ЖҰЛДЫЗДАЙ ӨТЕ ШЫҚҚАН ЖАЛЫНДАП…

2  426 көрілім

Тұңғыш қазақ дипломаты, ірі мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов атындағы музейге жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, музейде бағалы экспонаттар жетерлік. Солардың ішіндегі құнды экспонаттардың бірі – қазақтың біртуар ұлы Нәзір Төреқұловқа арнаған қазақ айтысының ақтаңгер ақыны, Ұлы Отырар топырағының тумасы Тәушен Әбуованың «Нәзірге арнау» атты үш шумақтан тұратын өлеңіне жасалынған экспонат. Бұл арнау өлеңінде ақын Тәушен қазақтың Нәзірдей ұлының қазақ ұлтына сіңгірген еңбегін халқының есіне салып, оның ел болашағы үшін жасаған сүбелі еңбегін паш етіп жырға қосады.

Ақынның арнау өлеңін байыппен оқысаңыз, шын мәнінде Нәзірдей жалындаған қайраткердің халқы үшін жасаған еңбегіне сүйсінесіз әрі мақтаныш сезіміне бөленесіз. Ақынның «Нәзірге арнау» өлеңінде:

Артыңда елің қалды жөн білетін,

Осындай ағамыз бар деп жүретін,

Рухыңа басымды иіп, тағзым жасап,

Менің де жыр төгетін келді ретім.

Жұлдыздай өте шыққан жалындаған,

Дедік қой Нәзір ағам ғалым адам.

Әруақыты сыйлаған ел аман бол,

Ырысың шығар, сірә, қалықтаған.

Қазағым, анау-мынау ел емессің,

Сіздерге ақыл айтар мен емеспін.

Сұлтанбек, Тұрар, Нәзір шыққан сенен

Құдай-ау, сен ешкімнен кем емессің.

-деп ақын Тәушен ағасына төгілте әрі толғана жыр төгеді.

Өткен дәуірдің отызыншы жылдары қазақ тариханыдағы естен кетпейтін Сталиндік зұлматтың ауыр кезеңі еді. Тарихи ауыр қасіретті басынан кешірген қазақ халқының небір жайсандары сол саяси қуғын-сүргінің құрбаны болды. Осындай құрбандардың қатарында «Жапон, түрік» тыңшысы болған деп жала жабылып НКВД-ның құрығына ілінген Нәзірде сол зұлматтың құрбаны болды.

Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткен соң, қазақ елі Нәзірдей ұлдарымен қайта қауышты. Айтыс өнерінде бүкіл қазақ еліне танымал болған қазақ айтысының дүлділі Тәушен Әбуова өзінің Нәзір ағасына деген ақжарма, сағыныш тілегін арнау өлеңімен жырлауы тегін емес. Түркістан топырағынан шыққан Төреқұлдай алыптан туған Нәзірдей ұлдың әке үміті мен арманы болған сол перзенттің ірі мемлекет қайраткері әрі қазақтан шыққан тұңғыш дипломат болатынын марқұм әке сенбеген болар. Әке үмітін ақтап, өз биігінде өмір сүріп «елім», «халқым» деп өткен арда ұлды Тәушендей ақынның жырға қосып, елге танытып өз жырына арқау етуі ақын ананың «борышым» деп білген болуы керек.

Жалпы алғанда, музей экспонаттарының қатарында ақын Тәушеннің «Нәзірге арнау» өлең жәдігері Нәзірдей алаш асылының өмір тарихының жарқын кезеңінен сыр шертіп тұрғандай.

Бақытжан ЖОРАБЕКОВ,

Нәзір Төреқұлов атындағы музейдің аға ғылыми қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы