ТӘУЕЛСІЗДІК – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ

3  034 көрілім

Тәуелсіздік – халқымыздың асыл мұраты, төзімділік пен қайсарлықтың өшпес белгісі. Қазақ халқы үшін 16 желтоқсан тәуелсіздік күні – ең айтулы мереке болып табылады. Себебі, дәл осы күні Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялап, шекарасын белгілеп, дүние жүзі картасында айшықты түрде орын алды. Қазақ елі 30 жыл аралығында дәстүр мен сананы жаңғырта отырып, дербес мемлекет ретінде барша әлем жұртына танылды. Тарих қойнауына зер салатын болсақ, тәуелсіздік жылдарындағы елеулі де еңселі жетістіктеріміздің қатарына: мемлекеттік рәміздеріміздің қабылдануын, ата-заңымыздың жариялануын және ел тізгінін ұстар көшбасшымыздың тағайындалуын жатқыза аламыз.

Халқымыздың әл-ауқатын жақсартып, еліміздің экономикасын көтеріп, еркіндігімізді нығайту жолында Тұңғыш Президентіміз – Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесі зор екендігі баршамызға мәлім. Н.Ә.Назарбаев ел жастарымен болған кезекті бір кездесуінде «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл намысшыл, жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады», – деген еді. Демек, көреген көшбасшымыз әркез ел бірлігін арттырып, жастарымызды Отансүйгіштікке баулуды басты мақсат етті. Елбасымыздың әр Жолдауы ХХІ ғасыр жастарына рух берді десек те болады. Бүгінгі таңда, дана халқымыздың саналы ұрпақтары заман талабына сай технологиялық жобаларды ойластыру арқылы еліміздің гүлденуіне септігін тигізіп жатқандығын байқай аламыз. Қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті мақаласын мұқият зерделей отырып, тәуелсіздіктің құнды асыл мұрамыз екендігін, оның қоғамымыз үшін өзектілігін атап өтуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің міндетіміз – гүлденген және қуатты Қазақстанды болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыру», – деп нақты айтты.

Қазақстандағы білім мен ғылымның қасиетті де киелі ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болып табылады. Университет, өз қызметін өткен ғасырдың 1934 жылы бастаған болатын, алайда ол кездегі атауы мүлдем басқаша еді. Тәуелсіздік алысымен ұлттық университетімізге қазақша атау берілді. Жалпы, биылғы жылғы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына байланысты көптеген шаралар, байқаулар өткізіліп жатыр.

ХХІ ғасыр адам баласының жаһандану кезеңіне аяқ басып, әлемді жаңарту бағытында көптеген ғылыми өзгерістерімен таңдандырып жатқандығы сөзсіз. Осы тұста, ХХІ ғасыр білімді жастардың ғасыры екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіземіз. Мұхтар Әуезов: «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін нәрсе – білім», – деп айтқандай, біздің алға қойған мақсатымыз – өткенімізді білетін, бүгінді түсінетін, ертеңімізге сеніммен қарайтын тұлға болып қалыптасу. Қазақстан Республикасының алға қойған ең үлкен мақсаты – 2050 жылға қарай мемлекетіміз әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу болып табылады. Ол үшін әрбір жас ұлан өз елінің өркендеуіне, қарыштап өсуіне атсалысуы тиіс. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деп, еліміздің Тұңғыш Президенті айтып кеткендей, кең байтақ өлкемізді қастерлеп, құрметтеу барлығымыздың басты – парызымыз!

А.ОТАРБАЕВА,

Д.БАЙТУКАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушылары.

А.АБДУЛЛА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Халықаралық құқық мамандығының 4-курс студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы