ТҮРЛЕНЕ БЕР, ТҮРКІСТАН!

1  486 көрілім

Түркістан қаласын дамыту ісі бір сәтке де толастап жатқан жоқ. Күн сайын бір өзгеріс. Тіпті жер жүзін алаңдатқан қауіпті індет кезінде де қасиетті шаһарда құрылыс қарқыны бәсеңсімеді. Иә, солай болуы тиіс. Өйткені дүйім жұрт көз тіккен Түркістанды түлету ісі ел абыройы, билік басындағы азаматтардың міндеті.

Осы тұрғыда қала тізгінін ұстап қызметін бастағанына тура бір жыл толып отырған шаһар басшысы Рашид Аюповтың жыл көлеміндегі еңбегіне шолу жасап көрейік.

Әкім қызметіне кіріскен күннен бастап, қала халқымен жүздесуге мән берді. Аға буын және орта жастағы азаматтармен пікірлесіп тұрғындар көкейіндегі мәселелермен танысты. Осы арада жалындаған жастармен де кездесулердің қатар жүргенін айта кету қажет. Нәтижесінде қаладағы бірқатар қордаланған мәселелер жинақталып, осы күні сол түйіткілдердің шешу жолдары қарастырылып, оның кейбірі іске асып жатқанының куәсі болудамыз. Бұл тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін зерделеудегі қадам дейтін болсақ, одан бөлек мемлекет деңгейінде іске асырылуы тиіс ауқымды жобаның да қолға алынғаны белгілі.     

Атап айтсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пәрменімен құрылған Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласын дамытудың төрт идеологиялық бағыты аясында жұмыстар жүргізілуде. Олар: Түркістанды түркі әлемінің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру, Түркістанды әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығына айналдыру, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы және Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға.

Аталған бағыт аясында жоспарланған межелерге қол жеткізу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келе жатқанын төменде қал-қадірімізше жеткізетін боламыз. Сонымен бірге, қаланы дамытудағы негізгі бағыттың бірі – туризм саласын дамыту. Бұл мақсатта алдымен жәдігер шаһарды дүйім жұртқа насихат ету басты мәселенің бірі десек болады. Осы орайда, өткен жылы Түркістан дүниежүзілік «Біріккен қалалар және жергілікті билік» ұйымына мүше болғанын, қала әкімі Рашид Аюпов аталған шараға өзі барып қатысып, жағымды жаңалықты сондай-ақ Түркістан атын әйгілеудегі тың жол ашылғанын сүйіншілей хабарлаған еді. Соның арқасында тарихи шаһар 100-ден аса елде таныстырылып, жарнамаларда көрсетілгенін басты оқиғаның біріне балауымызға болады. Қаламыздың басты нышаны да жаңа келбетке енді. Логотип мазмұны Жібек Жолы бойындағы қозғалысқа негізделген. Қазіргі уақытта логотип қаланың басты символына айналды. Әрбір саябақтарда, қоғамдық орындарда, қаламсап, сөмке, киімдер, баскиімдер, сыйдорбаларда

ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНДАҒЫ САПА МӘСЕЛЕСІ

Қазіргі таңда аталған төрт бағыт аясында қала аумағында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Әуелі құрылыс саласының қарқын алып отырғаны белгілі. Осы ретте бой көтеріп жатқан нысандардың сапасы, құрылысшылардың еңбек қауіпсіздігі, әсіресе қауіпті індеттің белең алуы тұсында осы саладағы әрбір азаматтың дертке шалдықпауы үшін жауапты тұлғалармен қатар жергілікті билік барынша сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстап келеді. Болашақта халық игілігі үшін қызмет ететін бүгінгі құрылыс нысандарының ең алдымен сапалы жүргізілуі аса маңызды. Осы тұста қала аумағындағы жүздеген құрылыс нысандарындағы сапа мәселесі әкімдік жұмысының негізгі бөлігіне айналып отыр.

Осы күні Түркістан қаласында 98 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бір мезетте қала әкімдігінің бұл нысандардағы сапаны бақылауда ұстауы қиын екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан ретіне қарай күнделікті жұмыс жоспарымен және жоспардан тыс аталған жайды бақылау шаралары жүргізілетінен қала әкімінің әлеуметтік желідегі жазбаларынан да аңғаруға болады.

ЖАҢА НЫСАНДАР ҚАЛА КЕЛБЕТІН АЙШЫҚТАУДА

Бүгінгі таңда күнделікті тіршілікпен қалада құрылысы жүргізіліп жатқан көптеген нысандардың ел игілігіне беріліп жатқанын да байқамауымыз мүмкін. Қазіргі күнде облыс әкімдігінің ғимараты, «Нұр-Сұлтан» алаңы, «Алатау» медиа орталығы, олимпиадалық резерв спорт мектебі, «Ақжайық» музыкалық мектебі, Азаматтарға арналған үкімет ғимараты, шығыс моншасы, қабылдау орталығы, музыкалық субұрқақ, амфитеатр, неке сарайы, «Түркістан» Халықаралық автовокзалы ел игілігіне берілді. Енді таяу күндері облыстық басқармалар ғимараты, аумақтық департаменттер ғимараты, конгресс орталығы, оқушылар сарайы, 7000 орындық «Turkistan Arena» стадионы, жабық бассейні бар спорт кешені, «Жібек жолы» аттракциондар саябағы, ғылыми әмбебап кітапхана, Ұлы дала елі орталығы, Қ.А.Ясауи мұражайы, драма театр, Тұңғыш Президент саябағы, цифрлық кеңсе, смарт сити байланыс желілері, 900 орындық мектеп, «Түркістан» халықаралық әуежайы тұрғындар үшін есігін айқара ашпақ.

ТАБИҒИ ГАЗ ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ

Өткен жылы облыс әкімі Ө.Шөкеев Түркістан қаласын газдандыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Соның ішінде табиғи отын тарату мақсатындағы құрылыс жұмыстарын 2020 жылы толық аяқтауды міндеттеген. Бұл жерде оқырманға түсінікті болуы үшін мәселеге нақты түсінік бере кету қажет. Әлгі газбен қамтуды толық аяқтау ісі тұрғындардың барлығының үйіне газ кіргізіп беру деген сөз емес. Мұнда газ құбырын әрбір үйдің алдына жеткізу міндеттелген. Қала әкімдігі облыс басшылығының тапсырмасын өз межесінде орындауды көздеп отыр. Оған толықтай негіз бар. Сонымен бірге, үйлердің де газ тұтынуы үшін насихат жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың өтініштері қабылдануда.

Бүгінгі таңда шаһарда газ құрылысының жоспары 70 пайызға жуықтаған. Енді табиғи отынның рахатын көремін деушілер үйіне газ кіргізуге тыңғылықты әрекет етулері керек.

ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – МИКРОКЛИМАТ НЕГІЗІ

Түркістан қаласының қысы жайлы болғанымен жаздың күні ми қайнатар аптап ыстығы қасиетті мекенге келген жандар үшін ең өзекті мәселенің бірі. Иә, бұл түйіткілдің де шешімі бар. Облыс әкімдігі бастап, қала әкімдігі қостап Түркістанды жасыл қалаға айналдыру ісін жүйелі түрде жүргізуде. Сол мақсатта, бүгінгі таңда қала аумағында 97,9 гектар аумаққа «жасыл белдеу» қалыптасып, 3 миллонға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Оған қоса, бұрынғы ұңғыма және ирригациялық канал көздері қайта қалпына келтіріліп, кейбірі жаңадан салынуда. Нәтижесінде қазір Түркістан қаласының орталығынынан 4 канал салынды. Осы уақытта аталған каналдарға секундына 100 литр ағын су жіберілуде. Оның ішінде жасанды көлдердің де бар екенін айта кету қажет. Алдағы уақытта егілген ағаштар бой көтеріп, су көздері толықтай іске қосылғанда Түркістан қаласы жанға сая іздеген адамдардың таптырмас саялы мекеніне айналмақ.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАЙЛЫЛЫҒЫ ҮШІН

Әрбір өркениетті қаланың басты ерекшелігі оның инфрақұрылымында. Осы ретте көне шаһарды гүлдендірмес бұрын әуелі инфрақұрылымды қалыптастыру ісі ең басты заңдылық. Біздің жоғарыда атап өткен құрылыс саласы, табиғи газ мәселесі де осы істің бір тармағы. Бірақ, өңірдегі өзекті мәселе болған соң арнайы тоқталдық. Қазіргі күні қалада 106,3 шақырымды құрайтын жалпы саны 81 көше күрделі, орта және ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ, қала аялдамалары да жаңа жобамен жасала бастады. Бұл жұмыста шаһар басшысы жазда ыстықтан, қыста суықтан қорған болуы үшін аялдамалардың жабық, ішінде теледидар, wifi болуын жүктеді. Нәтижесінде осы талаптар аясында алғаш «Әмір Темір» аялдамасы ел игілігіне берілді.

Жарықтандыру ісінде бұған дейін қала көшелерінің 18 пайызы ғана жарықтандырылған болса, бұл көрсеткіш бүгінгі күні 30 пайызға жетіп отыр. Сонымен бірге сарқынды су жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін тұрғындардың 11,9 пайызы аталмыш жүйемен қамтылатын болады. Ауыз су мәселесінде де жоспарланған межеге қол жеткізілуде. Бұған қоса, І және ІІ мөлтек аудандардағы көпқабатты үйлерді жылумен қамтитын орталық жылу қазандығын көмірден көгілдір отынға ауыстыру туралы шешім қабылданып, алдағы жылу маусымында тұрғындар табиғи газ жүйесі арқылы жылу алатын болады.

ҚАЛА КӨРІКТЕНЕ БЕРЕДІ

Қала халқына жайлы әрі қолайлы жағдай жасау мақсатында демалыс орындарының жөні бөлек. Қазір тұрғындар үшін ыңғайлы жерлерге демалыс орындарының көптеп салынып жатқанын аңғару қиын емес. Бүгінде «Жеңіс» саябағы, Теміржол вокзалы, «Гүлдер» саябағы сынды бірнеше демалыс орны қайта жаңғыртылса, жаңадан 10-нан астам саябақ, аллея мен скверлер салынды. Онда ерекше үлгідегі, суды бу түрінде шашатын субұрқақтар орнатылды. Бұл жұмыстар біз атаған сандармен шектелмейді. Алдағы уақытта көрікті орындар мен саялы жайлар саны арта бермек. Айта кетерлігі, жайлы орынның жағдайына да баса мән беру қажет. Ел игілігі үшін жасалған дүниеге әрбір азамат жауапты. Сондықтан қаладағы жаңа нысандарға ұқыптылықпен қарап, жауапкершілікті терең сезінген абзал. Біздің ұқыптылығымыз қала көркіне қосқан мол үлесіміз болып табылмақ.

«ҚАУІПСІЗ ҚАЛА» 

«Түркістан – қауіпсіз қала» жобасы базар маңында жол және тұрғындар қозғалысының ретке келуіне септігін тигізді. Бұл тұста, тәртіпті жіті қадағалап, нәтиже шығара білген полиция қызметкерлерін де айта кеткен жөн. Ол үшін полиция қызметіне қолайлы жағдай жасау үшін де бірқатар жұмыстар жасалды. Атап айтсақ, «Ашық қоғам, ашық полиция» жобасы аясында арнайы бекеттер орнатылды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жол қауіпсіздігін қадағалау үшін былтыр жыл соңында 200 бейнекамера орнатылды. Алда, 300-ін ортану жоспарланған. Мақсат – айыппұл салу емес, қауіпсіздікті жандандыру. Сондай-ақ, мектептерге арналған INDIGO, SAKURA, MINDAL бағдарламаларымен қатар, биыл «Қабылдау орталығы», «Теміржол вокзалы» және Қ.А.Ясауи кесенесінде «Ашық wifi» жүйесі туристер үшін орнатылды. Осы жұмыстардың жалғасы ретінде алда халық көп шоғырланатын 7 саябақта аталмыш жобаларды  орналастыру жоспарлануда.

ТАЗАЛЫҚ САҚТАУ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МІНДЕТІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

Түркістанды таза қалаға айналдыру бастамасы бір сәтке де назардан тыс қалған емес. Бұл бастамаға қала ақсақалдарынан бастап, жастарға дейін шама-шарқынша үлес қосуда. Осындай көптің ісін әкімдік тарапынан одан әрі жетілдіру мақсатында да елеулі жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, өткен жылдың қыркүйек айында италияндық тазалау техникалары алынып, аяқжол және веложол тазалығын қамтамасыз етуде. Ол шаңнан, қоқыстан тазалап, жуады. Одан бөлек, өткен жылы облыс орталығы жаңа техникалармен толықты. Қала тазалығы мен жол жөндеу жұмыстарына арналған заман талабына сай 34 арнайы көлік берілді. Бірнеше қоқысты сұрыптап салатын қоқыс жәшіктері қойылып, креативті үйлестіру үшін жоғары бөлігіне гүлдер қойылды. Бұған қоса, қаланы көріктендіру барысында орталық көшелер бойындағы үйлердің сырт келбетіне түйелер керуені бейнеленді.

НЕГІЗГІ МІНДЕТ – ХАЛЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІ ҚЫЗМЕТ

Әкімдік жұмысының негізгі бағыттарының бірі және бірегейі тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Осы бағытта қала әкімі Рашид Аюпов қызметін бастаған күннен төңірегіндегі әкімдік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру арқылы заман талабына сай барлық мүмкіндіктерді қолдануды басшылыққа алды. Нәтижесі де жоқ емес. Бүгінде әкімдіктің дербес бөлімдері әлеуметтік желілерге тіркеліп, бұрынғыдан да халыққа  жақындай түсті. Сол арқылы тұрғындардың уақыт жоғалтып, әкімдік есігін торуылдауы анағұрлым азайып,  олардың көкейіндегі сауалдарға жылдам әрі нақты жауап беріп қана қоймай, түйіткілді мәселесінің түйінін тарқатуға сеп болды. Нақтылай айтқанда «Ашық әкімдік», «Халықтық әкімдік» жүйесін қолға алып, азаматтардың сауалын тыңдауда да, қызмет барысында түскен өтініштер мен жеке және қоғамдық қабылдауларда да түскен әрбір мәселеге жіті мән беріп, тиімді жолдарын қарастырып, оған лайықты жауап берілуде. Сондай-ақ, қаңтар айында «Халықтық кеңсе» іске қосылды. Мұнда әкімдікке қарасты дербес бөлімдерді қоса алғанда мемлекеттік қызметтің 70-ке тарта түрі көрсетілуде. «Халықтық кеңсе» ашылған күннен бері 20 мыңға жуық азамат осы мекеменің игілігін көрді. Бұл жүйе тиімділігін дәлелдеп, жақсы нәтижеге қол жеткізгендіктен, мұндай екінші кеңсені осы жылы ашу көзделіп отыр. Бұған қоса қала қонақтары үшін «Қабылдау орталығы» ашылғанын да айта кету қажет. Аталмыш орын бүгінде әр келушінің бірінші аяқ басар орталығына айналды. Мұнда туристер үшін барлық жағдайлар жасалған.

БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕГІЛЕР ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАУДА

Түркістан қаласындағы әлеуметтік мәселелердің ішінде тұрғындарды мазалайтын баспана мәселесі кейінгі кезде оң шешімін тауып келеді. Соның жарқын дәлелі соңғы бір жылда мыңға тарта (996) отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Оның ішінде өз кезегінде пәтер алғандармен қатар облыс орталығына қызмет бабымен келген мемлекеттік қызметшілер де бар. Бұл көрсеткіш алдағы күндерде де еселене түспек. Ол үшін жаңа үйлер бой көтеріп жатқандығы баршаға аян. 

ЫНТАЛАНДЫРУ ІСІ ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖОЛ АШПАҚ

         Түркістан қаласы аумағында кәсіпкерлерді оның ішінде бизнеске енді араласқан жастарды ынталандыру ісі жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Осы бағытта кәсіпті дамытуға ерекше ден қойып, мемлекет жеңілдіктерін пайдалану мақсатында оңтайлы жобалар қолға алына бастады. Сол бастамалардың ішінде өткен жылы Түркістанда алғаш рет жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Damdi Turkistan» тағамдар фестивалі, балалар бизнес жәрмеңкесі секілді жаңа жобалар қолға алынды.  Айта кетерлігі, «Damdi Turkistan» тағамдар фестивалінде бір қазанда жеті түрлі «Достық» палауы және ұзындығы 5 метр кәуап пісірілді. Нәтижесінде жеңімпаз кәсіпкерге қаланың орталығынан кәсіп жасауы үшін арнайы жер телімі ұсынылды. Сондай-ақ, жастардың бойындағы қабілетін ұштай түсетін жобалар қатары да аз болмады. «Квартирник», «Шабыт» кештері өнерпаз жастарға кең мүмкіндік тудырғанын айта кету қажет. Ал, салауатты өмір салтын ұстанып, серуен құру үшін «Turkistan bike» (жалға берілетін велосипед) жобасы іске асып, қаланың әр бөлігіне орнатылды.

Облыс орталығын дамытуда өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының Арыс қаласын аяққа тұрғызған жобасы, Түркістанда да іске асып, қаладағы мәселелерді шешу жолдарын ыңғайластыру үшін 32 секторға бөлінген. Бұл аймақтардың жұмысы бүгінде өз жемісін беріп келеді. 175 мыңға жуық халқы бар шаһар тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында облыс аудандары мен басқармалары үлес қосуда.         

Өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша ел алдында есеп берген қала әкімі Рашид Аюпов халықпен кездесуін «TedX» форматында өткізіп, барша жұрттың ілтипатын алған еді. Айта берсек, қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары аз емес. Бір жыл көлеміндегі жұмыс қарқыны жұқпалы індет жайламағанда бәлкім бұдан да жоғары болар ма еді. Десе де Рашид Абатұлының қаланы халықаралық деңгейде дамытып, шаһардың рухани негізін сақтай отырып, заман талабына сай жаңашылдықтармен ұштастыруға басымдық беріп отырғанын желідегі жазбаларынан да аңғару қиын емес. Жазба демекші әкім әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы халықтың көкейіндегі сауалдарына назар аударып, кері байланыс орнатуы көптеген мәселелердің жедел шешімін табуына ықпал етіп жатқанын айта кеткен жөн. 

М.ДӘУЛЕТОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы