А.ӘЛТАЕВ: “ТҮРКІСТАНДЫ ДАМЫТУҒА КҮШ САЛУ – БӘРІМІЗДІҢ ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ”

493 көрілім

Апта басында қаламызда «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өткен болатын. Кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевпен жолығып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Аманжол Дүйсенбайұлы, жұртшылық өзіңізді айтыс ақыны ретінде жақсы таниды. Жоғары оқу орнында ұстаздық еттіңіз, ғылым жолында жүрдіңіз. Саясатқа қадам басып, бүгінде Парламент партасында отырсыз. Ел арасында әнші, спортшылардың заң шығарушы органға келгеніне сын көзбен қараушылық бар.

Бұған не айтар едіңіз? Жалпы, осы үш жол, үштағанның қайсысы өзіңізге етене жақын?

– Иә, мен ешкімге депутат болайын дегем жоқ. Әуелі праймеризге түсіп, бақ сынап көрдім. Басым дауыспен саяси доданың мәресіне дейін жеттім. Праймеризден өтпесем де партияның резервіне іліктім. Уақыты келген кезде өздері ұсыныс жасады. Ұсынысты қабылдадым. Сөйтіп, 2022 жылы наурыз айында партия тарапынан ұсынылып Парламент мандатына ие болдым. Рас, мені елге мойындатқан айтыс өнері. Мен айтыскер ақын ғана емес, халық мүддесі үшін қай кездеде жаны күйіп жүрген Алаштың рухты азаматы ретінде саясат жолын таңдадым. Қай жолды таңдасам да, қай сүрлеумен жүрсем де басты мұратым халқыма, қазағыма қызмет ету.

– Парламент мінберінен қандай мәселелер көтеріп жүрсіз?

– Менің Мәжіліске келгеніме әлі жыл толған жоқ. Соған қарамастан, өзімді толғандырған мәселер бойынша Үкіметке, құзырлы органдарға бірнеше депутаттық сауал жолдадым. Өзім сайланған Қарағанды облысының Теміртау қаласының экологиялық мәселесі бойынша сауал жолдадым. Теміртаудағы «Арселор Миттал» компаниясының кесірінен қала халқы орасан зор зардап шегіп отыр. Лакшми Миттал иелегіндегі әлемнің 18 мемлекетінде 100-ге тарта өндіріс орны бар екен.

Сол, жалпы дүние жүзіндегі 100-ге жуық өндіріс орнынан шығатын зиянды қалдықтарының 50 пайызы Теміртау комбинатына тиесілі болып отыр. Қараңызшы! Қалған 99 компания мен біздегі жалғыз «Арселор Миттал» компаниясының атмосфераға жіберетін зиянды қалдықтары бірдей болып отыр.

Бұл нені байқатады?

Бұл инвестордың экология мәселесіне соншалықты салғырт қарайтынын, зауытқа модернация жүргізілмей, қондырғылардың әбден тозығы жеткендігін, еңбек қауіпсіздігі, техника қауіпсіздігінің дұрыс сақталмағандығын көрсетеді. Ең өкініштісі жұмысшылардың құқығы қорғалмағандығын көрсетеді! Иә, еңбек қауіпсіздігі сақталмауының кесірінен шахталардағы жарылыстан жүздеген адам мерт болды.

Экологиялық қондырғылар жаңармады, соның кесірінен бүгінде ауаға тарайтын зиянды қалдықтар белгіленген нормадан бірнеше есе асып түсіп отыр. Теміртау қаласында қалдықтардың нақты көлемі 2021 жылы – 243 мың, 2020 жылы 242 мың тонна деп көрсетілген. Алайда, бұл статистика шындыққа сәйкес келмейтіндігін мәлімдедім. Нақты негіздемеге құрылған дәлелді тұжырымдармен көрсете отырып, Теміртаудағы өндіріс орнына сараптау жүргізіп, шынайы ақиқатты ашып көрсететін тәуелсіз экологиялық аудит жүргізуді талап еткен депутаттық сауалымды Үкіметке жолдадым.

Нәтижеде «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына кешенді тексеріс жүріп жатыр, тексеріс нәтижесінде компания қожайынын бұл мәселелерге жауапкершілікпен, тиянақты ­­қарайтын болады деп ойлаймын.

– Сенімдісіз бе орындалатынына?

– Иә, сенемін. «Арселор Миттал» компаниясы біздің мемлекеттік мүддемен, халықпен санасатын болады, не талап одан да қатал болады. Үкіметтен осы мәселенің ара-жігін ашуға байланысты талап қойылды. Ендігі кезекте әділеттілік орнауы керек. Бұл мәселені ұзын арқан, кең тұсауға салмай тезірек шешуді Үкіметтің, тиісті министрліктердің құзыреттілігін пайдаланып, оң шешуін, біздер депутаттар талап етіп жатырмыз. Мәселе шешіледі деп сенемін. Сонымен бірге, ғылым мен білім саласына депутаттық сауалдар жасадым.

Оңтүстік Қазақстан университетіне және Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы университетке, Ақтөбе университетіне Ұлттық мәртебе беру жөнінде ұсыныс жасап, депутаттық сауал жасадым. Өйткені, өңірлердегі ғылым-білімді дамытпай қоғамды дамыту мүмкін емес. Алдағы уақытта, сайлаудан абыроймен өтіп, қайта сайланар болсақ, алға қойған мақсаттарымыз жеткілікті. Өзім өнердің өкілі болғандықтан мәдениет саласына жіті назар аударамын. Сол кісілердің мүддесін қорғап, Үкіметке арнайы сауал жолдағым келеді.

Өйткені Мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы қорғалмаған, еңбекақысы өте төмен, қордаланған, шешімін күткен мәселелері баршылық мәдениет саласында. Сондықтан, бірінші кезекте Үкімет мәдениет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, мәселелерін шешуі тиіс. Осы тарапта ұсыныстар көтеремін, ықпал етуге тырысамын.

– Сізді жалпы, Азамат ретінде не мәселе толғандырады?

– Мені өнердің, ғылым мен білімнің өкілі ретінде, руханияттың өкілі ретінде, саясатқа жаңа қадам басқан тұлға ретінде толғандыратын мәселе көп. Ең бастысы ел Тәуелсіздігін қорғау жайы ойландырады. Тәуелсіздігімізді қорғау бәріміздің Азаматтық борышымыз. Меніңше еліміздің әрбір саналы азаматы Тәуелсіздікті қорғауға даяр болуы парыз, осы ретте елдің мемлекеттік-ұлттық санасын ояту, отаншылдық, мемлекетшілдік сана қалыптастыру басты мәселе деп ойлаймын. Осы жолда қызмет етуге даярмын.

– Демек, Әділетті Қазақстан тұжырымына сенесіз ғой?

– Иә, сенемін. Бұған әрбіріміз сенуіміз керек деп ойлаймын, және де «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы өзінің алғашқы жемісін бере бастады.Оны көргісі келмейтіндер көп, әрине. Бұған мысал ретінде Президенттің жүзеге асырған бірнеше бағыттан тұратын саяси реформаларын айтсақ та болады. Қаңтар оқиғасы неден туды? Халық пен биліктің арасында диалогтың болмауынан, мемлекетті бір әулеттің меншіктеп алуынан болды.

Жоғары билікте белгілі кландық топтардың қалыптасуынан болды. Яғни, 162 олигархтың мемлекеттің, ұлттың байлығын меншіктеп алуынан болды. Халықтың мұң-мұқтажын, жанайқайын биліктің естімеуінен әлеуметтік мәселелер себеп болып, қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалғаны баршаға аян.

Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру кешегі ескі жүйенің кемшілігінен сабақ алудан басталады. Болашақта Жаңа Қазақстан қалыптастырамыз десек ескі жүйеде жіберіп алған қателіктерімізден сабақ алуымыз керек.

– Қазір, халықтың қазынасынан шетелдерге заңсыз кеткен активтерін қайтаруға нақты қадамдар жасалып жатыр. Бұл жұмыстар конситуцияға, заңға өзгерістер енгізу арқылы іске аса бастады. Кезінде латифиндустирге жосықсыз беріліп кеткен жерлердің 5 млн гектарға жуығы мемлекет иелігіне қайтарылды. Не болмаса, заңсыз шығарылған 200 млрд-тан астам активтер мемлекетке қайтарылды. Бұл басы ғана. Алдағы уақытта осы 30 жыл ішінде Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражаттарды қайтаруға орай жұмыстар нәтижелі жалғасын табады. Референдум арқылы Конституцияға өзгеріс жасау арқылы супер президеттік жүйеден, президенттік жүйеге көштік.

Сол арқылы бұдан былай Президент қатарынан 2 мерзімге сайлана алмайды, президенттің туған-туыстары мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік секторда басшылық етуге заңмен тыйым салынды. Міне бұл өзгерістің басы. Әділетті Қазақстан қалыптастырудың нәтижелі қадамы. Қазіргі мемлекет саясатында «Күшті Президент, ықпалды парламент, халық үніне құлақ асатын Үкімет» қағидаты негізге алынып отыр. Алдағы уақытта Президенттің біраз құзыреттері тиісті басқару институттарына бөлініп беріледі, соның ішінде Парламенттің ықпалы артатын болады. Яғни, Үкіметтің жұмысына бақылаушылық функциясы күшейеді.

Бұрын басты заң шығарушы орган Сенат болса, қазір заң шығарушы Мәжіліс, Сенат оны мақұлдайды. Мұның барлығы да алдағы кезеңде мемлекетіміздің дамуына оң ықпалын тигізетін болады. Конституциялық Соттың қайтадан құрылуы, Адам құқығын қорғау өкілі туралы заң, Прокуратура туралы заңның конституциялық мәртебе алуы т.б. толып жатқан жаңа бастамалар қоғам дамуына серпін болады деп сенемін. Десек те, бұл үлкен істердің басы ғана. Алдағы уақытта Әділетті мемлекет, парасатты қоғам қалыптастыру үшін атқарылар жұмыстарымыз өте көп.

– Түркістан һәм Түркістан руханияты туралы пікіріңізді білсек.

– Түркістан ­­­­- дала данышпандарының ізі қалған, түркі жұртының құты қонған, ғылымымыз, біліміміз және мәдениетіміздің қастерлі қарашаңырағы әрі саяси орталығы. Түркістан – тек қана Қазақстанның рухани астанасы ғана емес, иісі түркі жұртының қара шаңырағы деп танимыз. Солай айтамыз. Алайда, іс жүзінде сол мәртебеге жетуі үшін бүгінгі кеңес барысында көтерілген көп мәселе шешімін табуы тиіс. Алда бірлесіп атқаратын көп жұмыс іске асуы керек. Түркі жұртының қара шаңырағы, рухани орталығына айналуы үшін бір мемлекеттің талпынысы жеткіліксіз.

Түркістанда үлкен-үлкен жобаларды бірлесіп атқаруға пейілді болуымыз шарт. Түркі халықтары бас қосып келелі кеңестер өткізіп, алдағы уақытта Алла қаласа, түрколог ғалымдардың жиі бас қосатын, этнографтардың тоқайласатын тұсы да осы жер болмақ. Қаламгерлер мен әдебиетшілердің ортақ жобалары, тіпті түркі елдері медиа қызметкерлерінің ортақ алаңы болып, бір-бірімен ықпалдаса жұмыс істеп, ортақ бір кеңістігін құрып, көкжиегі кеңейе түсуі керек деп ойлаймын. Сондықтан атқаратын жұмыс ауқымды.

Бүгінгі кеңесте зиялы қауым өкілдерінің айшықты ойларын тыңдадық. Проблемалар ашық айтылды. Біз жинақтап, Орталық деңгейде шешуге үлесімізді қосамыз. Кеңестің басты мақсаты да осында. Өңірді әрі қарай дамытуға күш салу бәріміздің ортақ міндетіміз. Алла қаласа, рухани астанамыз – мәдениеттің, өнердің, ғылым мен білімнің, саяси ордамыздың төріне айналып жан-жақты кемелдене берсін!

– Рахмет, өзіңіз де сайлаудан абыроймен өтіп, парламент мінберінен көрініп, елге қызмет етуге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан:

Әтіргүл ТӘШІМ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы