ЕЛ КЕЛЕШЕГІ – ЖАСТАРДА

461 көрілім

Болашағын ойлаған халқымыз «Асыл тастан, ақыл жастан» деп әрдайым жастарға үлкен сенім артып, олардың алдағы күндерге деген құлшынысына қанат бітіріп отырған. Осынау ұлағат егемендік алған жылдары құлашын кеңге жайып, жастардың бүгінгі күн мен болашаққа сеніммен қарауына, сөйтіп жан-жақты жарасымды жетілуіне кең жол ашты.

Оның үстіне Елбасымыздың «Біздің болашағымыз – жастар» деген жалынды сөзі мен ерекше аялы қамқорлығы жастардың жігерін ұштап, олардың әрбір істе биіктерден көрінуіне серпін берді.

Бүгінгі таңда, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы қала жастарын, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студент жастарын көптеп тарта отырып, оларды патриоттық рухқа тәрбиелеу, имандылыққа баулу бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Соның арқасында жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа баулу, олардың рухани мәдениеттерін арттыру сияқты мұратты істерде бірқатар жетістіктерге жетуде. Сондай-ақ, олардың азаматтық бастамаларын іске асыруда белсенділіктерін көтеру бағытында да іс-шаралар ұйымдастырылып, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына игі қадамдар жасалып келеді.

Жастарымыздың ұлтымыздың тарихын біліп, озық салт-дәстүрін біліп, меңгеруі аса қажет. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілерсің», – деген қанатты сөз бар, тәрбие талбесіктен басталады. Тәрбиеге сәби кезінен мән бермесең, орта жолда түзеу екіталай.

Бұрынғыдан қалған тәжірибеге сүйенсек, бала-бақша, мектеп пен ата-аналардың байланысына көп көңіл бөлінуі өте қажет. Әсіресе, сынып жетекшісімен, бала қызығатын пән мұғалімдерімен өте тығыз байланыс керек. Бұл мәселелер жөнінде айтпағымыз, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың тығыз байланыста болуы абзал. Мүмкіндігіне орай, мектептегі ата-аналар жиналысына әсіресе, оқу жылы басталарда немесе оқу жылын қорытындылау жиналысына қоғамдық ұйымдардағы тәжірибесі бар кісілер қатысып тұрса, пайдасы мол деп білемін. Бұл мәселеге әкімдік тарапынан тереңірек мән береді деп сенеміз.

Келдібек ТҰРҒАНБЕКОВ,

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы