ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРІНІҢ МӨЛШЕРІ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?

410 көрілім

Заңнамаға сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдерінің мөлшерін арттыру туралы бірқатар өзгерістер туралы тарқатып айтсақ:

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР 2022 жылғы 1 желтоқсандағы № 163-VII Заңына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап:

Айлық есептік көрсеткіш – 3450 теңге;

Ең төменгі зейнетақы– 53076 теңге;

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40567 теңге;

Ең төменгі базалық зейнетақы төлемі – 24341 теңге мөлшерінде белгіленді.

Жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алып тұрған мөлшерден 10,5%-ға арттырылды. Жаңадан жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ең жоғарғы табыс 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен (әрі қарай – АЕК) 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (189750 теңге).

Осыған орай, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде орташа табысы 46 АЕК-пен шектелген зейнеткерлердің 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тағайындалған зейнетақы мөлшеріне арттырылу жүргізілді.

Бұл жерде табысы 55 АЕК-пен есептелген зейнетақы мөлшері алып тұрған зейнетақының 10,5%-ға арттырылған мөлшерінен кем болмауы керек.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4 бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің (әрі қарай- ЕТКД) жаңа мөлшеріне пайызбен белгіленеді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл не одан аз болған, не болмаған кезде күнкөріс деңгейінің 60 пайызы мөлшерінде (бұрынғы 54 пайыздың орнына), он жылдан асқан әрбір толық жыл үшін 2 пайызға ұлғайтылып, бірақ тиісті қаржы жылына белгіленген күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан аспайтын шекте белгіленеді.

Бұл жаңадан тағайындалатын, сондай-ақ, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты.

Мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылды.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбек қабілетінен айырылу жағдайына байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлемдер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5%-ға ұлғайтылды.

Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап № 1 және № 2 Тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақы;

-жерлеуге арналған біржолғы төлем;

-бала тууына байланысты тағайындалатын және төленетін бiржолғы мемлекеттік жәрдемақы;

-бала бiр жарым жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты мемлекеттік жәрдемақы;

-«Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-20-тармақтарында қарастырылған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

-«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналарға тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы;

-бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасыларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақы мөлшері АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылды.

Сәуле КАНАЕВА,

№1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы