ТҮРКІСТАН ЧЕМПИОНДАР ШАҺАРЫНА АЙНАЛСА…

388 көрілім

Футбол – миллиондардың ойыны. Осы спорт түріне қызығушылық танытып отырған жастардың қатары жыл санап артып отырғаны жасырын емес. Бүгінде кез келген адамнан аты аңызға айналған футболшылар Пеле, Месси, Роналдуды сұрасаңыз – оларды танымайтын жан болмаса керек. Қазірде қазақ футболы да қарыштап дамуда. Спорт жанашырлары мен ел ағаларының қолдауы арқасында Түркістан қаласы мен оның ауыл-аймағында да футбол даму үстінде. Оның ішінде кіші футболдың даму деңгейі жоғары екенін түркістандық футболшылардың соңғы жылдары жеткен жетістіктерінен анық аңғаруға болады.

Қаламыздағы «Фараб» кітапханасында Түркістан қаласы бойынша кіші футболдан «Әуесқой Футбол Лига» 2022 жылғы күз-қыс маусым ойындарының жабылу салтанаты және футзалдан қала әкімінің кубогіне жеребе өткізу іс-шарасы өтті. Ел ағаларымен спорт жанкүйерлері қатысқан шарада алдымен «Әуесқой Футбол Лига» ойындарының үздік голдарынан үзінді көрсетілді. Командалардың қуанышты сәттері бейнеленген видеоролик шараға қатысушылар тарапынан зор қошеметке ие болды.

Сахна төріне көтерілген қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков спорт жанашырларымен футболшыларға ізгі тілегін жеткізді. «Әуесқой спортшылар арасында футбол – бұқаралық спорттың мейлінше кең таралған, танымал түрі. Жас ұрпақтың дені сау болса, ұлтымыз әрқашан бәсекеге қабілетті болмақ. Сол себепті бүгінде мемлекет бұқаралық спорттың дамуына, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасап келеді. Бүгінде спортшыларымыз облыстық, республикалық және әлемдік деңгейдегі жарыстарда жақсы өнер көрсетіп, жоғары дәрежедегі марапаттарға ие болып отыр. Біз осы жұмыстарымызды әрі қарай жалғастыру мақсатында жаңа жобаларды қолға алудамыз. Түркістан облыс орталығы болғалы қаншама спорт сарайлары, ойын алаңшалары салынды, оған өздеріңіз куә болудасыздар. Осы жылы да қалалық бюджет есебінен біршама жұмыстар атқарылады. Соның ішінде, Октябрь Жарылқапов атындағы стадион күрделі жөндеуден өтеді және де осы әуесқой футболды ұйымдастырғалы бергі қажеттілік деп саналатын спорт алаңшалары бойынша да біршама жұмыстар жүргіземіз. Түркістан – мәдени, рухани және чемпиондар қаласы болуына атсалысуымыз қажет. Әрқашан еліміздің көк байрағы көкте желбірей берсін, спортшыларымыз алдыңғы қатардан көріне берсін, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», – деді қала басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы. Сондай-ақ, «Әуесқой Футбол Лига» ойындарының супер лига тобында 1-ші орынды иеленген «РМЗ ЖАСТАР», 2-ші орынды иеленген «ШАЛҚАР», 3-ші орынды иеленген «БАУЫРЛАР» командаларын жеңістерімен құттықтап, футболшыларды марапаттады. Сондай-ақ, супер лигада жеңіс тұғырының жоғары сатысынан көрінген «РМЗ ЖАСТАР» командасына 2023 жылы Астана қаласында өтетін «Қазақстан Әуесқойлар Футбол лигасы» ойындарына жолдаманы зор қошеметпен тапсырды.

Шара барысында қалалық мәслихаттың төрағасы Мақсат Таңғатаров та футболшыларға жүрек жарды ниетін айтып, көктем-жаз маусымында жүлдегерлер қатарында көрінген 3 команда Астанаға барып өнер көрсетсе, одан бөлек түркістандық аяқ допшылар бірінші рет Түркияда өткен Халықаралық жарысқа қатысқанын мақтанышпен жеткізді. Алдағы уақытта осы «Әуесқой Футбол Лига» ойындарын көтеру мақсатында қалалық мәслихаттың депутаттары мәселе көтеріп, қала әкімі қолдап жаңа үлгідегі жобалар жасау жоспарда бар екенін тілге тиек етті.

Футбол мерекесіне қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Базарбай Мұсабеков, қалалық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Құдияров, Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Бауыржан Жанаев, қаланың бас имамы Мұхамеджан Жұмадуллаев және «Әуесқойлар Футбол Лигасының» Түркістан қаласы бойынша директоры Нұрғали Асановтар жеңіске жеткен командалар мен спорт жанашырларына, қалада футболды дамытуға атсалысып жүрген ел азаматтарына алғыстарын жеткізіп, ізгі тілектерін білдірді.

Сондай-ақ, жиын барысында «Әуесқой Футбол Лига» ойындарының А, Б, С, Д топтарының жүлдегер командаларына арнайы алғыс хаттар, медальдар және кубок табысталды. Маусым қорытындысы бойынша «А» лигасында «FC BBB», «DOSTAR», «QAZSNAB», «Б» лигасында «QARASHÝQ», «ФЕНИКС», «FC NAMYS», «С» лигасында «21-ЖАСТАРЫ», «FC RED», «NAQYP ALTYI», «Д» лигасында «ДОСТАР», «Fc Alash 91», «ФК ШОЙМАН» командалары үздіктер қатарынан көрінген еді.

Сонымен қатар, маусым ойындарында әр топ бойынша «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік сұрмерген» аталымы бойынша ойыншылар марапаттарға ие болды. Айта кетейік, 2022 жылдың күз-қыс маусымдық ойындарына жалпы саны 80 команда, көктем-жаз маусымдық ойындарына 64 команда қатысқан.

Салтанатты шара Түркістан қаласы әкімінің кубогі ойындарының жеребе өткізу шарасымен жалғасын тапты.

P.S. Аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әбжаппар Сакен, сектор меңгерушісі Марат Асилбаевқа, бас маманы Ердаулет Асановқа, «Яссы» футбол клубының директоры Мэлс Карамысовқа, Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубының директоры Нұрлан Сыздықовтарға алғысымыз шексіз. Жалпы, денсаулықты шыңдауға бағытталған жүйелі жұмыстарды қолдау – әрбіріміз азаматтық борышымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы