АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫН АЛҒАШҚЫ ЖАРНАСЫЗ АЛУҒА БОЛАДЫ

1  283 көрілім

Есімхан алаңында әрқайсысының құны 14млн 800мың теңгені құрайтын тоғыз бірдей трактор өзінің жаңа иелеріне берілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Нұржігіт Мырзахметов шараға арнайы қатысып, шаруа қожалықтарының еңбектеріне табыс тілеп, көлік кілтін салтанатты түрде табыстады. Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлініп, ауқымды мемлекеттік қолдаулар да көрсетіліп келеді. Бүгінгі шара осы сөзімізге дәлел. Олай дейтініміз енді өңіріміздің шаруалары ешқандай алдын ала төлемсіз жаңа тракторларға оңай қол жеткізе алады. Мәселен, қаржы институтында жобаңыз мақұлданса сіз төлеуге тиіс 25 пайыз алғашқы жарна мемлекет тарапынан субсидия ретінде төленеді. Қалған соманы алушылар 7 пайыз үстемемен 5 жыл ішінде бөліп қайтарады.
Қазіргі таңда аймақтарымыздағы техника парктерін жаңалау көзделіп отыр. Бұл дегеніңіз жылдан жылға егіс пен суармалы жерлерді ұлғайтуға сеп болмақ. Ағымдағы жылдың басынан бері 289 бірлік техника сатып алынып, 491,0 млн теңге субсидия бөлінген. Осы бағытта Түркістан облысында орналасқан «Kaz Kioti» ЖШС облысымыздың техникаларын жаңалауға өз үлесін қосып келеді. 2016 жылы Оңтүстік Кореялық Hyundai және Daedong компаниясымен бірлесіп өз жұмысын бастаған зауытқа осы күнге дейін 150 дана трактор өндіруге тапсырыс келіп түскен. Қазірдің өзінде 30-ы дайындалып бүгін 9 данасы халық игілігіне берілді. Мамандар жыл соңына дейін көрсеткішті 300-ге жеткізуді жобалап отыр. Мұнда Kaz Kioti rx7620c-Au – 76л және px1002pc-AU – 100л сынды ауыл шаруашылығына арналған екі түрлі трактор мен оның 30-дан астам аспалы құрал-жабдықтары (соқалар, дискілер, тармалар, нақыштар) өндіріледі. Бағасы алушыға тиімді тіпті, Ресейдегі дәл осы техника мен салыстырмалы түде алатын болсақ екі есеге арзан әрі оған қол жеткізу де көп қиындық тудырмайды. Себебі мекеме халықтың пайдасы үшін «Агро Финанс KZ» ЖШС лизингтік компаниясын ашты. Онда ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен бастапқы жарна төлемей-ақ трактор иесі атануға жол ашылып отыр. Ол үшін салық пен банктерден қарыз болмай, несие тарихыңыз дұрыс болса болғаны. 
Бүгінгі жиынға арнайы келгендердің бірі Али Исабеков. Жетісай ауданы Қызылқұм ауылдық округіндегі «Тункатар» өндірістік кооперативінің басшысы. 1996 жылы құрылған шаруа қожалық 18 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Біз Үкіметтің беріліп жатқан жеңілдіктерін пайдаланып жеті тракторға тапсырыс бергенбіз, соның қазір үшеуін алайын деп отырмыз. «Kaz Kioti» тракторларын көріп бақылап жүргенімізге үш жылдай уақыт болды. Басқа техникалар мен салыстырғанда айырмашылықтары көбірек. Ат күші мұнда көптеу, әрі шаруаларға тиімді жанар-жағармайды өзгелеріне қарағанда 30-35 пайызға аз жұмсайды. Сонымен қатар, игеруші механизаторларға барлық жағдай жасалған, мысалы сырттағы дыбыс ішке естілмейді, оның үстіне ыстық күнде жұмыс жасайтын жандар үшін арнайы желдеткіш орнатылған,- деді кооператив басшысы Али Исабеков. 
Орынбек Қасымбеков,
«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы