«ГЕНДЕР ПАТИ » НЕМЕСЕ ЖЫНЫСТЫ АНЫҚТАУ

367 көрілім

 Жаһандану заманы. Әлеуметтік желі тұтастай бір  кеңестікке адамдарды шоғырландырып, бір «хайп» көрсе ертесіне соны қайталап , тіпті, бір жерін    « майып» қылып алар ма дерсің. Сондай бас-аяғы мен мән мағынасы болмысымызға сәйкес келмейтін бір заманауи желі дәстүрі пайда болды жақында.  Иә, біріне таңсық, біріне үйреншікті үрдіс болған Гендер Пати. Ол не десеңіз ана құрсағына біткен сәбидің жыныс анықталғаннан кейін ұйымдастырылатын, соның ұл немесе қыз екенін жиналған елге, одан кейін әлеуметтік желі арқылы дүйім жұртқа жар салу.   Қызды қырық үйден тыйып, құрсақ көтерген ананы “көзден” қорғап ата-салтты берік ұстанатын біздің қазақи кеңістікке  гендер пати (gender party) сияқты дүниелер қайдан енді?

2008 жылы Лос Анджелестің 39 жастағы тұрғыны Дженна Карвунидис бірінші баланы асыға күтеді. Ол мерекелерді жақсы көреді тіпті сүйікті алтын балығының туған күніне тәтті торттар пісіретіндей дәрежеде екен. Әдеттегі күнделікті күнде Дженна достарына қоян пішіндес тортты алдарына ұсынады торттың ең негізігі ерекшелігі дәмі емес сыртындағы қызғылт және көгілдір түсті декоры еді. Бұл түстер қыз ба, ұл ма? деген сұраққа жауап беретін реңктер екен.  Дженна болашақ сәбидің жынысын дәл осылай жасырады. Тортты кескенде көгілдір түс шықса ұл, қызғылт түс жағылса қыз деп мәз болады. Карвунидис “instagram” әлеуметтік желіге сол видеоны жүктеген сәттен бастап   миллиондаған лайк жинап, мыңдаған өзінің ізбасарларын тапты. Көп ұзамай Американың түкпір-түкпірінде торттар пісіріліп,  шырақшамдар  іске қосылып, түрлі-түсті газды шарлар үрленіп тек  бір мақсатпен – салтанатты түрде баланың жынысын анықтауға көшті.

Лос Анджелестен келген бұл дәстүр біздің елдегі отбасылы жандардың әдетіне айналған. Тойшыл халыққа бұл батыстық салтқа үйрену аса қиын болмаған сыңайлы. Батыс мемлекеті не жасаса да “ә” дегеннен-ақ жұқтырып аламыз ғұрпымызға. 

Киелі Түркістан тұрғындарын бұл салт айналып өте алмаған сыңайлы. Шаһардағы мерекелік іс-шараларды безендіретін компания қызметкерінің айтуынша қазіргі таңда тапсырыстың көбі дерлік осы “гендер пати” кешінен түсетінін айтты. Ұл ма, қыз ба деген жазуы бар үлкен шардың бағасы 9500 тг болса,  180х80 көлемді баннерлер 8 мың мен 15 мыңның арасы екен. Одан бөлек қасына қызғылт және көк түсті түтін, үлкен қорап, ойын ойнатуға арналған карточкалар барлығын қосқанда шамамен 50-60 мыңның шамасына шығындалады екен. Бұл тек кештің безендіруіне жұмсалынатын қаражат, ал оның дастарханы,  музыкалық сүйемелдеуі, қонжықтардың киімі едәуір қаражатты талап ететіні мәлім.

Гендер пати дедік, қазақшасы жынысты анықтау кеші  ислам шеңберінде бұл белең алып бара жатқан үрдіс дұрыс па? Бұл тұрғыда  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты нақты пәтуәсін берген екен. “Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайып (құпия заттың) кілті бесеу. Оны Алладан басқа ешкім білмейді. Ертең не болатынын, әйелдің кімді босанатынын, жауын қашан жауатынын, кісі қай жерде өлетінін, Қиямет қашан болатынын Алладан басқа ешкім білмейді», – деген (Бұхари). Сондықтан алдын ала қуанып, тумаған балаға той жасау әбестік болып есептеледі.

Екіншіден, шариғатымызда айтылмаған, дінімізде бұйырылмаған істі істеу арқылы бидғатқа (күнәға) жол ашады. Үшіншіден, босқа мал шашып пайдасыз жиын өткізсе, ысырап жасаған болады. Төртіншіден, дінсіз қоғамның әдетін ұстанып, соларға еліктеу адамды адасушылыққа алып барады. Бесіншіден, қазақтың ғұрып әдетінде аяғы ауыр келіншек барынша көз-тілден сақтанған және өзінің жағдайын жария етуді ұят санаған.” дейді.  Ертелі кеш ұятты арлы істентыйған қазақ үшін бұл дәстүр ұрпақтарымызға аманат болып қалмай жатып, жібін үзу керек секілді.

Жазира  ЖАҚСЫБЕКҚЫЗЫ,
ХҚТУ-дің 4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы