ЕЛІМІЗДЕ «КОРОНАВИРУС» ТІРКЕЛДІ

788 көрілім

13 наурызда Германиядан ұшып келген екі қазақстандықтан (бір ер, бір әйел) коронавирус табылды. Олар Алматы қаласындағы карантиндік стационарға жатқызылды деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, олар 9 және 12 наурызда ұшып келген. 12 наурызда ұшып келген жолаушылардың барлығы карантинге жіберілген.

“9 наурыз күнгі рейсте болған 73 жолаушыны тауып, карантинге жатқызу жағын қарастырып жатырмыз, олардың тізімі бізде бар. Жолаушылар 14 күн карантинде болмақ”,- деді Е. Біртанов.

Қазақстан коронавирусқа байланысты қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салған болатын. 16 наурыздан бастап мектеп оқушыларының көктемгі демалысы бір апта ерте басталып, жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері онлайн оқуға көшеді. Сауда орындарында кинотеатрлар жабылып, 20 наурыздан бастап мешіттерде жұма күнгі намаздың уақыты қысқарады.

Естеріңізге салып өтейік, қаламызда 14-24 наурыз аралығында түрлі спорттық сайыстар, байқаулар мен мерекелік концерттер өткізілу жоспарланған еді. Еліміздегі соңғы оқиғаларға байланысты аталмыш шаралар кейінге қалдырылды.

Ақберен АМАНГЕЛДІ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы