен саяси қарым-қатынастар орната бастайды. Сол кезден бастап Түркістан туралы деректер орыс жазбаларында да жазылып отырған.

«Түркістан» десе елең етпейтін мұсылман қауымы жоқ. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау да мүмкін емес. Ұлы баба Қожа Ахмет Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді.

Бүкіл Шығысқа әмірін жүргізген қолбасшы Әмір Темір ақынның қайтыс болғанына 200 жыл өткенде, қирап бітуге таяған кішкене мазар орнынан зәулім ескерткіш орнатуы да тегін емес. Сол ХІV ғасырда салынған ғажайып құрылыстың қайталанбас сәулеттілігі және жекелеген әшекейлі көріністері әлі күнге дейін жұртшылықты таң қалдырумен келеді.

Кезінде «Дін – апиын» деген қағида ұстанған Кеңес өкіметінің дәуірінде Ясауи бабамыздың кесенесі де, ол орналасқан Түркістан қаласы да «өгейлік» көрді. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы Кеңестер Одағының құрамында болып келген Қазақстан ежелден тарихы, мәдениеті, тегі мен діні бір түркі әлемінен оқшау жатты. Ондаған жылдар бойында Түркістан қатардағы көп аудан орталықтарының бірі болып қала берді. Бұған кеңестік биліктің 70 жылы ішінде бұл шаһарда бірде-бір елеулі ғимарат (қонақ үй, мәдениет сарайы, театр) салынбағаны, ертеде өткен тарихи қайраткерлердің (хан, би, ақын, жырау, шешен) ешқайсысына ескерткіш белгі қойылмағаны дәлел.

Әзірет Сұлтан кесенесінде жүздеген жылдар бойында сақталып келген жәдігерлердің талан-таражға түсіп, бірталайы қолды болып кеткені өз алдына жеке мәселе.

Қазақ елі тарихының жаңа да жарқын беттері жазылуда. Қасиетті ата мекенді шексіз сүйіп, оның еліне ие, халқына кие болып, қиын кезеңнен алып өтіп, жаңа дәуірге бастау бақыты кез келген адамның басында бола бермейтін бақыт. Ол бақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басына қонды. Байлығы мол Ұлы Даланы әлемге танытып, туған ел терезесін теңгерген Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің тағдырын толығымен еліміздің игілігіне арнаумен келеді.

Елбасының түркі әлемінің рухани астанасына айналған қасиетті Түркістанды жасартып-жаңғырту бағытындағы қамқорлығының нақты көрінісі сол, осыдан үш жыл бұрын Түркістан облысын құру жөніндегі Жарлыққа қол қоюы болып табылады. Киелі қаланың облыс орталығына айналуы ауқымды жаңғырудың бастамасы болды.

31 наурызда Түркі кеңесі мемлекет басшыларының бейресми cаммиті «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбымен онлайн режимінде өтті. Бүгінгі Қазақстан – тыныштық пен тұрақтылықтың мекені. Еліміз бірліктің бесігіне, татулықтың тірегіне айналды. Қазақстан халқында бір-біріне деген жарастық, түсіністік, ынтымақ, бірлік бар.

Саммиттің осындай тақырыппен өтуінің өзі түркі әлемінің қастерлі қарашаңыраққа деген айрықша құрметі мен тағзымын айқын танытты. Қазір Қазақ елінде түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудың барлық алғышарттары жасалып жатқанын мақтаныш сезіммен айта аламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан қаласы түбегейлі өзгеріп, жаңа келбетке ие болғанын cаммитте Президент Қасым Жомарт Тоқаев мақтанышпен айтты. Ынтымақтастық кеңесі бейресми Саммитінде Түркістан Декларациясы қабылданып, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы деп жарияланды. Бұдан асқан қуаныш бар ма?! Түркілер атажұртындағы киелі шаһардың жарқын болашағын көз алдымызға елестетер болсақ, жүрегіміз шаттыққа бөленеді. Қуаныш құтты болсын, Қазақ елі!

Сейдулла САДЫҚОВ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Түркістанға еңбегі сіңген қызметкер.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы