ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ

284 көрілім

Қайырымдылық ізгілік пен риясыз ниетті, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи атындағы орталық мешітте қаланың зиялы қауым өкілдері мен жанашыр жандар қатысқан қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған қайырымдылық жиынында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Қыдырәлі Рысбеков, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Мақсұт Атамбаев, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, облыстың бас имамы Ержан Төлепов, қаланың бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев және басқа да зиялы қауым өкілдері төбе көрсетті. Шаһардың құрметті азаматы Жарылқасын Әзіретберген өз кезегінде әрбір шаңыраққа жақсылық тілейміз деп үндеу жасап, жиналған жұртшылықты жақсылық жасауға шақырды.

– Түркі руханиятының астанасы Түркістан төрінде Рамазан айында әрбір отбасыға жақсылық тілейміз деген акция басталуда. Акция аясында қоғамдық ұйымдардың ұйымдастыруымен қаладағы барлық мөлтек аудандар бойынша тұрмысы төмен және аз қамтылған отбасыларға жәрдем беріледі. Бүгінгі акцияның бастаушысы, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Қыдырәлі Оспанұлының бастамасымен 28 отбасыға азық-түліктер үлестірілуде. Қайырымдылық жасау әр адамның қолынан келетін іс екенін дәріптегіміз келеді. Бұл акция дәстүрлі түрде ай сайын жалғасады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Жарылқасын Әзіретберген.

Осылайша 28 отбасының шаңырағын шаттыққа толтыруға ұйытқы болған зиялы қауым өкілдері бұл қайырымдылық шарасы алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді. Ай сайын қайырымдылық шараларын ұйымдастыру шаһар зиялыларының бұлжымас қағидасына айналатынын, келешек ұрпаққа тәрбиелік мәні бар игі шара екенін атап өтті. Мешіт имамдары жиынға келген жұртшылыққа қасиетті айда жасалатын ізгі амалдардың мәні мен маңыздылығы жайында салиқалы әңгіме құрып, уағыз-насихаттарын айтты. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген дана бабаларымыз. Осы орайда шаһар зиялыларының бастауымен өтіп жатқан қайырымдылық шарасын атқаруға алғашқылардың бірі болып ниет білдірген ағамызбен аз-кем әңгімелескен едік.

– Қасиетті Рамазан айының соңғы күндеріне тура келген бұл қайырымдылық іс-шарасын өзге де айларда үздіксіз өткізуді жоспарлап, осы бағыт бойынша жүйелі шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Бүгінгі қайырымдылық шарасы қала тұрғындарының арасында алтын көпір орнатуға үлкен мүмкіндік. Бұл игі істің әрі қарай жалғасын табуына қаланың жанашыр азаматтары, кәсіпкерлер мен меценаттар аса белсенді қатысады деп сенемін. Жаны жақсылыққа құмар әрбір жанды осы игі шараға атсалысуға шақырамын, – дейді қайырымды істің ұйытқысы болған Қыдырәлі Оспанұлы.

Мұсылманның жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық пен кеңпейілділік екені анық. Игі шарада тұрмысы төмен және аз қамтылған 28 отбасыға ұн, макарон, өсімдік майы секілді тұрмысқа қажетті азық-түліктер жиынтығы ұсынылды. Бұл акцияның ерекшелігі орталық мешітте болған қайырымдылық шарасына қаланың түкпір-түкпірінен келген отбасылардың көлікпен келіп-кетуін қамтамасыз етіп, азық-түліктерін үйлеріне дейін жеткізуге жағдай жасалғанын айта кеткеніміз жөн.

Жиын соңында қазыналы қариялар бата беріп, шараға келген ел азаматтары алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өтуіне, елге пайдасы тиетін жақсылықтар көп болуына тілектерін білдірді.

Азамат ЕРБОЛАТҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы