УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ЖАҢА ТИІМДІ ӘДІС ҰСЫНДЫ

720 көрілім

Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта жаңғырту, зерттеу туристік орталыққа айналдыру мақсатында ауқымды жұмыстардың жүргізіліп жатқандығы баршамызға мәлім. Университетіміздің ғалымдары тарихи және мәдени ескерткіштердің байырғы қалпын сақтауға өз үлестерін қосуда. Жыл өткен сайын табиғи-климаттық, факторлардың әсерінен кесененің кейбір бөліктерде құрылыс материалдарының беткі қабаттарында ерімейтін тұз шөгінділері пайда болған. Осы тұз шөгінділерін жою және олардың пайда болу жолдарын тежеу мақсатында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары жан-жақты зерттеулер жүргізді. Эколог ғалымдар кесененің ішкі бөлмелеріндегі және ескерткіштің сыртқы қабырғалары мен фундаментінің бетінде тұздардың пайда болу механизмдері, олардың құрамдары зерттеліп, шөгінділердің түзілуіне алып келетін жағдайларды анықтады.

«Экология» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары осы нәтижелерге сүйене отырып, тұз шөгінділерінен құтылу және олардың түзілуіне әкелетін жағдайларды болдырмауға мүмкіндік беретін, адсорбциялық ион алмасу үрдісіне негізделген тұздардан тазалаудың жаңа әдісін ұсынды. Бұл әдісте адсорбент (сорғыш) ретінде химиялық күлденбейтін сүзгі қағазы, ал ион алмасу реагенті ретінде «Трилон Б» деп аталатын комплексон қолданылды. «Трилон Б»-ның қасиеті ерімейтін беттік тұз шөгінділерін еритін түрге айналдырып, олар ерігеннен кейін қағазда сорылып ұсталады. Бұл әдіс беткі тұздарды ерітумен қатар, құрылыс материалдардың ішіндегі катиондармен тұрақтылығы жоғары қосылыстар түзіп, онда жүретін процестерді де тежейді.

Сонымен, өндірістік жағдайда тексерістен өткізіп, ұсынып отырған «компресс әдісі» деп аталатын тәсіл Ясауи кешенінің сыртқы және ішкі сәулет өрнектерінің әсемдігін, беріктілігін және кесененің өмір ұзақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Экология» ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау белдемінің шекарасына Қараған (Акация) ағаштарын отырғызып, күтіп баптау жұмыстарымен айналысуда. Жасыл қоршауды ұйымдастыру тарихи-сәулеттік, археологиялық ескерткіштердің сақталуына айтарлықтай үлесін қосады. Нақтылай айтқанда, жасыл белдеу желдің жылдамдығын төмендетеді, шаң бөлшектерін ұстап қалады. Көлік құралдарынан бөлінетін газ шығарындыларын сіңіреді және үй жануарларының қорғалатын аймаққа кіруіне тосқауыл жасайды.

Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ақпарат орталығы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы