ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАРМЕН ҚУАНТТЫ

260 көрілім

Қаламызда Қазақстан Республикасының даңқты боксшысы, КРСО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған ересектер арасында халықаралық турнирі өтті. Дәстүрге айналған былғары қолғап шеберлерінің додасы 29-рет өткен.

Түрленген Түркістандағы байрақты бәсекеге 5 алыс-жақынды мемлекеттермен қатар, еліміздің барлық облыстарының жұмыр жұдырықты жігіттері жиналған. Бұл қатарда әлемдік бокс державасына бағаланатын Куба, Азия чемпионаттарының тұрақты қатысушысы Камбоджа сынды елдер өз сайыпқырандарын сақадай сай етіп алып келген. Сәуір айының 16-19 күндері аралығында түндігін түрген жарыста Түркістандық оғландар оқ бойы озық болып, жалпы командалық есепте 4 алтын, 3 күміс, 6 қоламен көш бастады.

Алтыннан алқа таққандарды атап айтар болсақ, 67 келі салмақта Әбдіғалым Абдикарим, 75 келіде Рамазан Дауетай, 80 келі салмақ дәрежесінде Бекболат Әбдікерімнің бағы мен бабы қатар шапқан. +92 келіде қарсыластарынан оқ бойы озық болған Даниаль Сапарбай да қоржынға 4-інші алтынды салып, өңір абыройын арттырды.

Әбдісалан Нұрмаханұлы – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бокстан тұңғыш ұлттық құраманы баптаған бапкер. 1996 жылы өткен Атлант олимпиадасында ол тәрбиелеген шәкірттер үздіктер қатарында болды. Дәлірек айтсақ, Василий Жиров алтыннан алқа тақса, Болат Жұмаділов күміс медальді еншілеген. Қоланы қанағат тұтқандар қатарында Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибраимов бар. Даңқты жаттықтырушының спортшы есебіндегі жетістіктері де аз емес. Ол Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, КСРО-ның 2 мәрте күміс жүлде иегері болып тарихқа енген.

Досхан ТӨЛЕГЕНОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы