ӨЗГЕГЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАЙ БІЛУ – ЖҮРЕКТІҢ ЖОМАРТТЫҒЫ

453 көрілім

Қайырымдылық адами қасиеттің айқын көрінісі. Мына қатігез ғаламда жүрегі жылы жандардың бар болғаны қуантарлық жағдай. Тағдыр тәлкегімен арпалысып келе жатқан бүлдіршіндерге қуаныш сыйлау парызымыз. Жомарт жандар, Түркістан қаласында 60-қа жуық ерекше қажеттілігі бар балаларға арнап, «Бір өмірдің бір күнінде біргеміз» атты қайырымдылық іс-шарасын өткізді.

Белсенділер, ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндерді Түркістанға қарасты ауыл-аймақтан жинақтаған. Олардың басын құрап, Түркістанның көрікті жерлерімен таныстырды. Осылайша қоғамнан тыс қалмауына мүмкіндік сыйлады. Аталған іс-шара «Тайқазан» қайырымдылық қоры және «Ауыл вайнері» деген атпен танылған, жас кәсіпкер Жандос Бақытұлының бастамасымен қолға алынған. Сонымен қатар, қайырымдылыққа Түркістан қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы», «Farab» әмбебап кітапханасы, «Ұлы Дала Елі» орталығы және де бүгінгі күнді керемет өнерімен әрлеген “БЕК” той ұйымдастыру орталығы демеушілік етті. Қайырымдылық акциясын «Ауыл вайнері» бастап берді, ол өз еңбегімен ашқан «Auyl» ресторанында ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-аналарына түскі ас ұйымдастырды.

«Бұрын студент кезімде бай болсам адамдардан көмегімді аямаймын, үйі жоқ отбасыларға үй сыйлаймын, я, болмаса Меккеге жіберіп қуантамын деп ойлайтынмын» , – дейді кәсіпкер Жандос Бақытұлы.

– Түркістан қаласындағы жас кәсіпкерлердің бірімін. Бұрын блогер болғанмын. Ауылда мал шаруашылығымен айналысып жүріп, мейрамхана аштым. Қайрымдылықпен айналысуды бастадым. Мүмкіндігі шектеулі, алайда ортамен араласқысы келетін көп балалар бар. Ерекше күтімді қажет ететін 60-қа жуық баланы Түркістан қаласына қарасты ауыл-аймақтардан жинаған болатынбыз. Балаларға бір күн көңіл-күй сыйлау мақсатында таңнан кешке дейін олардың жауапкершілігін өз мойнымызға алып жатырмыз. Қазір түскі ас, сонан соң жаңа Түркістанның көрікті жерлерімен таныстырамыз. Алдымен музейге экскурсия, әрі қарай концерттік бағдарлама бар. Жалпы бұл істі бастауыма бір кісі себепкер болды. Бірде, қайырымдылық жолында жүрген Қазақтың «Робин Гуды» атымен танымал ағамыз «Ауыл» ресторанына тамақтануға келген болатын. Сол ағамыз қаражат жағынан көмек беріп, қайырымдылық ұйымдастыруға ұсыныс тастады. Қысқасы, бастапқы идея, «Kazakh Robin Group» компаниясының басшысы, қайырымдылық шараларда белсенділік танытып жүрген алматылық ағамыздан болды. Содан кейін, балаларды жинап, осында алып келу жағын ұйымдастырып жүрген Төребай Асқарұлы ағамыз. Сонымен қатар, «Бек» той ұйымдастыру орталығының басшысы жеке кәсіпкер Орынбек деген бауырымыз. Ұйымдастыру жағын осы кісілер өз міндеттеріне алды. Одан бөлек демеушілеріміз де бар сол кісілердің арқасында бүгінгі күн ойдағыдай өтуде, – дейді Жандос Бақытұлы.

Ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың ата-анасы «Ұлы Дала Елі» музейін аралап, «Farab» әмбебап кітапханасында концерттік бағдарламаны тамашалады. Концертте балаларды қуанту үшін «Бек» той ұйымдастыру орталығының атынан сыйлықтар таратылды, өнерпаздар әсем әуендерін шырқап, бишілер мың бұрала би биледі. Осылайша балалардың бір күні ерекше қызыққа толы өтті. Ал, «Жастар ресурстық орталығы» қоғамдық көлік мәселесін шешіп, балаларды тасымалдау жағын өз міндеттеріне алыпты.

– Бүгінгі қайырымдылық іс-шара, жастар арасында танымал блогер әрі жеке кәсіпкер Жандос Бақытұлының бастамасымен іске асып отыр. «Ауыл вайнері» халық арасында өте жақсы бастама көтерді. Бұл игі іс, өзге де қоғам белсенділеріне, және де ағаларымызға үлгі болары сөзсіз. Алдағы уақытта осындай бастамалар көп болса екен дейміз. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету маңызды. Сонымен қатар, Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Букебаев мырзаға, қалалық полиция басқармасының басшысы Б.Жанаев мырзаға, «Farab» әмбебап кітапханасының директоры Ж.Шардарбекова ханымға, Түркістан қаласы «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінің басшысы А.Оспанов мырзаға, «Ұлы Дала Елі» музейінің директоры Г.Дүйсенбаева ханымға алғысымды білдіремін. Осы кісілердің қолдауымен бүгінгі қайырымдылыққа арналған күн ойдағыдай өтуде. Жалпы, басты мақсатымыз – балалардың бір күнін қызықты етіп өткізу. Бұл игі іс басқаларға да үлгі болары анық, – дейді «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Намазхан Қайратұлы.

Айта кетсек, қайырымдылыққа демеушілер қатарында түркістандық блогер Бақдәулет Бектұрсын да бар. Жандос Бақытұлының айтуынша, балаларға арналған кешкі асты Бақдәулет өз жауапкершілігіне алған көрінеді. Сондай-ақ, қайырымдылық іс-шара «Turan mall» ойын-сауық орталығында жалғасты, онда балаларға ерекше көңіл-күй сыйлау мақсатында түрлі сыйлықтар таратылды.

Қайырымдылықтың басты мақсаты, қоғамнан алшақтап қалған, ерекше күтімді қажет ететін балалардың бір күнін қызыққа толы өткізу болатын. Дегенмен қайырымдылық күні өз деңгейінде қуантарлықтай өтіп жатты. Оған дәлел, балаларын сеніммен алып келген ата-аналар еді. Іс-шараға туған бауырын алып келген, Түркістанға қарасты Жүйнек ауылынан арнайы келген Шәкір Нұрай ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Және де ол үшін өкінбейтінін айтып, ішкі толқынысымен бөлісті.

– Қайырымдылық іс-шараларын өткізу жыл сайынғы үрдіске айналған Ерекше қажеттілігі бар кез-келген балаға қуаныш сыйлау біздің міндетіміз. Сонымен қатар бүгінгі айтулы іс-шарамызға барынша атсалысып жатқан демеушілерімізге ерекше алғыс білдіреміз. Себебі балалардың көзінен қуаныш сезімін байқап тұрмын, ол дегеніміз біздің бастаған ісіміздің нәтижесі болмақ. Алдағы уақытта осы сынды түрлі іс-шаралар өткізетін боламыз. Бұл біздің жыл сайынғы дәстүрімізге айналды. Жыл сайын, Әмина апамыздың қарамағындағы балаларды үш күнге Түркістанға алып келіп, шаһардың кереметтерімен таныстырамыз, және бұл біздің үрдіске айналып отыр, – дейді «Тайқазан» қайырымдылық қорының төрағасы Төребай Асқарұлы.

PS. Қайырымдылық – адамилық айнасы. Сол айнадан әрбір адам өзін көргісі келетіні анық. Өзгеге жылу сыйлай білу үшін ең әуелі жүректің та-залығы маңызды. Арамызда жомарт жандар аз емес. Осындай игі істермен халық жүрегінен орын алып жүргендер қатары көбейсе екен дейміз.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы