- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп атап айтқан болатын.
Наурыз қайта жаңғырған 90-жылдардан бері мерекелеу үрдісі бірте-бірте өзгеріске ұшырады. Бұл – заңдылық, бірақ Наурызды атап өтудің мазмұнын байыта алдық па? Қарап отырсақ, Ұлыстың ұлы күнін жылына бір рет ұлттық киім киетін, 3-4 күн демалыста қыдыратын, орталық алаңға киіз үй тігілетін мереке ретінде ғана қабылдау белең алған секілді.
Иә, өткен жыл оңай болған жоқ. Пандемияның салдарынан барлық жерде жұмыс онлайн режимге көшірілді, карантиндік шектеу шаралары, оқшаулану – мұның бәрі біздің күнделікті өмірімізді басқаша арнаға бұрғанмен, қал-қадірімізше еңбек еттік. Бұл бізге тәжірибе мектебі болды.
Қазіргі заманғы қоғамдық тәрбиенің негізгі көзі – мерекелер мен мәдени-көпшілік шаралар. Қазақ халқында мән-мағынасы зор екі мереке бар, оның біріншісі – Тәуелсіздік күні болса, екіншісі – Наурыз, яғни Жаратқанның бұйрығымен жаңа құтқа кенелу сәті. Сонан да болар әр қазақ үшін Наурыз – мерекелердің мерекесі. Жалпыхалықтық сипаты бар Наурыз мейрамын жұрттың бәріне бірдей, ұлты мен тегіне қарамастан жатырқамай қабылдайтындай етіп өткізсек жөн болар еді.
Ғалым Ақселеу Сейдімбектің жазбаларында: «…Грек тарихшысы Квинт Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс тойын қалай тойлайтынын тамсана жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, бозбалалар тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқты 365 күй тартылған. Сонан соң, бүкіл елдің батагөй абызы, Тәңірмен тілдес бақсысы ортаға шығып, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған. Мұнан әрі Ұлыстың ұлы күнін тойлау бүкілхалықтық қуаныш-қызыққа ұласқан» деген жолдар бар.
Көбіне мәдени шараларды ұйымдастырушылар жұртшылыққа театрландырылған қойылымдар жасап, ертегі кейіпкерлерінің өнерін ұсынады. Айтайын дегеніміз, алдағы уақытта аймақтың сөзі уәлі, аузы дуалы абыз ақсақалдарды Қызыр баба, елге сыйлы көпбалалы аналарымызды Ұмай ана ретінде шығарып, олардың батасын алуды, тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға Наурыз сыйын ұсынуды тәжірибеге енгізсек нұр үстіне нұр болар еді.
Салт-дәстүрімізді тек Наурыз мейрамында ғана емес, күнделікті өмірде жастардың санасында жаңғыртып отыру аса қажет. Дастарқан басында үлкеннің батасын алғаннан кейін астан дәм тату, ас ішіп болған соң бата қайыру, ер балаға айдар шаш қою, ашамайға мінгізудің мәні жиі айтылып отырса, балалардың құлағына сіңіп қалары сөзсіз. Ата-бабаларымыз қыз бала 13 жасқа толғанда үйдің оң жағынан орын дайындап, жасауын жасап, тақиясына үкі тағып, ер балаға қамшы ұстататын болған. Осы дәстүрді неге қайта жаңғыртпасқа.
Наурыз мерекесін балалардың санасына сіңіру үшін отбасында ата-анасы, мектепте ұстаздары қызықты етіп айтып отырсақ жақсы болар еді. Мысалы, Наурыз мейрамына арналған ертеңгілікте Бақ пен Қызыр баба, Көктем аруы – Нұрша қыз тілек айтып, балалардың өнерін тамашалап, сыйлықтар үлестірсе балалар да жыл сайын Наурыз мерекесін Жаңа жылды күткендей күтетін болады.
Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғырту өз қолымызда екенін ұғынатын кез келді. Наурыз мерекесінде жігіт болып қалған немересіне ата-әжесі кемер белбеу сыйласа, бұл да болса дәстүрімізді жаңғыртудың бір жолы деп білемін. Белбеу – жігіттің жан дүниесінің сандығы, жігіт жігерсіз, болбыр болмау үшін белдік таққан. «Шарғы салу», яғни ұзатылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі сіңлісіне немесе құрбысына орамалын тастап кету рәсімі де бар. Қазір қарап отырсаңыз, ұзату не үйлену тойларында еуропалықтарша қалыңдық гүлін төбесінен лақтырып, оны қағып алған қыз «енді менің жолым» деп мәре-сәре боп жатады.
Жалпы, ата-бабаларымыз ырымды жақсылықтан үміттеніп, тыйымды жамандықтан қорғанып жүретіндіктен күнделікті тұрмыс-салтында қолданған. Болашақта Наурыз мейрамы сахналық кейіптен арылып, бүгінгі күнмен байланыстырылса мазмұны байи түсері хақ. Ендеше, мерекенің маңызын жоғалтпай, ұлттық тамырымыздан алшақтамай, елдігіміз бен дәстүріміздің айшық-өрнегін дәріптей берейік.
Ләззат ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ,
«Түркістан».