РАМАЗАН АЙЫ – ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЙЫ

3  380 көрілім

Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы келіп жетті. Күллі мұсылман әлемі сағынышпен күткен рақымы мен шарапаты мол кезекті отыз күн ораза өз есіктерін айқара ашып, иісі мұсылман адамға жәннәтқа апарар жолын қайта төседі. Рамазан айы – пенденің рухани азық алып, жан әрі тән құлшылығын жасап, рахатын алатын таптырмайтын мүмкіндік. Себебі, ораза негізінде тек қана ас-судан және т.б. нәрселерден тыйылу емес, толықтай Жаратушы Иеміздің разы болмайтын барлық іс-әрекет және ой-сөзден тыйылу. Ораза ұстау – парыз. Қасиетті Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді», – делінеді. Сонымен қатар, «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді», – делінеді. Хадис шәріптерде: «Кімде-кім Рамазан айында Алланың сый-сауабына деген иманмен және үмітпен ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», тағы бір хадисте: «Рамазан айының түндерін Алланың сыйына иман келтіріп және үміт етіп, намаз оқумен өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі» – деп айтылады. Пенденің жан-тәнімен ораза ұстауының нәтижесі жоғарыда келген хадис шәріптердің мазмұнында баяндалған. Егер Рамазан айында тек қана ас-судан шектеліп, Алла Тағала разы болмайтын іс-әрекет пен ой және сөздерге шектеу қойылмаса, ұстаған оразадан аштықтан басқа пайдасы болмайды. Хадистерде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес» – деп келсе, енді бір хадисте «Ораза – бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында, ораза – бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу!» – деген, тағы бір хадисте «Шын мәнінде, ораза – бұл аманат (сеніп тапсырылған нәрсе). Ендеше, әркім оған сеніп тапсырылған нәрсені сақтасын!». Осы хадистерді негізге ала отырып, ораза ұстаудың терең мәні мен мағынасына үңіліп қарауымыз керек.

Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза ұстау хижри санақ бойынша екінші жылы парыз болды яғни, 624 ж.. Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың қатынаста болмауы дегенді білдіреді. Үш шарты толық болған адам ораза ұстауға міндетті. Олар: Мұсылман болған, ақыл-есі дұрыс болған, балиғатқа жеткен. Әйелдер етеккір кезінде және нифастағы (босанған) әйел осы күндері біткенше ораза ұстамайды, намаз оқымайды. Бұл жағдайлар біткеннен кейін ұстай алмаған оразаның қарызын ұстайды. Яғни, қанша күн ұстамаған болса, сонша күн қазасын ұстайды. Бірақ намаздардың қазасын оқымайды.

Рамазан айында себепсіз ораза ұстамау әрі күнә, әрі жазасы ауыр. Бірақ кімде-кім төмендегідей жағдайларда болса, Рамазан оразасын ұстамаса болады немесе бастаған оразасын бұза алады.

1) Науқастық: Ауру адам ораза ұстаған жағдайда ауруының ұзақ созылып кетуінен қорықса, ораза ұстамай-ақ қоюына болады. Денсаулығы жақсарғаннан кейін ұстамаған оразаларының қазасын ұстайды.

2) Сапарда жүру. Рамазан айында ең аз дегенде 90 км қашықтыққа сапарға шыққан адам ораза ұстамаса болады. Сапар аяқталысымен оразаларының қазасын ұстайды. Ораза ұстау қиындық туғызбаса, жолаушының ораза ұстағаны жақсы.

3) Қауіп төнген жағдайда: Өлтірілу немесе денесіне зиян келтіру қаупі туындаған кісі оразасын бұза алады. Бұзған оразасын кейін ұстайды.

4) Аяғы ауыр және бала емізген жағдайда: Аяғы ауыр немесе бала емізетін әйел кісі ораза ұстаған жағдайда өзіне және балаға зиян келуінен қорықса, ораза ұстамаса болады. Осы жағдайлар аяқталғаннан кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.

5) Қатты аштық пен шөл қысқанда: Ораза ұстаған адам аштық немесе шөл себебінен ақыл-есінен айырылып қалудан немесе денсаулығына зақым келуінен қорықса, оразасын бұзуына болады. Кейін қазасын ұстайды.

6) Қарттық және әлсіздік: Денесі күннен күнге шөгіп қуаты қайтқан, оразаға шыдай алмайтындай әбден қартайған адам ораза ұстамаса болады. Мұндай адамдар кейін де оразасының қазаларын ұстай алмайтындықтан әр күннің оразасының орнына фидия береді.

Биылғы 2021 жылы Рамазан 12-сәуір алғашқы тарауих намазы,

13-сәуір Рамазан айының бірінші күні

13-сәуір –12-мамыр аралығы рамазан айы

Қадір түні 8-сәуірден 9-сәуірге қараған түн

13-мамыр – Ораза айт

ЗЕКЕТТІҢ МӨЛШЕРІ:

Алтынның нисабы – 1 160 000 KZT (2740$)

Күмістің нисабы – 200 000 KZT (470$)

ПІТІР САДАҚА МӨЛШЕРІ – 420 теңге

Ұнмен – 420 теңге

Мейізбен – 3580 теңге

Құрмамен – 7300 теңге

ФИДИЯ МӨЛШЕРІ

Бір күндік фидия мөлшері: 2500 теңге

ФИДИЯ

Ораза ұстауға күші жетпейтін, қуаты кеміп әбден қартайған адамдар мен сауығу үміті жоқ науқастар Рамазан айының әр күні үшін фидия береді. Фидияның құны пітірге ұқсас. Бұл фидияны Рамазан айының басында, ортасында, аяғында беруге болады. Қаласа фидияның бәрін бір кедейге жинап береді немесе бірнеше жағдайы төмен жандарға берсе болады. Мұндай жағдайдағы адамдар фидия беруге дәрмені жетпесе Алладан кешірім сұрайды, ораза ұстауға әлі жетпейтін қариялар мен үмітсіз аурулар келешекте ораза ұстай алатындай денсаулығы жақсарса, ұстай алмаған оразаларының қазасын өтеулері керек. Күш-қуаты жететін кісінің алдындағы берген фидияларының үкімі болмайды, нәпіл садақа сияқты болып қалады.

Қадірлі бауырлар! Баршаңызды исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын! Біздің халқымыз ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беріп, құрмет көрсеткен. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан. Ал ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деп үмбетіне сүйінші хабар жеткізген.

Ораза қабыл болсын, ағайын!

Еркебұлан ҚАРАҚҰЛОВ,

ҚМДБ Түркістан облысының

бас имамы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы