АЛТЫН ҚҰРСАҚТЫ АНА

365 көрілім

Әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы – ана. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың асылдығында шек жок. Мынау ғажайып өмір де аналарымызбен мәнді, шуақты. Угилпоча Мажитқызы да құрсағына он бір бала сыйдырып, кеудесіне «Алтын алқа» тағынған осындай аналарымыздың бірі.

Угилпоча Мажитқызы 1946 жылы 1 қазанда Түркістан қаласында дүниеге келген. 19 жасында Азат Хайтметовке тұрмысқа шығып, Қосмезгіл ауылына келін болып түседі. Құдай қосқан қосағы екеуі өмірге Мехринса, Нұринса, Мариям, Бахадыр, Махтуна, Надыр, Ділмұрад, Манзура, Наргиза, Бахтияр, Дияра есімді 11 ұл-қыз әкеліп, оларға өнегелі тәрбие береді. Бүгінде 4 ұл ұясына, 7 қыз қиясына қонып, әрқайсысы бір-бір үйдің шамшырағын жағып отырған отбасы иелері. Өмірлік серігі Азат Хайтметов 2005 жылы қайтыс болыпты.

– Осы қарашаңыраққа 1965 жылы келін болып түстім. Бүгінде 60 жылға жуықтапты. Қайыненем Хадиша өте жақсы жан еді. 1981 жылы өмірден озды. Мен колхозда мақташы болып еңбек еттім. Баланы да тудым, еңбектен де қалмадым. Қайыненемнің жаны жәннатта болсын. Балаларға бас-көз болып, қарап отыратын, – дейді ардақты ана.

Угилпоча апаның бір қызы Кентау қаласына, одан басқа алты қызы ауылға тұрмысқа шығыпты. «Қызың өссе өрісің кеңейеді» дегендей, өрісінің кеңейгені емес пе, бүгінде қыздары да көп балалы ана атанып, алды немерелі болуда. Айтайын дегеніміз, біз барғанда үшінші қызы Мариям келіп, анасының жағдайын сұрап, өбектеп тұрғанына қызыға қарадық. Қолдағы ұлы Бахтияр мен келіні Динара да апаларының бар жағдайын жасап отырғаны көзге ұрып тұр. Осы тұста оларды әңгімеге тарттық.

Мариям, апаның қызы: – Анамыз бізді аялап, қамқормен өсірсе, бүгінде 11 ұл-қызы да анамызды қолымызға сап аялап, құрметтеп отырмыз. Қарашаңырақтағы інім мен келініме үлкен рахмет айтқым келеді. Әсіресе, анамызға бізден гөрі көбірек қарап, қас-қабағына кірбің шалдырмй отырған келінім Динараға құрметпен қараймыз. «Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді» дегендей, анамызға көрсеткен қамқорлықтары Алладан еселеніп қайтсын, ұл-қыздарының рахатын көрсін інім екеуі.

– Апам нағыз еңбектің адамы болған. Қазір қартайған соң күнделікті күтімін жасап отырамын. Апам мейірімді, кең пейілді жан. Апамды туған анамдай жақсы көремін, – дейді, келіні Динара.

«Алтын алқа» медалін иеленген Батыр ана бір мезгіл демалып келуге 2016 жылдың мамыр айында құжаттарын тиісті сала мекемесіне өткізгенімен күні бүгінге дейін жолдама ала алмапты. Еңбек ардагері әрі алтын құрсақты ана жолдаманың неге берілмей жатқанын сұрағанында мекеме қызметкерлерінің немқұрайлы қарап, дөрекі жауап бергеніне өкпелі екенін, жылына бір мезгіл демалып келуіне мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге қол жеткізе алмай отырғанын ашына жеткізді. «Алланың берген ұл-қыздарым аман-есен болсын. 11 ұл-қызым жіберіп тұрады демалыс орнына», – деп өзін жұбатқан Угилпоча апаның көпбалалы аналарға берілетін жеңілдіктерге қол жеткізеді деген сенімдеміз. Оған тиісті сала атсалысады деген ойдамыз.

Иә, «Қариялар – қазынамыз» деп айтып жатамыз. Ендеше, қарияларымызға құрмет көрсету парызымыз екенін ұмытпайық. Біз де зерделеп көрсек, Угилпоча апа құжаттарын 2016 жылы өткізген болса, ол тұста Шорнақ ауылы Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарайтын. Одан кейінгі жерде қаншама өзгерістер орын алғаны белгілі. Алдымен, Түркістан қаласы облыс орталығы атанып, бұрынғы 12 ауыл округі Кентау қаласына қарады. Ал, 2021 жылдан бастап жаңа Сауран ауданы құрылып, орталығы Шорнақ ауылы болды. Ендеше, Сауран аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі көп балалы ардагер аналардың тізімін алып, оларға мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді қарастырады деген сенімдеміз. Соның ішінде ардақты ана Угилпоча Хайтметованың бізге айтқан өтініші де қараусыз қалмай орындалса нұр үстіне нұр болар еді.

Угилпоча Мажитқызы өмірге әкелген 11 ұл-қызының қолдауының арқасында 2011 жылы Мекке Мәдинеге барып қажылық парызын орындапты. Алтын құрсақты ана бүгінде осынау ұл-қыздарынан 46 немере, 18 шөбере көріп отыр. Шөберелерінің қолынан май жалап, су ішкен алтын құрсақты ана отбасылық бақытты ең басты құндылық деп біледі. Ол ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің амандығын, елдің тыныштығын әр сәт сайын тілеп отырады.

Ләззат САРЫБАЕВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы