ЕЛІМІЗДІҢ ҚАЙТА ДАМУ КЕЗЕҢІНЕ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

1  499 көрілім

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың келісім алу үшін Парламенттегі барлық саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың пікірлерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне еліміздің Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Асқанұлы Смайыловты таңдап, ұсынғандығын және Мәжіліс депутаттарының бұл ұсыныс бойынша дұрыс шешім қабылдағандарына қолдау білдіремін.
Жаңа Премьер-министр бастаған жаңа Үкіметіміз өткен қателіктерден тиісті қорытынды шығарып, еліміздің экономикасын, халқымыздың әл-ауқатын көтеруге жаңа серпінмен кірісіп, осы бағыттағы Президент қойып отырған талаптарды жүзеге асырады деп сенемін. Президент өз сөзінде қаңтар айының басында экстремизм мен терроризм бағытындағы топтардың жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру арқылы мемлекеттік төңкеріс жасау пиғылындағы іс-әрекеттерінің салдарынан еліміздің аумағында орын алған қиын-қыстау кезеңнің артта қалғанын, қоғамда әртүрлі арандатушылық өсек-аянның орын алып жатқандығын, оларға тек шындық ақпарат арқылы жауап беру қажеттігін, еліміздің конституциялық құрылымына қауіп төнген шақта заңды көмек сұраудың нәтижесінде Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты Ұйымының шектеулі бітімгершілік күштерінің көмекке келгендігін және бұл күштердің өз міндеттерін толығымен орындауына байланысты екі күн мерзімнен соң ел аумағынан он күн ішінде кезең-кезеңмен шығарылатындығын айтты.
Сонымен қатар, Президент осынау қиын уақытта мемлекеттік органдардың тарапынан орын алып отырған көптеген кемшіліктердің беті ашылғандыгына, оқиғалар бойынша жан-жақты тексерулер мен тергеу амалдары жүргізілетіндігіне, осындай жағдайды туғызған барлық себеп-салдарлары және кінәлілер анықталып қолданыстағы заңға сәйкес жауапқа тартылатындықтарына ерекше назар аудара отырып, қаза болған барлық азаматтардың отбасыларына, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілетіндігін, еліміздің экономикасына, бөтеннің мүлкі мен елді мекендердің инфрақұрылымына келтірілген орасан залалдың тез арада қалпына келтірілетіндігін, сөйтіп Қазақстан одан әрі өркендеу мен даму жолына түсетіндігін атай келіп, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, діни экстремизмді жоюға, шекара қызметінің жұмысын нығайтуға, республикадағы күштік құрылымдардың материалды-техникалық базасын күшейтуге, олардың саны мен сапасын арттыруға, мемлекеттік органдардың, әсіресе еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті күштік органдардың өзара байланысы мен іс-қимылдарының пәрменділігін арттыруға бағытталған мәселелердің тез арада шешімдерін табатындығын шегелеп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ел өмірінің барлық саласындағы олқылықтарды нақты атап көрсете отырып, еліміздің күш-қуатын, қоғамдық тәртібі мен ұлттық қауіпсіздігін, экономикасын, халқымыздың әл-ауқаты мен тұрмыстық жағдайын арттыру бағыттарын, яғни еліміздің басына туған қиындықтарды жеңе отырып, қайта даму кезеңіне қарыштап қадам басуына бағдар беріп отыр. Еліміз бен жеріміз аман болсын, халқымыздың тыныштығы бұзылмасын, бірлігі мен ынтымағы нығая берсін!
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы