ӘН ТАБИҒАТЫН ЖЕТЕ МЕҢГЕРГЕН

331 көрілім

Қаламыздағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында композитор Алтынбек Қоразбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай «Елге сәлем, әнім саған таусылмайды» атты ән-керуені шарасы болып өтті. Қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қариялары, орта арнаулы оқу орнының студенттері қатысып, рухани нәрмен сусындады.

Ардагер ұстаз Зағира Мұстапаева, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төраға орынбасары Әлима Пашанова сөз сөйлеп, танымал композитордың еліміздің өнер саласына қосқан ерен еңбегі жайлы ой-пікірлерін айтты. Кеш барысында қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі композитордың «Қоштасудың қиыны-ай», «Дір етті ме жүрегім», «Туған жерім тамаша», «Әгуай домбыра», «Сағындырған 25» сынды лирикаға толы әндері шырқалды.

Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің майталман әншілері Майгүл Тұрыскелдиева Алтынбек Қоразбаевтың ән-керуенінің керуен басы – «Елге сәлем» әнін домбырамен нақышына келтіре орындаса, Ұлжалғас Шілдебаева «Менің-дағы бір аққуым бар шығар» әнін әуелете шырқады.
Алтынбек Қоразбаев – ән салтанатын, ән табиғатын жете менгерген композитор. Әндеріндегі ұлттық нақыш оған ерекше халықтық сипат берді. Әндері халыққа кең тараған. Қазақ өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан сазгер Алтынбек Қоразбаевпен мақтанып шаттанамыз. Кешке қатысқандар халықтың жүрегіндегі сағындырған әндерді тамылжыта шырқаған қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарына алғыстарын жеткізді.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы