Мамандар қазір белең алған пневмонияның шын мәнінде коронавирустың асқынған түрі екенін айтады. Ендеше бойында вирус бар науқастарды пневмонияның қатарына енгізу кімге керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен ел дайын болмай шықты. Біздің халық тәуекелмен өмір сүретіні бәрімізге белгілі. Қайтадан той-томалақ, карым-қатынас, ары-бері сабылып жүрген жұрт. Санитария-эпидемиялық ереже жайына қалды. Сақтық шарасын ұстап тұру үшін Еуропадағыдай елдің наразылығынан сескенбей, айыппұл жазасын енгізу керек еді. Тек мекемелерге ғана емес, әр адамға. Бұған әлі де кеш емес. Халықтың тілімен түсіндірсе, көпшілік қарсы келе қоймайды. Неге басбұзарлардың кесірінен жақындарымыз жапа шегуі керек? Осыны жеткізу керек.
Қазіргі пневмония дегеннің бәрі коронавирус. Әдетте губка тәрізді болып келетін өкпені коронавирус қабындырған кезде бұл қатая бастайды. Қарайып, қан ұюы мүмкін. Суық тигендегі пневмония кезінде ірің болады және дене қызуы 40-тан асып жатады. Ал коронавируста іріңнің орнына фиброз болады әрі жиі әлсіреп, тыныс алу бұзылады. Адам екеуінде де жөтеледі, кеуде тұсы ауырсынады. Симптомсыздарда қайта әлсіреп, ауру жасырын дамиды. Осыған мысал ретінде Қытайда дертінің инкубациялық 20-шы күні өкпесінде оттегі жолын тромбо бөгеп, мейірбике қайтыс болғанын айтуға болады. Өкпенің регенерациясына уақыт керек. Клиникалық белгілерінен құлан таза айығып, ауруы қойған соң да вирус кісінің бойында 1-2 аптадай сақталады. Жазылдым екен деп қарттар мен балаларға бірден жақындамау керек. Жұғуы мүмкін.
Ал профилактика дегеніміз – иммунитетті нығайту. Мұның түрі көп. Және вирус өлімге үкім емес, алуан түрлі ақпарат халықты әбден үрейлендіріп қойды. Республика ауруханаларын лық толтырған науқастар пневмониямен ауырып жатыр деседі. Бұл дегеніміз COVID-19 инфекциясы болып шығуы мүмкін бе? Қазір жүріп жатқан эпидемия жүз пайыз верификацияланбаған, зерттелмеген коронавирус. Тесттің сенімсіздігінен әрі вирус дамып өкпеге өтіп кеткендіктен оны пандемия деп атамай, жай пневмонияға жатқызып отыр. Ел үшін еңбектенетін, күн-түн көрмейтін кез. Атқамінерлер мен ақхалаттылардың кәсіби білігі, елдің сабыры сыналатын сәт. Неге өркениетті елдердегідей кем дегенде әлеуметтік аз қамтылған топтарды жаппай тестілемеске? Қазақстанның экономикалық жағдайы мұндай қоғамдық скринингті көтере алады. Дәрі тапшылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ауруханада жатқандар С витаминін, аскорбинканы сатып алып жатыр. Тестілеу-емдеу құқығын басқа клиникаларға да беру керек, мұнда лобби түріндегі мүдде, монополия байқалады. Шын мәнінде, тесттің өзіндік құны небәрі – 2,5 мың теңге тұрады. Неге екені белгісіз тап қазір 9500-ден 18 мың теңгеге дейін сатылып жатыр. Денсаулық саласының мекемелеріндегі жағдай өте мүшкіл, кадрлар жетіспейді, оның үстіне жартысы ауруға шалдыққан, қалғаны қауіптеніп жұмысқа шықпауда. Ертең келем деген дәрігерді не 6 сағат күтуге мәжбүр жедел жәрдемге қарамай-ақ, ауру білінгеннен бастап үйде өз мүмкіндігіңізше емделе беру керек.
26 маусым күні ДДСҰ бас директорының стратегиялық бастамалар жөніндегі орынбасары Раньери Герра өткен ғасырдағы Испан тұмауы мен COVID-19 екеуі бірдей өрбіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, пандемияның әлемдегі екінші толқынында миллиондаған адам қайтыс болуы мүмкіндігін ескертті. Аталған індетті алдағы уақытта қандай сценарий күтіп тұр? Желтоқсанда күн суығанда жағдай тіпті ушығып, өлім фактісі өсуі мүмкін. Қысқа қарай тұмаумен араласып, бір адам бірнеше диагнозбен ауруы ықтимал. Қарттардың арасында қант диабетімен, гипертонивті аурулармен ауыратындар көп. 60-тан асқан әр он адамның үш-төртеуінің ғана дені сау.
Вирус пайда болғанда қарттарды дереу оқшаулау қажет. Егде жастағы ересектерге кішкентай балаларды жолатпау қажет. Олар тасымалдаушы ретінде бет сүйіп, құшақтағанда тез жұқтырады. Осы қауіпті қаперге алсақ, қарттарды жоғалтып алу тәуекелі жоғары. Вакцинаның алғашқы үлгілері нәтиже бермейді. Ең ұзақ жол – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Халықтың жаппай ауруы денсаулық сақтау саласына күшті салмақ түсіреді. Кадр, ресурс тапшылығы зор қиын шақта 100 адам бір кезде ауырғанша, үш айда бөліп ауырғаны әлдеқайда тиімді. Есесіне көп жағынан ұтамыз, кісі шығынын болдырмауға сеп.
Дәріханадағы дефицит, тест тапшылығы, ауруханадағы орын жетіспеушілігі, үйден емделушілердің көптігі, сақтық шарасына бейжай қарау т.б. сыни жағдай жалғаса берсе, жыл соңына дейін кейстер саны 1 миллионға дейін ұлғайып, он мыңдай адам қайтыс болуы мүмкін. Жағдайдың ушығуын тоспай, бірден қара күзге дейін материалдық және қорғаныш құралдарын, қосымша орындардың қорын жасақтауға кірісу керек. Ештеңеден аянбау міндет. Бұған жергілікті бюджеттен де қаражат жұмсалсын. Емханаларға косымша жасанды фильтрлер, изоляторлық және интенсив ем палатасы бар бөлімдер құру қажет. Үкімет халық пен медицина мамандарын тыңдағаны жөн!
Қарлығаш АҚЫЛБЕКОВА,
облыстық ЖИТС тің алдын алу және онымен күресу орталығы дәрігер-инфекционнист.
