ДАРЫНДЫ ДЗЮДОШЫ – ДИДАР

303 көрілім

Спортқа жастайынан өз қызығушылығымен келген Дидар бүгінде биік белестерді бағындырып үлгерген спорт шебері. Ол – жастайынан қазақ туын көкке көтерген Бекзат Саттархановтай болғысы келетінін әр сұхбатында айтып келеді. Спортшының да басты мақсаты олимпиада ойындарында жеңіске жетіп, әлем алдында қазақ туын көкке көтеріп, ән ұранын шырқатсам дейді. Сол арманына жету жолында қаншалықты еңбектеніп жатқаны туралы аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз!

– Дидар, дзюдо спортына 4 сыныпта келгеніңізді сұхбаттарыңызда айтып жүрсіз. Ал сіздің осы спортқа келуіңізге кім ықпал етті?

– Иә, дзюдо күресіне 4 сыныпта келдім. Ал бұл спортқа келуіме ең әуелі асқар тау әкемнің үлесі зор болды. Себебі, әкем осы спорттан қаншама оқушы дайындап шығарған білікті жаттықтырушы. Маған дейін де қаншама балуандарды дайындағанын өз көзіммен көріп, сол алдыңғы буын ағаларыма қарап бой түзедім десекте болады.

– Спорттағы жатықтырушы және өмірдегі әкеңіздің арасында қандай айырмашылықтар бар?

– Екеуі екі түрлі адамдай болып көрінеді. Үйден шығып, жаттығу залына кірген сәттен жаттықтырушының сондай қатты, оқушыларына рух беретіндей мінезі бірден байқалады. Бұл спорт болғандықтан бұл жерде темірдей қатты тәртіп болуы шарт, сондықтан бәрі орынды. Белгілі бір биікке, шыңға шығу жолында аянбай еңбек етіп, тер төгу керек. Ал сондай кезде жаттығу залында оқушымен жаттықтырушы емес, әке мен баланың рөлін сомдасақ онда біз ешқандай шыңға шыға алмас па едік?! Сондықтан, мені осындай шыңға шығарғаны үшін, бар білгенін үйреткені үшін әкеме алғысым шексіз! Ал, спорттан бөлек күнделікті тіршілікке келер болсақ, өмірде әкем түсінігі өте мол кісі. Ең бастысы – әке мен бала болып сырласа аламыз!

– Дидар, жалпы үйде неше ағайындысыздар. Бауырларыңыз да спортқа жақын ба жоқ әлде жанұяңда осы спорт жолын таңдаған өзіңіз ғана ма?

– Отбасымызда екі ағайындымыз. Менің алдымда жол көрсетіп, жөн сілтейтін арқа сүйер ағам бар. Ағам да спорттан алыс емес. Жоғарыда айтып өткендей мен ағама қарап бой түзедім. Ағам екеуіміз осы дзюдо күресіне бірге барып, жаттығып, бірге күрескенбіз, сондықтан ол кісіні де тілге тиек ету қажет деп ойлаймын. Ағам өз кезеңінде ел біріншілігін жеңіп, спорт шебері атанған болатын. Одан кейін, денсаулығы сыр беріп спорттан алыстауға тура келді. Дегенмен, өзі күрестен алыстағанымен қазір бірнеше жас спортшыларды осы күрес түріне баулып отыр. Сондықтан, ағам жете алмаған белеске сол оқушылары жетеді деген үлкен үмітім бар.

– Спорттағы ең елеулі жетістігіңіз қандай?

– Қаншама уақыт пен маңдай тер төгіп жеткен кез-келген жетістігіміз өзіміз үшін үлкен белес болып көрінеді. Сондықтан, қандай жетістікке жетсемде шүкір етіп, сабыр қылуға тырысамын. Бірақ, өзіме ыстық болып көрінетін жеңісім, төрт жылда бір болатын Азия құрлығының олимпиадасында оза шауып, асығым алшысынан түскен сәт әлі де қуантады. Нақтырақ айтсақ 2018 жылы Джакартеде өткен Азия біріншілігінде алған алтын медалім ең елеулі жетістіктерімнің бірі болды.

– Басқа елдермен салыстырғанда қазақ спортының мүмкіндіктері қандай. Қазіргі жас спортшыларда жағдай қаншалықты жақсы?

– Жалпы қазақ спорты оның ішінде дзюдо күресіне әлемдік деңгейде жақсы дәрежеде жағдай жасалған. Қазіргі кезде спортқа қатысам, елімнің күресінің дамуына үлес қосам деген кез-келген жас спортшыға біздің еліміз жақсы жағдайлар қарастырған. Бір ғана ақсап тұрған жеріміз бар. Ол – спорт медицинасының сәл осалдығы. Әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда осы тұсымыз ғана әлсіздеу, ал, қалған жақтарының барлығы дерлік жоғары дәрежеде.

– Кез-келген спортшының арманы олимпиада ойындарына қатысу екені анық. Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындары туралы өз ойыңызды айта кетсеңіз және сол тізімнен өзіңізді көре аламыз ба?

– Иә, кез-келген спортшының арманы осы олимпиада ойындарында бақ сынап, өз елінің жалауын әлем алдында биікке көтеру және әнұранын әлем жұртына естірту. Адамда арман таусылмасы анық. Менің де ең үлкен армандарымның бірі осы олимпида ойындарының жеңімпазы атану. Әлемнің кіл мықтылары бір жерде, бір уақытта бас қосатын бұл додада мен де бақ сынап көрдім, бірақ, бабыммен бағым қатар шаппай арманыма жете алмадым. Дегенмен, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, әлі де бақ сынап көреміз. Парижде өтетін олимпиада ойындарына дайындығым жақсы сондықтан үлкен үмітім бар.

– Әр спортшының үлгі тұтатын адамы болады. Өзіңіз спортта кімді үлгі тұтасыз?

– Бұл спорт болғандықтан нақты бір адамды үлгі тұтамын деп айта алмаймын. Себебі, жеңіс пен жеңіліс қатар жүретін болғандықтан бір адамға ғана еліктеген емеспін. Әр спортшының өзіндік күрес тәсілі болады сол жағынан алып қарасақ дұрыс болады деп ойлаймын. 2021 жылы Tokyo олимпиадасының қола жүлде иегері Елдос Сметов, Азамат Мұқанов және Жансай Смағұлов сынды мықты ағаларымыздан ақыл алып, жақсы жақтарын үйренуге тырысамыз.

– Бір сұхбатыңызда жерлес ағам Бекзат Саттархановтай болғым келеді депсіз. Қазақ елінің туын көкке көтерген Бекзат ағамыздай болу үшін өзіңізге сәттіліктен бөлек не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

– Иә, өзіміздің жерлес ағамыз Бекзат Саттархановты қатты құрметтеймін. Осы ағам секілді олимпиада чемпионы болғым келеді, ол кез-келген спортшының арманы десек қателескеніміз емес. Бекзат ағамыз бір ғасырда бір туылатын адам ғой, себебі, аз ғана уақыттың ішінде олимпиада ойындарының чемпионы атану да оңай емесі анық. Ол кісідей болу үшін аянбай еңбек етіп, тер төгуіміз қажет.

– Дзюдошының жеңіске жетуіне жаттықтырушының қаншалықты үлесі бар?

– Жаттықтырушысыз алысқа шаппасың анық. Себебі, біз татами үстіне белдесуге шыққанда біздің қателігімізді, қарсыластың осал жерін бақылап, оны бізге баяндап отыратын әрине біздің бапкеріміз. Спортшы бір жеңіске жетсе оның жеңісі сол жаттықтырушының еңбегі деп ойлаймын.

– Токио олимпиадасына барғаныңыз есімізде. Жалпы, әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген спортшыларға «әділетсіздік» деген тосқауыл бар ма? Қанша мәрте әділетсіздіктің құрбаны болдыңыз?

– Дзюдо күресі жоғары деңгейдегі спорт болғандықтан, әрине, әділетсіздіктер орын алып жатады. Дегенмен, спорттың басқа түрлеріне қарағанда біздің спорт әлдеқайда әділ өтеді деуге болады. Біздің спортта ортада жүрген бас төреші ескерту қағазы арқылы әділетсіздік танытып жатады, және алаң сыртындағы төрешілер жасаған әдісіңді есепке алмай жататын да кездер болады. Алайда, осындай кедергілерге қарамастан әлем алдында өзінің мықты екенін дәлелдеп үлгерген спортшы ағаларымыз да жетерлік. Сондықтан, мұндай жағдайларды елемей жеңіске деген әрекетті жалғастырған дұрыс деп ойлаймын.

– Дидар, шындыққа толы сұхбат болды деп ойлаймын. Өзіңізге алғысым шексіз! Еңбегіңіздің жемісін, маңдай теріңіздің жеңісін көруді нәсіп етсін! Жеңісті күндерде жолыққанша!

Ержан СМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы