АРЫСТАҒЫ СОТ ҒИМАРАТЫН КІРПІК ҚАҚПАЙ КҮЗЕТКЕН БАТЫРЛАР

1  026 көрілім

 Маусым айының үшінші онкүндігінде Арыс қаласында болған жойқын жарылыстар туралы жайсыз хабар бүкіл елді есеңгіретіп тастағаны анық. Бейбіт күннің берекесін бұзып, бүтіндей бір қаланы тұншықтырған оқиғаға кез келген жанның бей-жай қарай алмағаны рас. Таңқаларлығы өздерінің қызметтік міндеттерін мүлтіксіз орындаған сот ғимаратының күзетшілері жарылыс кезінде нысанды қараусыз қалдырмаған. Бұл туралы кейінірек. 
  Жарылыс салдарынан қаладағы басқа ғимараттар секілді Арыс аудандық сотының ғимаратымен қоса осы жерде қызмет атқаратын судьялар мен сот қызметкерлерінің тұрғын үйлеріне де айтарлықтай зақым келген болатын. Бүкіл ел болып арыстық ағайындарға қол үшін беруге асыққандар қатарында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асановтың үндеуімен еліміздің судьялар корпусы және Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің, сондай-ақ Түркістан облысы соттарының судьялары мен Соттар әкімшісінің қызметкерлері өздерінің бір күндік жалақыларын аударатын болды.
  Осындай қиын кезеңде Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің ұжымы өзара кеңесе келе, мемлекет тарапынан сот ғимаратын қалпына келтіруге бөлінетін қаражатты күтпей-ақ, өз күштерімен асарлата отырып жөндеуден өткізіп, соттың мейлінше тез арада өз жұмысын жалғастыруына жағдай жасау туралы шешімге келген болатын. Мұндай ізгі іс көпшілік қолдауына ие болып, Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің ұйымдастыру жұмыстарының арқасында Арыс аудандық сотының ғимараты тез арада қалпына келтірілді.
  Арыс аудандық сотының ғимаратында өткен басқосуда ел басына күн туғанда қол ұшын берген қамқор азаматтар мен сол бір алапат жарылыстар болған кезде сот ғимаратын тастап кетпей, өз қызметтерін адал атқарған қызметкерлердің ерлігі мақтанышпен айтылды. Басқосуда Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев барлық көмек қолын созған қамқор азаматтарға, сонымен қатар «Ақ жол» ЖШС-ң директоры Сабыржан Атаевқа алғысын білдірді. Ол өз қаржысы есебінен Арыс аудандық сотының зақымдалған шатырын жөндетіп, есіктер мен терезелерін жаңадан ауыстырып, жалпы құны 2 миллионға жуық қаржысын жұмсағанын, сондай-ақ сот қызметкерлерінің отбасыларына азық-түлік үлестіргенін атап өтті.
  Шара барысында республикалық Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов пен Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев алапат жарылыстар болған кезде сот құжаттары мен істердің қолды болып кетуінен сақтап қалған күзет қызметкерлеріне Алғыс хаттар тапсырды. Тәулік бойы сот ғимаратын қорғаған ержүрек бауырларымыз Айдос Дербисов пен Сұлтанбей Максумов екенін айта кеткеніміз жөн. Осы ерліктері үшін аталған азаматтар «Бауыржан Момышұлына – 100 жыл» төсбелгісімен марапатталып, үлкен құрметке бөленді. Босқосуға арнайы келіп қатысқан облыстық мәслихатының депутаты Үмбет Жүсіпбаев, қаладағы «Игілік» мешітінің имамы Әмірхан Әбдірахманұлы, қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Пернетай Досыбековтер «Арыс, біз біргеміз!» тақырыбында өз ойлары мен тұщымды пікірлерін жеткізді.
  Арыс қаласын қалпына келтіруге қол ұшын берген жаны жомарт азаматтардың ізгі істерін насихаттап, жас ұрпаққа үлгі ету парызымыз. Ал, «Арыс оқиғасы» бізді жауапкершілік пен бірлік мұраты төңірегіне топтастырғаны сөзсіз.
  Райымжан ӘЛІБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы